Accessibility links

Алматыда Қытайдағы Абай үйі таныстырылды


Виолончелистер Құрманғазының "Сарыарқа" күйін тартып отыр. Алматы, 24 қараша 2015 жыл.

Виолончелистер Құрманғазының "Сарыарқа" күйін тартып отыр. Алматы, 24 қараша 2015 жыл.

Қарашаның 24-і күні Алматыдағы «Қазақконцерт» залында Қытайда Абай үйін ашу құрметіне арналған концерт өтті. Концертке Қытай консулы мен музыканттары және жергілікті опера әншілері қатысты.

Концертті ұйымдастырушы, Қазақстан мәдениетін насихаттаумен шұғылданатын «Қорқыт» қорының директоры Дана Мейірбекова биыл күзде Қытайда қазақтың классик ақыны, жазба әдебиетінің негізін қалаушысы һәм ірі ойшылы Абайдың 170 жылдығына арналған шараларға қатысқанын айтты. Оның сөзінше, Хубэй провинциясының басшылығы Ухань университетінде Абай үйін ашуға жағдай жасаған.

Қазақстандағы Қытай елшілігінің Алматыдағы консулы Гао Чен «Қазақконцерт» залындағы іс-шара алдында сөз сөйлеп, қазір Қытайда оқитын Қазақстан студенттері 10 мыңнан, ал Қазақстанда оқитын Қытай студенттері мыңнан асқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның жоғары оқу орындарында төрт Конфуций институты ашылған.

Концертті ұйымдастырушы, "Қорқыт" қорының басшысы Дана Мейірбекова (сол жақта). Алматы, 24 қараша 2015 жыл

Концертті ұйымдастырушы, "Қорқыт" қорының басшысы Дана Мейірбекова (сол жақта). Алматы, 24 қараша 2015 жыл

Консул Қытайдың жетекші оқу орындарында Абай институттарын ашу жөнінде бастама көтерген қазіргі премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваға алғыс айта кетті. «Қорқыт» қорының директоры Дана Мейірбекованың сөзіне қарағанда «Қазақстанның Тұңғыш президенті» қоры «Қытайдағы Абай үйі» жобасына грант бөлген.

Алайда әуелі өз залында концерт өткізуге келіскен президент қоры концерт өтуге бір күн қалғанда айнып, «Қорқыт» қоры мәдени шараны «Қазақконцерт» залында өткізуге мәжбүр болған.

ҮМІТ

Қытайдың Қазақстандағы консулы еске салған Конфуций институттары Қазақстанда 2009 жылдан бастап ашылған еді. Негізінен Қытай тілін үйретумен шұғылданатын мұндай институттар екі ел арасындағы мәдени байланыстар туралы ресми келіссөздерде жиі еске алынады.

Қазақстандағы осыған ұқсас ұйымдардың бірі - Германия үкіметі қаржыландыратын Гете институты. Тарихы 60 жылдан асатын, 50-ден астам елде жұмыс істейтін Гете институты Қазақстанда жылына мыңнан астам адамға неміс тілін оқытып, неміс мәдениетін насихаттайды. Осы институт мамандарының бірі Бағдат Таңсыққожина Қытайда Абай үйінің ашылуын жағымды хабар ретінде қабылдайды.

Қарауылдағы Абай ескерткіші. Көрнекі сурет

Қарауылдағы Абай ескерткіші. Көрнекі сурет

- Шетелдерде осы Гете институтының тәжірибесіне ұқсас мәдени шаралар атқарылғаны жақсы. Абай үйі Қытайда ғана емес, әсіресе Еуропада ашылса, Еуропа қазақтарына қазақ тілі мен мәдениетін үйретуге қолайлы жағдай туар еді, - деді ол.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев «Абай үйі» мәдени жобасы Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеретін шара екенін айтады. Бірақ ол мұндай мәдени жоба ең әуелі Қазақстанға көшіп келгісі келмейтін шетелдегі қазақтардың тілі мен мәдениетін дамытуға арналуы керек деп санайды.

КҮДІК

Бірақ Абай үйі сияқты мәдени істер бір мезгілдік уақытша шараның біріне айнала ма деп күдікпен қараушылар да бар. Ұзақ жылдар бойы шетелдегі этникалық қазақтар мәселесі бойынша жұмыс істеп келген Сұлтанәлі Балғабаев мәдени шараның көпшілігі концерттік қойылыммен аяқталатына қынжылады.

- Көптеген шетелдерде осы қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау үшін құрылған мәдени орталықтар бар. Оларды этникалық қазақтардың өздері құрған. Мәселен, Моңғолияда Қазақстан үкіметінің өзі мәдени орталық ашып, тәп-тәуір бастаған сияқты еді. Кейіннен қаржы бөлінбеген соң жұмысы тоқтап қалды. Басқа да мәдени орталықтар соның кебін құшты. Өйткені Қазақстан үкіметі қолдау көрсетпеді, - дейді ол.

Қазақстан мәдениетін насихаттау мақсатында Абай үйі 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында ашылған. Тәуелсіздіктің бас кезінде болған бұл оқиғаны қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми билік «Қазақстанның шетелдегі имиджін жақсарту шарасы» ретінде көрсеткен.

Абай үйін ашу құрметіне қойылған концерт көрермендері. Алматы, 24 қараша 2015 жыл

Абай үйін ашу құрметіне қойылған концерт көрермендері. Алматы, 24 қараша 2015 жыл

Бірақ Лондондағы Абай үйінің қызметі сегіз жыл өте жабылып қалды. Абай үйін әуел баста ұйымдастырушы, жазушы Роллан Сейсенбаев оның жабылуына бірден-бір себеп биліктің қаржылай қолдау көрсетпеуі деп біледі.

- Абай үйін сегіз жыл өз қаржыма ұстадым. Мемлекеттен қолдау болмаған соң жұмысын доғардым, - деді ол Азатттық тілшісіне.

Роллан Сейсенбаев болашақта Абай үйлері этникалық қазақтар арасында ғана насихатталмай, Германияның Гете институты секілді халықаралық деңгейде қазақ мәдениеті мен руханиятын таныстыруы қажет деп санайды.

Лондондағы Абай үйінде ұзақ жылдар жұмыс істеген ол Қытайда ашылған Абай үйінің болашағына күмәнмен қарайды. Оның сөзінше біріншіден, Қазақстан билігінің тұрақты қаржылай қолдау көрсетуі неғайбіл, екіншіден, Абай үйін кезекті концерттік мәдени шаралардан жоғары деңгейге көтеретін, анық мақсаты бар ұлттық идея жоқ.

Азаттық тілшісі Қазақстанның шетелдегі имиджін жақсарту мақсатында жыл сайын бюджеттен ондаған миллион доллар қаржы бөліп, «Қазақстанның ақпараттық-имидждік саясаты» деп аталатын арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін сыртқы істер министрлігіне хабарласқан. Министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов Қытайдағы Абай үйі туралы әзірге дерек жоғын айтты. Қазақстанның шет елдермен мәдени байланысын нығайту барысында әр жылдары Мәскеу, Тегеран, Стамбул, Будапешт, Ташкент, Дели, Каир мен Берлин қалаларында Абайға арналған ескерткіш-бюстер ашылып, шайырдың құрметіне көшелерге аты берілген. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында ЮНЕСКО «Абай жылын» жариялаған еді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG