Accessibility links

Алматыда босанған әйелден ВИЧ инфекциясы табылды. Науқасқа қан құйған орталық донорлардың таза екенін айтса, инфекционист-дәрігер мұндай оқиғалардың жиілеп кеткеніне алаңдайды.

Алматыдағы №1 перзентханада 2012 жылы қарашада босанған әйелден ВИЧ инфекциясы табылды. Қалалық қан құю орталығынан көмек алған ол кісінің инфекция жұқтырғаны наурыз айында ғана анықталды.

"ҚАЙДАН ЖҰҚТЫРҒАН?"

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір "қалада бұған қатысты үлкен комиссия жұмыс істеп жатыр".

- Комиссия бір-екі аптаның ішінде жұмысын аяқтайды. Содан соң денсаулық сақтау басқармасы қорытындысын айтып, толық ақпарат береді, - дейді Ләйлә есімді баспасөз қызметі өкілі.

Бұған дейін ол әйелге дәрігерлік көмек көрсеткен перзентхананың қызметкеріне де қауіпті ауру вирусы жұққаны хабарланып еді. Баспасөз қызметінің өкілі "бұл жайт анықталып жатқанын" айтты. Осылайша әйелдің ВИЧ инфекциясын қайдан жұқтырғаны әлі белгісіз.

"10 ДОНОР ТАЗА ШЫҚТЫ"

Ақпарат бойынша, әйелге 10 донордан қан құйылыпты. Алматыдағы қан құю орталығының директоры Жандос Надировтың айтуынша, құрылған комиссия наурыз айының аяғында орталыққа келіп, 10 донордың қанын тексерген.

Комиссия көрді. Тексерді. Қандары таза болып шықты. Донорларды СПИД орталығында тексерді.
- Комиссия көрді. Тексерді. Қандары таза болып шықты. Донорларды СПИД орталығында тексерді, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін "Интерфакс" агенттігі тексеруден өткен 10 донордың біреуінің қаны мамандардың күдігін тудырып, қосымша зерттеу жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.

Донорлардың мұқият тексерілетінін айтқан Алматыдағы қан құю орталығының басшысы Азаттық тілшісіне қосымша зерттеу туралы ақпаратты растамады.

Бұған дейін комиссия 1-перзентхана мен Алматыдағы СПИД-пен күрес орталығын тексергені хабарланған еді.

"ТЕКСЕРІСТЕР "КІНӘЛІ ЕМЕСПІЗ" ДЕП АЙТУ ҮШІН ҒАНА ЖҮРГІЗІЛМЕУІ ТИІС"

Бұрынғы инфекционист-дәрігер, "Аман-саулық" қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменованың айтуынша, "бұл жайт 2006 жылғы Шымкенттегі оқиғадан дұрыс қорытынды жасалмауының салдарынан болып отыр".

- Оған С гепатитін жұқтырған балалардың көбеюі де дәлел бола алады. Гепатитке қатысты бұған дейінгі даулар естеріңізде болар. Тіпті басшылардың бірі "С және B гепатиті ауа арқылы жұғады" дегенге дейін барды. Мұның басты себебі - инфекциялық бақылаудың бұзылуы. Донорлар бізде дұрыс тексерілмейді немесе мерзімдері дұрыс сақталмайды. Бұл жерде зерттейтін көптеген факторлар бар, - дейді ол.

Бақыт Түменованың ойынша, "денсаулық сақтау министрлігі инфекциялық бақылауды күшейту керек екенін мойындап, вирус ошағын табуға бар күшті салуы керек".

- Егер "біз кінәлі емеспіз" деп айту үшін ғана тексерістер жүргізіп, жасырса, онда мұндай оқиғалар қайталана береді. Шымкенттегі жаппай вирус жұқтыру оқиғаларынан кейін ол жағдай енді перзентханада қайталанып отыр. Мұның бәрі әлі шешілмеген проблема бар екенін көрсетеді, - дейді ол.
ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша, 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша, 2010 жыл.


Бақыт Түменова сөз арасында қан жинау банкі және донорлар санын қысқарту сияқты жұқпалы аурулардың таратпау амалдарын қолға алу керек екенін де айтты.

2006 жылы Оңтүстік Қазақстандағы ауруханада емделген 220 баладан ВИЧ инфекциясы табылған еді. Оның 11-і сол кезде қайтыс болды.

2012 жылы қараша айында Шымкентте пневмония дертіне шалдығып, облыстық ауруханада емделген 12 жастағы баланың ВИЧ індетіне шалдыққаны белгілі болды.

Ал мұны тек бес жылдан кейін ғана білген баланың ата-анасы аурухана қызметкерлерін жазалауды талап еткен еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG