Accessibility links

Көшелердің атауын өзгерту түрлі реакция тудырды


Алматы қаласындағы Мирзоян көшесі. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.

Алматы қаласындағы Мирзоян көшесі. Алматы, 27 наурыз 2014 жыл.

Алматыда өзгерген көше атаулары кейбір тұрғындарды қуантса, кейбірінің болжамы дәл шықпады.

Желтоқсанның 1-і күні Алматыда жеті көшенің атауы өзгерді. "Көкқайнар" шағын ауданындағы "Абай" көшесі - "Әзірбайжан Мәмбетов"; "Әйгерім-1,2" шағын ауданындағы "Ленин" көшесі - "Василий Бенберин"; Алмалы ауданындағы "Левон Мирзоян" көшесі - "Шапық Шөкин", Бостандық ауданындағы "8-линия" көшесі – "Ербол Сыпатаев", "Көктөбе" шағын ауданындағы "Жамбыл Жабаев" көшесі – "Роза Бағланова", "Қалқаман-2" шағынауданындағы "Мұхтар Әуезов" көшесі – "Бәйкен Әшімов" көшесі болып аталатын болды. Алматы қаласы әкiмдiгiнiң және Алматы қаласы мәслихатының бiрлескен қаулысы және шешiмiне сәйкес жаңа көше атаулары "10 күн ішінде қолданысқа енеді".

Қазақстандағы "Тұңғыш президент күні" мейрамымен тұспа-тұс келгендіктен, Алматыдағы көше атауларының өзгеретіні туралы хабарды тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары сан-саққа жүгірткен. Қала орталығына жақын жатқан Мирзоян көшесінің атауын өзгерту туралы шешім бірқатар қолданушыларды қуантқанға ұқсайды. "Алматы ақшамы" газеті де көше атауларын өзгерту туралы қаулы мен шешімге қатысты хабарламасына "Мирзоян көшесінің аты өзгерді" деп тақырып қойған. Левон Мирзоян сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде 1933-37 жылдары ҚазССР-ін басқарған қарама-қайшылыққа толы тұлға.

Бағдат Дүйсенов есімді Facebook әлеуметтік желісін қолданушы өз парақшасында бұл жаңалықты естіп, сүйінші сұрады.

"Сүйінші!!! Сүйінші!!! Сүйінші!!! Алматы қаласындағы Мирзоян көшесін Қазақ энергетикасының атасы, ҚР ҰҒА академигі, Халық қаһарманы, ұлы ғалым атамыз Шапық Шөкин есіміне ауыстырды. Осыған атсалысқан барлық азаматтарға Шапық Шөкиннің отбасы мен туыстарының атынан мың алғыс!!!" деп жазды Бағдат Дүйсенов.

"Алматыдағы Мирзоян көшесімен бірге Қазақстанда Сталиндік сана сезім де өшсін" деген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан көше атауын ауыстыру оңай болмағанын, осы нәтижеге жету үшін "ұсталып, сотталғандарын", енді Алматыда Ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнатылады деп үміттенетінін жазды.

Асқар құмыранның Facebook-ке жазған пікірінің көшірмесі

Асқар құмыранның Facebook-ке жазған пікірінің көшірмесі

Facebook қолданушысы Асқар Құмыран "Алматыда Сталин жендеті Мирзоян атындағы көшенің атауын өзгертуге екі жылдай уақыт кеткенін" атап өтті.

Көше атауына қатысты саясаттанушы Айдос Сарым Facebook-те "Мирзоян! Сен кімсің өзі? Сау бол!" деп жазды.

Алайда Kairat Beketov есімді әлеуметтік желі қолданушысы тарихты есте сақтап, құрметтеу керектігіне назар аударады. Оның пікірінше, "Мирзоян қазақтарға жақсы қараған, жазушы Мұхтар Әуезовті құтқарып қалған". "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Ақтөбеде Мирзоянға ескерткіш ашылған. Ал енді Алматыда Мирзоян көшесінің атауын өзгертіп жатыр. Мирзоян мен әйелі 1939 жылы репрессияға ұшыраған" деп аяқтайды жазбасын Kairat Beketov.

Kairat Beketov Facebook-ке қалдырған жазбасының көшірмесі

Kairat Beketov Facebook-ке қалдырған жазбасының көшірмесі

Алматы қаласындағы кейбір көшелердің атауы өзгеретіні туралы хабар әлеуметтік желіде қарашаның 30-ы күні тарап, Facebook қолданушылар қай көше атауының ауысуы мүмкін екенін болжай бастаған. "Фурманов көшесінің аты өзгеріп, оған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілуі мүмкін" деген жорамалдар айтылған. ​

"Ертең Алматыда жеті көшенің атауы өзгереді деп жатыр. Қай көшенің атауы бірінші өзгерерін ішім сезіп отыр. Қала әкімінің орнында болсам, Елбасы атауын метроға беруге ұсыныс жасар едім. Сонда метро станцияларын уақытында салып бітіруге тырысар еді" деп жазады Казбек Бейсебаев есімді қолданушы. Бұл жазбаға пікір қалдырған Жансери Шерин атты қолданушы "Фурманов тарихқа кететін болды. 25 жыл ұстап тұру... керемет. Төзімділік керек! Олардан чекистің бізге не қажеті бар деп сұрамады? Ұлт рухы үшін бе?" деген сұрақтар қояды.

Дидар Ақбайдың Facebook-ке жазған пікірінің көшірмесі

Дидар Ақбайдың Facebook-ке жазған пікірінің көшірмесі

Ал Дидар Ақбай: "Меніңше Фурманов көшесі Мәңгілік ел болады" деп болжаса, оған Dias Akhmet "Атаның фамилиясы болады! Оны бурыннан бери забивать етип койган!)" деп жауап жазады.

Назгүл Қожабек есімді Facebook қолданушысы "Ееее. Əлдеқандай ғып жеті көшенің аты ауысады дегенге... Гоголь, Шевченко, Тимирязевті ойлап отырмаймын ба....Армандапсыңдар. Анау, қалаға жаңа қосылған ауылдардағы қаладағымен аты бірдей кішкентай көшелер ғана ауысады екен. Расслабьтесь" деп жазады. Расында да онамастикалық өзгеріс негізінен Алматыға жаңадан қосылған аймақтардағы қалада бұрыннан бар атаулармен қосарланып қалған көшелерге қатысты болып шықты.​

Қазақстанда қарама-қайшы тарихи рөл ойнаған адамдардың атындағы көше атауларын өзгертуге қатысты пікірталас жиі болып тұрады. Левон Мирзоянның құрметіне аталған көше атауы бұған дейін Астанада өзгерген болатын. Ақтөбе қаласының белсенділері де қаладағы Мирзоян көшесінің атын өзгертуді талап етіп келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG