Accessibility links

Сталин Әлихан Бөкейханның соңына 1922 жылдан бастап түскен


Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов, Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов, Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Советтік Қазақстанның бірінші басшылары алғашында Әлихан Бөкейханды жазалаудан құтқарып қалғысы келген. Жаңадан табылған құжаттар осыны дәлелдейді. Бұл құжаттардың арасында Иосиф Сталиннің құпия жеделхаты да бар.


ЖАЛҒАН РАҚЫМШЫЛЫҚ

Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы халықтық кеңесінің бұрынғы төрағасы Әлихан Бөкейхан (Бөкейханов) 1920 жылы біршама уақыт бостандықта болған. Бұған Ресей әлеуметтік-саяси тарих мемлекеттік мұрағаты (РӘСТММ) ұсынған жеті құжаттың біреуінің көшірмесі дәлел бола алады. Бұл – РКП(б) Орталық Комитеті Саяси бюросының 1920 жылдың 8 наурызындағы «Әлихан Бөкейхановты Совнарком мәжілісіне шақыруы туралы» хаттамасының көшірмесі.

Қалған алты құжатта әңгіме негізінен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы көсемінің тұтқындалу жайы мен себептері туралы болады. Бұл құжаттардың бір бөлігіне кезінде «аса құпия» деген таңба басылған.

Осы бір мұрағат құжаттарына қарағанда, Әлихан Бөкейхан 1922 жылдан 1937 жылға дейін кем дегенде үш рет тұтқынға алынған. Ал енді Қазақстанның сол кездегі басшылығына қарсы куәлік алу үшін, әсіресе ол Мәскеудегі коммуналдық пәтерде үйқамағында отырған 1927 жылдың қазан айынан 1937 жылдың шілде айына дейінгі уақытта кезекті тергеуге алу үшін оны қанша рет уақытша ұстағандары бір құдайға ғана аян.

Бұлардың барлығы сонау 1919 жылы «Алаш» партиясы мен Алашорда автономиясының барлық басшыларына, белсенділеріне және мүшелеріне рақымшылық жариялаған РКП (б) ОК-нің қаулысына қарамастан болған жағдай еді.

Атап өтетін бір жайт, бұл тарихи құжаттардың кейбіреулері өзімізге белгілі ХХ ғасырдың басындағы қазақтардың қанды тарихына қосымша деректер беруімен бірге кейбір жаңа сауалдар да туындатады.

Мысалы, РКП(б) ОК Саяси бюросының 1920 жылғы 8 наурыздағы хаттамасының көшірмесінде: «Ертең Совнаркомда Брюханов жолдастың қатысуымен Қырревком мүшесі Бөкейханов жолдасты шақырып, тыңдау керек», – делінген.

(Азаттық радиосының анықтамасы: 1917 жылғы төңкеріске дейін қазақтарды «қырғыз-қайсақтар» немесе «қырғыздар», ал қазіргі қырғыздарды – «қара-қырғыздар» деп атаған. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында да қазақтарды «қырғыздар» деп атап келген. Сондықтан республика алғашында Қырғыз республикасы деп, тиісінше Қырғыз революциялық комитеті – Қырревком деп аталған. 1925 жылы советтердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде қазақтар өздерінің тарихи ұлттық атауына ие болып, республиканы Қазақ республикасы деп өзгерткен.)

Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Хаттама көшірмесінде жазылғандай «Алаш» көсемі Қырревком мүшесі болды ма? Қазақстанда совет өкіметін орнату тарихынан белгілісі Алашорда автономиясы жоғары басшылығы арасынан тек Ахмет Байтұрсынұлы ғана (Байтұрсынов) Қырревком құрамына енген. Жоқ, әлде бұл құжатта әңгіме Батыс Қазақстаннан шыққан Шыңғыс ұрпағы Ғабдол-Хамит Бөкейханов туралы болып отыр ма? Ол да 1920 жылдардың басындағы советтік Қазақстан басшыларының бірі болған.

Бірақ, Мәскеуде 2009 жылы басылып шыққан «Ресей империясының Мемлекеттік Думасы: 1906-1917. Энциклопедия» атты кітаптағы Әлихан Бөкейхан туралы библиографиялық анықтамаға сәйкес, Қырғыз-Қазақ АССР-інің 1920 жылғы құрылтай съезінен соң қазақтардың көсемі «әкімшілік және шаруашылық жұмыстарында» болған.


АЛҒАШҚЫ ТҰТҚЫНДАУ

РӘСТММ ұсынған екінші құжат – Түркістан Орталық атқару комитеті (ТурЦИК) төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов пен Түркістан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталиннің атына жолдаған жеделхаты. Жеделхат Ташкенттен жіберілген.

Мән-жайдың барлығын жеделхат мәтінінің өзі-ақ айтып тұр (мәтін аздаған түзетулермен жарияланып отыр):

«Мәскеу РКИ ОК Сталинге. Ташкенттен. Қырреспубликасы басшыларының өкімімен 14 қазанда Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов тұтқындалған. Алашордашыларға рақымшылық беру жөніндегі декретті, совет өкіметінің Қырғызияның жергілікті бұқара халқымен әлсіз байланысын, Қырғызия советтері соңғы съезінің жұмысының нәтижесінде пайда болған ахуалды қаперге ала отырып, сонымен бірге бұл хабардың халық расында дүрбелең туғызуы мүмкіндігін ескере отырып, егер оның тұтқындалуына негіз жоқ болса, Бөкейхановтың тез арада босатылуына Сіздің араласуыңызды сұраймыз. ТурЦИК төрағасының орынбасары Қожанов, Совнарком төрағасы Рысқұлов».

Осы жеделхатты оқи отырып советтік Қазақстанның – сол кездегі Қырғыз және Түркістан АССР-інің басшылары Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды негізсіз қудалау мен тұтқындаудан арашалау мақсатында қолдарынан келгенінше әрекеттенгенін байқаймыз. Және ең бастысы, олардың келтірген дәйектері Кремльде назарға алынған. Бұған РӘСТММ қорындағы келесі құжаттар дәлел бола алады.

Оның біріншісі, РКП (б) ОК Хатшылығының 1922 жылғы 2 қарашадағы мәжілісінің хаттама көшірмесі. Хаттаманың 39 бөлімінде ҚырОбКом мен ГПУ-ден Әлихан Бөкейхановтың тұтқындалу себебін сұрау жөнінде айтылған. Екінші құжат, осы сұрауға ҚырОбКомнан оның хатшысы Коростылев деген әлдебіреудің «қатаң құпия» деген таңбамен 1922 жылдың 11 қарашада қайтарған жауабы.

Белгілі тарихи фактілер мен деректерді ескерер болсақ, бұл құпия жеделхатта қазақ ұлт көсемінің тұтқындалуының дұрыстығын дәлелдеу үшін Коростылевтің келтірген дәйектері түгелдей ойдан шығарылған, өтірік. Бірақ өткен ғасырдың 20-жылдарындағы советтік жазалау жүйесінің жұмыс істеу тәсіліне барынша сай келеді. Енді осы жеделхатты оқып көріңіз:

«Мәскеу. ЕРКАПЕ ОК-не. Қатаң құпия. Бөкейхановтың тұтқындалуына оның ҚЦИК
Әлихан Бөкейханның атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.
өкімдеріне жүйелі түрде бағынбауы, Түркістанға қашу ниеті, қырғыз жастарына іріткі салып болған, Моңғолиямен байланысы бар Семей губерниясындағы Алашорда бөлімдерінің ыңғайға көнбеген басшыларын жоюмен байланысты болды. №75. Қыробком хатшысы /Коростылев/. 11 қараша, 22 ж. Орынбор қаласы, Советская көш. №37. «ҚырОбКом».

ҚырОбком хатшысы сөзінің жалғандығы мынада. Қырғыз-Қазақ АССР-інің 1920 жылы Орынборда өткен құрылтай съезінің жұмысына қатысқан соң Әлихан Бөкейхан 1922 жылдың қазан айында тұтқындалғанға дейін Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысындағы өзінің туған ауылында болды.

Бірақ дәл осы 1920 жыл мен 1922 жылдың күзіне дейін Алаш ұлы Әлихан Бөкейханның советтік әкімшілік және шаруашылық жұмыстарына тартылуы да әбден мүмкін. Осы жерде Әлихан Бөкейханның қай жерде, қашан және қандай нақты әкімшілік қызметте болғанын анықтау қажеттігі туындайды.

Бұдан соң бұл құжаттық деректер мен Алаш көсемінің інісі, сұлтан Смахан Бөкейхан мен өзге де жақындарының естеліктерін салыстыра қарайтын болсақ, онда Әлихан Бөкейханның 1922 жылдың күзінде екі рет тұтқындалғанын байқауға болады.

Бірінші жолы Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың Сталинге жеделхат жолдаған кезінде, яғни, 1922 жылдың 14 қазанында тұтқындалып, қараша айының басында босатылған. Көп ұзамай осы айда Әлихан Бөкейхан тағы да тұтқындалған. Бұл жолы қолына кісен салынып, айдауылмен Мәскеуге жеткізілген.

Осының өзі Кремльдің, нақтылай айтқанда Сталиннің Совет өкіметіне қастық жасап қояр ма деген қауіппен қазақтар көсемін өзінің туған жерінен барынша жырақта, өз бақылауында ұстағысы келгеніне анық дәлел болады.

Алаш көсемінің қарашада тұтқындалып, Мәскеуге мәжбүрлеп әкелінуі мен оның Мәскеудегі ССРО халықтары орталық баспасының Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істей бастаған мезгілдері дәлме-дәл келеді. Осы жолдардың ауторына РӘСТММ ұсынған тағы бір мұрағаттық құжат Әлихан Бөкейханның жұмысына, нақтылай айтқанда, оның ССРО халықтары орталық баспасындағы әдеби қызметкер болып жүрген жерінен жұмыстан кенеттен босатылғанына байланысты.


СТАЛИННІҢ ЖЕДЕЛХАТЫ

«Азамат Ә.Н.Бөкейханов 1922 жылдың 14 желтоқсанынан 1927 жылдың 1 қазанына дейін Мәскеудегі ССРО халықтары орталық баспасының Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеді», – деп жазылған Әлихан Бөкейханның осы баспадағы жұмысына қатысты пікірде.

Бас редактордың орынбасары Великовский мен хатшы Дурасс қол қойып, сол бір қанды
Әлихан Бөкейханның Қазақстанға баруына қалай қарайтынын сұрап Сталиннің Голощекин мен Нұрмақовқа жолдаған жеделхатының қолжазбасы.
кезеңнің рухында жазылған пікірде біздің кейіпкеріміздің жұмысына барынша жақсы, тіпті жоғары баға берілген: «Өзінің ғылыми және әдеби жұмысында... Ә.Н.Бөкейханов қазақтардың тілін, шаруашылығы мен тұрмысын білумен қатар өзіне артылған міндетке барынша ықыласты қарым-қатынас жасады».

Бұдан ары азамат Бөкейхановтың мінәйі себеппен, «штат қысқартуға» байланысты 1 қазаннан бастап қызметінен босатылғандығы жайында сыпайылап қана айтылады.

Алайда жоғарыда айтылып кеткен мұрағаттық құжатқа қарағанда «штат қысқарту» тек Әлихан Бөкейханға ғана қатысты болғандығын және оның жоғарыдан берілген нұсқау арқылы ғана жүзеге асқанын аңғаруға болады.

Бұл – Сталиннің екі нұсқадағы шифрленген, яғни құпия жеделхаты. Қолжазба нұсқасы «бүкіл халықтар әкесінің» жеке қолтаңбасына қатты ұқсайды, бұған қоса жазу машинкасымен басылған нұсқасы да бар. Жеделхат Филипп Голощекин мен Нығмет Нұрмақовқа 1927 жылдың 17 мамырында жолданған.

Егер осы датаны есте ұстап және «Бөкейхановтың Қазақстанға баруына немесе оның сіздерде тұрақты жұмыс істеуіне қарсысыздар ма? Осыны жедел хабарлаңыздар» деген жеделхат мазмұнына назар аударар болсақ, қазақтар көсемін жұмыстан шығару туралы шешімді ССРО халықтары орталық баспасының басшылығы емес, Кремльде Сталиннің тікелей өзінің қабылдағаны туралы қорытынды жасауға болады.

Кәнігі психолог Иосиф Сталин өзінің сұрағын: «ҚАРСЫСЫЗДАР МА?» деп тұжырымдаған. Яғни, ондағылардың еріксіз «ИӘ» деп жауап беруіне мәжбүрлегендей. Егер сұрақ әдеттегідей: «ҚАРСЫ ЕМЕССІЗДЕР МЕ?» деп қойылар болса, онда Сталинге қажетсіздеу: «ЖОҚ, ҚАРСЫ ЕМЕСПІЗ» – деген жауаптың болуы ықтимал еді.

Енді Сталиннің құпия жеделхаты жолданған адамдар мен олардың мүмкін болар жауабына қатысты бірер сөз.

Бұлардың біріншісі – Филипп Голощекин, қазақтардың тарихында қасіретті рөл атқарған советтік мемлекет және партия қайраткері. Бұдан бөлек ол - патша Романовтар әулетін атуды ұйымдастырушылардың бірі.

Қазақ өлкелік РКП(б) комитетінің хатшысы болған 1924 - 1933 жылдар аралығында Филипп
Сталиннің Голощекин мен Нұрмақовқа жолдаған жеделхатының көшірмесі.
Голощекин көшпелі қазақтарды отырықшы өмірге күштеп көшіру шараларын жүзеге асырып, осының салдарынан болған Ашаршылықтан түрлі бағалар бойынша 1,5 - 2,5 миллиондай адам немесе қазақ халқының жартысынан астамы қырылып қалған.

Филипп Голощекинді білген төңкеріс тарихшысы В.Бурцев ол жайында: «Ол - әдеттегі лениншіл адам. Бұл адамды төгілген қан тоқтата алмайды. Бұл сипат оның бейнесінен анық аңғарылып тұрады: жендет, қатігез, бойында азғындаудың кейбір элементтері бар», – деп жазды.

Партиялық өмірде ол менмендігімен ерекшеленді, көпірме сөзге құмар, арсыз адам болды. Қазақстанға келмей жатып Филипп Голощекин бұл жерде совет өкіметі орнамаған, сондықтан мұнда «Кіші Октябрь» жасау керек деп даурықты.

Сталиннің құпия жеделхаты жолданған екінші адам – Нығмет Нұрмақов. Ол 1924 жылдың күзінде 29 жасында Қазақ (Қырғыз) АССР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып, 1929 жылдың сәуір айына дейін Қазақстандағы екінші басшы болып қалды.


NON-STOP ЖАЗАЛАУЛАРЫ

Филипп Голощекин мен Нығмет Нұрмақовтың Сталиннің жеделхатына не деп жауап бергені бізге белгісіз. Алайда сталиндік жазалау машинасы көп ұзамай олардың өздерін де құрбандыққа шалды. 1929 жылы Нығмет Нұрмақов та Тұрар Рысқұлов сияқты «оқуға барады» деген желеумен 1931 жылға дейін Мәскеуге әкетілді.

Одан әрі 1931-1937 жылдары жерлесі Тұрар Рысқұлов сияқты Мәскеудегі бір қарағанда өте жоғары деп саналатын орталық партиялық-мемлекеттік қызметтерде отырды. Бүкілодақтық орталық атқару комитеті (ВЦИК) хатшысының орынбасары, ВЦИК Президиумының бөлім меңгерушісі, т.б. қызметтерде болды.

Алайда 1927 жылы Сталиннің жеделхатына жауап жазып, араша түспекші болған бүкіл қазақ халқының көсемі Әлихан Бөкейхан екеуін бірдей тағдыр күтіп тұрған еді. Әлихан Бөкейхан да, Нығмет Нұрмақов та 1937 жылдың қыркүйек айында өлім жазасына кесіліп, атылған. Екеуі де Мәскеудегі Дон зиратына жерленген.

Совет өкіметі оларды бірден жұтып қоя салған жоқ. Қазақ ұлтының көсемдері Мәскеуде ешқандай құқықсыз, еркіндіксіз айдауда жүргендей кедейшілікте күн кешті. 1927 жылы қазан айында Әлихан Бөкейхан жұмыссыз қалды. Патшаны тақтан тайдыруға үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткері, немесе аса көрнекті ғалым ретінде оған лайықты зейнетақы тағайындалды ма, бұл жағы белгісіз.

Қазақстандағы газеттер мен журналдардың бас редакторларына жіберген хаттарында ол өзіне тиесілі қаламақыларын беруін сұраса, РСФСР халық комиссарлары советі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловқа жасаған өтінішінде институтта оқып жүрген баласына тиесілі шәкіртақысын беруін өтінуінің өзі біраз мән-жайды аңғартып тұр.

1937 жылдың шілде айында тұтқындалғанға дейін Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 10 жыл бойы Мәскеуде үй қамағында болды. Туған еліне барар жол ол үшін жабылған болатын. Осыған қарамастан ол отандастарымен хат жазысып тұруға тырысты. Сәрсен Аманжоловтың мұрағатында ғайыптан сақталып қалған оның бірден бір хаты 1934 жылы жазылған екен.
XS
SM
MD
LG