Accessibility links

Әлима Әбдірованың соңғы сөзінен соң судья үкімді кейінге қалдырды


Әлима Әбдірова, құқыққорғаушы, журналист.

Әлима Әбдірова, құқыққорғаушы, журналист.

«Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарап жатқан судья Мақсат Дүйсен тамыздың 27-сі күні айыпталушыға сөз берді. Айыпталушы соттан объективті үкім шығаруды сұрады.


Соңғы сөзінде Әлима Әбдірова өзіне тағылған айыпты толығымен мойындамайтынын, бар «кінәсі» Жайсаң интернатында болып жатқан заңсыздықтарды қоғамға жеткізу болғанын айтып өтті.

«АРУ АНА» МЕН ШАҒЫМДАНУШЫЛАР

Құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың айтуынша, өзін «мемлекеттік органның міндетін қолына алып, жеке тұлға ретінде азаматтардан шағым қабылдады» деп айыптаған Жайсаң мектеп-интернатының бұрынғы директоры Ирина Домбровскаяның айыбы - негізсіз.

Ол сотқа жеке тұлға емес, «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде әрекет етіп келе жатқанын айтты.

- Ұйымның жарғысына сәйкес, жалғызбасты аналар мен балалардың құқығын қорғау мақсатында азаматтардан шағым қабылдау үшін арнайы рұқсаттың қажет жоқ, - деді Әлима Әбдірова.

Шағым беруші жақтың Әлима Әбдірованы жергілікті «Ақтөбе таймс» газетінің № 20 санында басылып шыққан «Интернатта балалардың мазақталғаны туралы фактілер бар» (авторы - Юлия Минина) атты мақалада «ар-намысқа, беделге нұқсан келтірді» деп айыптап отырғанын Азаттық радиосы жазған еді.

«МАҚАЛАЛАР ҮШІН ЖАУАПТЫ ЕМЕСПІН»

Әлима Әбдірова соңғы сөзінде біріншіден, мақала авторының басқа адам екенін айтты. Екіншіден, сол газетке берген сұхбатында ешкімнің ар-намысына тимегенін, тек фактілерге сүйене отырып, Жайсаң интернатында болған заңсыздықтарды қоғамға жеткізгенін айтты.

- Сіздіңше, барлығына көз жұма қарап, осылайша балалардың құқығын таптауға жанама түрде үлес қоссын дейсіз бе? Адамдардың осы немқұрайлығының салдарынан балалар арасында суицид пен қылмыстар болып жатыр. Тергеушілер мен прокурорлар тірі жәбірленушілер бола тұра ешқандай факті таппай, қылмыстық іс қозғаудан бас тартса, мұны олардың арына қалдырайық. Ал менің қандай кінәм бар? Мен азаматтық борышымды өтедім. Кейбір БАҚ өкілдері қызметтік құжаттардан үзінділер жарияласа – бұл олардың өз шаруасы. Өздерінен сұраңыздар, - деді Әлима Әбдірова.

Ол соңғы сөзінде сонымен бірге сотта Жайсаң интернатындағы шынайы жағдайды анықтауға талпыныс жасалмағанын да айта кетті. Сәйкесінше, бұл істегі ең маңызды жайт сол мектеп-интернатқа тікелей қатысы бар куәларға сөз берілмегенін жеткізді.

- Менің пікірімше, сотта мәселені объективті түрде анықтау үшін куәларды тыңдау керек еді. Мысалы, Антон Петров есімді куә «Ару ана» қоғамдық бірлестігіне шағым жазғанын растағанмен, судья мен қарсы тарап куәлік айтуға тыйым салды. Яғни, Жайсаң интернаты қабырғасында болып жатқан жыныстық зорлық-зомбылық, қатігездік, қысым, криминалды түсік жасату фактілерін растауға мүмкіндік берген жоқ, - деді Әлима Әбдірова.

Ол сонымен бірге қоғамдық ұйым мен ақпарат құралдарының Жайсаң интернатына назар аударған соң ондағы жағдайдың түзеле бастағанын қоса айтып өтті.

Соңғы сот процесінде айыпталушы жақ судьяның сенбі күні үкім шығаратынын айтқанын хабарлап еді. Алайда сенбі күні судья Мақсат Дүйсен айыпталушының соңғы сөзінен кейін сот үкімін сәрсенбі күні шығаратынын айтты.

Айыпталушының адвокаты Кеңес Жүсіпов «судьяның сот үкімін кейінге қалдырғаны тіпті жақсы» деді.

- Жақсылап тұрып ойлансын, сосын шешім шығарсын, - деді ол.

Бұл іске қатысты тамыздың 27-сінде шағым беруші Ирина Домбровскаяға хабарласқанымызбен, телефонын ешкім көтерген жоқ.

Бұның алдында ол Азаттық радиосына сот үкім шығарғанға дейін түсінік бермейтінін айтқан еді.

Өткен айдың аяғында Ақтөбе соты психикалық дамуы баяу балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернаттың бұрынғы директоры Ирина Домбровскаяның шағымы бойынша «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлима Әбдірованың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

Әңгіме осы интернатқа қатысты туған даудан шығып отыр. Өткен жылдан бері Әлима Әбдірова осы интернатта балалардың құқығы өрескел бұзылып, олардың зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын дәлелдеуге тырысып келеді.

Ал шағым иесі Ирина Домбровская Әлима Әбдірованы «интернат басшылығына қатысты жалған ақпарат таратып, өзім мен отбасы мүшелерімнің ар-намысына, беделіне нұқсан келтірді» деп айыптап отыр. Ол соттан моральдық шығын үшін 5 миллион теңге, оған қоса сот шығындары үшін 60 мың теңге өндіріп беруді сұрайды.

Бұл іс бойынша сот үкімі тамыздың 31-і, сәрсенбі күні шығады.

2009 жылдың шілдесінен бері осы аймақтағы Азаттық радиосының тілшісі ретінде де қызмет атқарып жүрген Әлима Әбдірова оқырмандарымызға соңғы бірнеше айда Ақтөбе облысында болып жатқан оқиғалар туралы жазған репортаждары арқылы жақсы таныс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG