Accessibility links

Өртенген жанармай көлігіне қатысты іс тоқтады


Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысындағы Rixos қонақүйі жанында болған жанармай көлігі өрті. Алматы, 27 маусым 2013 жыл.

Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысындағы Rixos қонақүйі жанында болған жанармай көлігі өрті. Алматы, 27 маусым 2013 жыл.

Алматыда жазда бензин таситын көліктің өртенуіне қатысты қозғалған екі қылмыстық іс тоқтады. Өрттен бір адам қаза тауып, ондаған пәтер мен бірнеше көлік өртенген еді

Алматыда Helios компаниясына тиесілі жанармай таситын көліктің өртенуіне байланысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.

2013 жылы 27 маусым күні Алматыдағы Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысындағы жол бойында Helios компаниясының жанармай тиеген көлігі аударылып, өртенген еді. Апат салдарынан көлік жүргізушісі Александр Горюнов қаза тауып, жол жиегіндегі көпқабатты үйдің бірнеше пәтері мен дүкен өртеніп, жол бойында бірнеше автокөлік зардап шеккен.

Салтанат Әзірбектің сөзінше, оқиғаға қатысты "көлік сапасыз жөнделіп, адам өліміне соқтырды" деген бап бойынша қозғалған істі тергеушілер "қылмыс дәлелденбеді" деп тоқтатқан. Ал "кісі өліміне соқтырған жолда жүру ережесі қауіпсіздігін бұзу" фактісі бойынша қозғалған іс бұдан біраз бұрын тоқтатылған. Оған қылмыстық істе "қылмыстық құрамы жоқ болуы" себеп болған.

"Кешенді сараптама жасалып, тәуелсіз сарапшылардан сұрау алынды. Оқиғаның нақты себебі анықталмады. Тергеушілердің істі тоқтату туралы қаулысы прокуратураға жіберілді" деді Салтанат Әзірбек Tengrinews сайтына берген сұхбатында.

Тамыз айында жарияланған сараптаманың алдын-ала қорытындыларына қарағанда, өртенген жанармай таситын көліктің рөлдік басқару жүйесінде ақау болған және қосымша тежеу жүйесі болмаған.

Helios компаниясы өрттен зардап шеккендерге шығындарын өтеп берді.

Александр Горюнов қаза тапқаннан кейін марапатқа ұсынылды.
XS
SM
MD
LG