Accessibility links

Герольд Бельгер жайлы айтылмай қалған сөз


Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 7 тамыз 2009 жыл.

Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 7 тамыз 2009 жыл.

Алматыда Қазақстанның ұлты неміс жазушысы, аудармашы, әдеби сыншы Герольд Бельгер жайлы деректі фильмді таныстырды. Ол көзі тірісінде СССР-де неміс халқының дискриминацияға ұшырауының символына айналған еді, бірақ фильмде бұл туралы мүлде дерлік айтылмаған.

Алматыдағы Герольд Бельгердің рухына арналған іс-шаралар сериясы Қазақстанның ұлттық кітапханасында оның мемориалдық кабинетін ашудан басталды. Ол жазушы Әзілхан Нұршайықовтың мемориалдық кабинетіне қатар орналасыпты. Герольд Бельгердің жесірі Раиса Хисматуллина жаңадан ашылған кабинетке жихаз бен жазушының жеке заттары - жазу үстелі, кітап шкафы, домбырасы, кітаптары, фотосуреттері мен наградаларын табыс еткен. Бұл шараның бүгін, қазанның 28-інде өткізілуі де кездейсоқ емес, 2015 жылғы ақпанның 7-сінде дүниеден озған жазушы жылда дәл осы күні туған күнін тойлайтын. Қаламгер тірі болғанда бүгін 82 жасқа келер еді.

Герольд Бельгердің 80 жылдық мерейтойына арнап оның шығармаларының 10 томдығы шығарылған. Жазушының айтуынша, оған өзге шығармаларынан кемі 12 том, оның ішінде «Плетенье чепухи» («Шалдыр-шатпақ») деп аталатын көлемі 9-19 дәптер болатын жазбалары, ой-толғаныстары кірмей қалған. Ондай жазбаларынан барлығы 30 дәптер жиналған. Кинорежиссер Ермек Тұрсынов сол «Плетенье чепухи» кітабын шығаруды қолға алған. Баспадан жарық көрген кітаптың алғашқы томын бүгін Герольд Бельгерге арналған шараға қатысушыларға таныстырды.

Ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов (сол жақта) Герольд Бельгер жайлы фильмнен алған әсерімен бөлісіп тұр. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.

Ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов (сол жақта) Герольд Бельгер жайлы фильмнен алған әсерімен бөлісіп тұр. Алматы, 28 қазан 2016 жыл.

Қазанның 28-і Алматыдағы ұлттық кітапханаға келген ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов шығарма жайлы былай дейді:

- Герольдтің өзі «Плетенье чепухи» деп атаған жазбаларынан оқырман қисапсыз даналықты, біздің, қазақ халқының, қазіргі Қазақстанның жай-күйін дәл танып, дөп басып айтқан сөздерді табады. Мұның бәрі бізге өзімізді танып, не болғанын, не болып жатқанын және не болуы тиіс екенін түсінуге септесетіні сөзсіз. Қазір мен қазақ жазушыларын мүлде оқымаймын. Олардың шығармаларынан қызықты ештеңе таба алмаймын, ал оны [Бельгерді - ред.] бүгінгі қазақтың өзіндік сана-сезімін білдіруші ретінде оқимын, - дейді ол.

БЕЛЬГЕР ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Марқұм жазушының «Плетенье чепухи» атты публицистикалық жазбаларын жариялауды кинорежиссер Ермек Тұрсынов міндетіне алған. Бүгін ұлттық кітапхананың мәжіліс залында көрсетілген Герольд Бельгер туралы деректі фильмнің де продюсері сол.

40 минуттық «Бельгер» фильмінде әуелі болашақ жазушының балалық шағы, әкесі жайлы баяндалады. Фильмде мұны ойын түрінде берген. Кішкентай Герольд рөлінде ұл бала ойнаған, ал ата-анасы мен туыстарын неміс драма театрының актерлері сомдаған. Бельгердің отбасы Қазақстанға екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, совет диктаторы Иосиф Сталиннің бұйрығымен Поволжьедегі неміс автономиялы республикасынан немістерді күштеп депортациялаған уақытта жер аударылып келгені белгілі. Фильмде өзге миллиондаған совет немістері сияқты совет заманында азаматтық құқық, еркіндігінен айырылған Бельгерлер отбасы туралы олармен ауылда көрші тұрған әйел қазақша айтып береді. Герольд Бельгердің әкесін маңайдағы ауылдар қатты құрметтеген. Ол бірнеше ауылға фельдшер әрі жалғыз дәрігер болған.

Абай ескерткіші жанында Герольд Бельгердің ақын мен қазіргі қоғам жайлы ойға берілген сәті. Деректі фильмнен көрініс.

Абай ескерткіші жанында Герольд Бельгердің ақын мен қазіргі қоғам жайлы ойға берілген сәті. Деректі фильмнен көрініс.

Фильмнің бір бөлігі Герольд Белгердің ой-толғаныстарына арналған. Оның қисапсыз көп жазбаларынан фильм авторлары Абай туралы, қазіргі қазақтар туралы, мәдениет және «культур-мультур» туралы ойларын таңдап алған. Мысалы, Герольд Бельгердің «қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы Абай қазіргі заманда өмір сүргенде, тіпті жалғызсырар еді» деген қазақ тіліндегі мәтіні (орыс тіліндегі субтитрімен) келтірілген. Ол «Абайдың «Қара сөздерін» мылқауларға арналған газетке әрең басар еді, ал жергілікті әкім оның шапанына «Астанаға - 10 жыл» медалін тағар еді. Оқымысты элита одан сайтан көргендей қашар еді» деген ой айтады. Бельгер Абайды жазушылар одағы мүшесі ретінде де елестете алмай, «Абай құсадан сол арада қайта өліп кетер еді» деп жазады.

Таныстырылым шарасында жазушы, драматург Дулат Исабеков фильмге қатысты ескертулерін айтты. Оның пікірінше, сталиндік репрессия жайлы, Герольд Бельгерді институтқа, комсомолға қалай қабылдағылары келмегені туралы фильмде қаймықпай айту керек еді. Ол бұған тым болмағанда бес минут бөлу керек еді деп санайды. Исабековтің пікірінше, табиғат көріністері тым көп көрсетілген, Бельгердің бейіті басына ескерткіш орнату сияқты эпизодтар да тым көп.

- Ескерткішті жасау туралы көптеген эпизодтардың орнына оның ой-толғаныстарын көбірек беру керек еді, - дейді ол.

Фильм режиссері Сергей Климов «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген деректі шығарманың сценарийін де жазған.

XS
SM
MD
LG