Accessibility links

Алматыдағы "Барахолкадан" тағы өрт шықты


"Алатау" базарындағы өртенген сауда орындары. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.

"Алатау" базарындағы өртенген сауда орындары. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.

Алматыдағы "Барахолкада" кезекті рет өрт шықты. Бұл жолы өртенген - "Алатау-2" базарының контейнерлері.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, өрт Алматының "Барахолка" атанып кеткен бірнеше базар орналасқан ауданындағы "Алатау-2" базарынан шыққан.

"ТАУАР ТҮНДЕ ТҰТАНҒАН"

Таңғы сағат 10:00 шамаларында оқиға орнында болған Азаттық тілшісіне аты-жөнін айтпаған өртенген контейнер иесі:

- Өрт түнгі сағат бір жарымдар шамасында тауардан, яғни фейерверктерден шыққан деп жатыр. Бұл - ойыншық сататын қатар. Бірінің үстіне бірі қойылған контейнерлердің төртеуі және бір астыңғы контейнер өртеніп кетті. Тауарларымыздың жанып кеткенін көріп тұрмыз, - деген.

Саудагерлердің айтуынша, "келген шығын белгісіз, базар күзетшілері тауарларының қаншалықты өртенгенін көруге жібермей жатыр".

Азаттық тілшісі "оқиға орнына келгенде өрттің сөндірілгенін, өрт болған жерде бір ғана өрт сөндіру көлігі тұрғанын, өртенген контейнерлерді кенеп матамен жауып қойғанын" айтты.

150 ШАРШЫ МЕТР

"Барахолкадағы" бүгінгі өртке қатысты төтенше жағдайлар министрлігі хабарлама таратты. Онда "өрттің желтоқсанның 12-сіне қараған түні "Алатау-2" базары аумағындағы бес контейнерден шыққаны" жазылған.

Министрлік ақпаратына қарағанда, өрттен адам шығыны болмаған. Контейнерлер ішінде тауар болған. Өрт бір жарым сағаттан соң өшірілген. Аумағы - 150 шаршы метр. Өртті сөндіруге 107 өрт сөндіруші, 34 арнайы техника жұмылдырылған.
Өрттен кейінгі "Алатау" базары. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.

Өрттен кейінгі "Алатау" базары. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.


Соңғы кездері Алматы базарларында өрт жиілеп кетті. "Барахолкадағы" сауда базарлары шоғырланған жерде биыл күзде үш рет өрт шықты. Өртенген базарлардың кейбір саудагерлері "базарларды көшіру үшін қасақана өртеп жатыр" деп санайды. Бұған дейін өрт шыққан базарлардың атаулары - "Құлагер", "Арал", "Евразия", "Олжа", "Аян", "Керемет", "Алатау".

Базарды жабуға мүдделі қалалық әкімшіліктің сөзінше, «ол базарларда құрылыс және санитарлық, өрт қауіпсіздігі ережелері мүлде сақталмаған».

Одан бөлек, Алматы қаласы әкімдігі мен «Барахолка» базарларының басшылығы арасында бірнеше жылдан бері жер дауы жалғасып келеді. Әкімдік 2013 жылы жазда «Барахолка» аумағынан өтуі тиіс жолды салу үшін «базарларды тәртіпке келтіретінін» мәлімдеген еді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG