Accessibility links

Вокзал «жабылмаймыз» дейді, сот «жабамыз» дейді


"Алматы-2" темір жол вокзалы. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл
"Алматы-2" темір жол вокзалы. Алматы, 23 қыркүйек 2013 жыл

Қыркүйектің 25-і жабылады деп хабарланған «Алматы-2» вокзалы жыл соңына дейін мұрсат алғанын айтады. Бірақ вокзалдың сөзі мен сот актілерін орындау департаментінің дерегі үйлеспейді.

Екі жылдан бері «Алматы-2» теміржол вокзалында жолаушылар жүгін таситын 42 жастағы алматылық Кәдірхан Айдарханов «бұл вокзал жабылады» деген хабар шыққалы алаңдап жүргенін айтады.

– Қыркүйектің 20-сынан бері «вокзал жабылады» деген әңгіме шықты. Екі жылдан бері жүк тасып, күніне төрт-бес мың теңге тауып жүрмін. Вокзал жабылса, жұмыссыз қалмақпын. Жүздеген адам жұмыссыз қалады – дейді жүк тасушы Азаттық тілшісіне.

Қыркүйектің 20-сы күні Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаменті «санитарлық нормалар сақталмағандықтан «Алматы-2» теміржол вокзалы қыркүйектің 25-і күні сағат 11.00-де жабылады» деп мәлімдеген. «Алматы-2» теміржол вокзалында 22 санитарлық талап бұзылғанын» денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті 2010 жылы анықтаған.

«ВОКЗАЛ ЖАБЫЛМАЙДЫ»

Бірақ «Алматы-2» теміржол вокзалы өкілі «вокзал қыркүйектің 25-і күні жабылмайтынын» мәлімдеді. Азаттық тілшісімен сөйлескен «Алматы-2» вокзалының бас инженері Райымбек Құдияров:
Бұзылды деген 22 талаптың 19-ы жөнделген, жыл соңына дейін вокзал, арықтар мен вентиляциялар толық жөнделмекші.

– Вокзал жабылмайды, жұмысын жалғастыра береді. Жағдай шешіліп жатыр. Департаментке хат жолдап, уақыт сұрап отырмыз. Вокзал маңында тазалықтың сақталмағаны, асфальттардың бұзылғаны, қоршау болмағаны, су шығару жолдарының бұзылғаны рас. Бірақ оның көбін жөндедік. Қазір қалған талаптар бойынша жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2013 жылдың соңына дейін рұқсат алдық. Егер 31 желтоқсанға дейін жөндемесек, онда вокзал жабылады, – деді.

Вокзалдың бас инженерінің айтуынша, бұзылды деген 22 талаптың 19-ы жөнделген, жыл соңына дейін вокзалға толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арықтар мен вокзал ішіндегі вентиляциялар да толық жөнделмекші.

«ВОКЗАЛ ЖАБЫЛАДЫ»

Азаттық тілшісі вокзал өкілінің «департаментке хат жолдадық» деген сөзінен соң денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарласты. Олар вокзал басшылығынан ешқандай хат келмегенін, бұл іспен Алматы қалалық сот актілерін орындау департаменті айналысып жатқанын мәлімдеді.

Ал сот актілерін орындау департаментінің өкілі Тайыр Қашқынбаев:
Вокзалға жеткен жолаушы пойыздары. Көрнекі сурет
Вокзалға жеткен жолаушы пойыздары. Көрнекі сурет

– Сот шешімі күшінде. Қаралып жатыр. Вокзал басшылығынан ешқандай рұқсат сұрау хаты келген жоқ. Қыркүйектің 25-і күні вокзалдың алдында сот шешімін орындау процесі өтеді. Сол кезде толық ақпарат ала аласыздар, – деді Азаттық тілшісіне.

«Вокзал-сервис» мекемесінің мәліметі бойынша, қаланың орталығындағы «Алматы-2» теміржол вокзалы күніне 5 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Вокзалға Қазақстанның барлық аймақтарынан, Ресей мен Қытайдан келген жолаушылар мен жүк пойыздары тоқтайды.

Алматыдағы екі теміржол вокзалының енді бірі – «Алматы-1». Қаланың солтүстік жағындағы бұл вокзалға күніне 4 мыңға тарта жолаушы келіп-кетеді. Ал «Алматы-2» теміржол вокзалының басты ерекшелігі – қаланың ортасында жолаушыларға ыңғайлы жерде орналасқаны.

"Алматы-2" вокзалын жабу қалай әсер етеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:39 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG