Accessibility links

Алғабастағы апатты үй күзетке алынды


1 маусым күні кешке Алматы қаласы Алатау ауданы Алғабас ықшам ауданында көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары көшіріліп, ғимарат күзетке алынды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алғабас-6 ықшам ауданындағы тоғыз қабатты үйді қазір полиция мен төтенше жағдай қызметі қоршап күзетіп тұр. Үй тұрғындарының эвакуацияланғаны айтылады. Қоршау маңында өрт сөндіру, жедел жәрдем, газ қызметі көліктері байқалады. Төтенше жағдай қызметі, полиция, жәдел жәрдем өкілдері Азаттық тілшісіне болған оқиға жайында түсінік беруден бас тартты.

"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй. Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.

"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй. Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.

Тұрғындардың айтуынша, 1 маусым күні сағат 18:30-дан кейін осы ықшамаудандағы 1/136-үйде тұратын адамдардың тізімі жасалып, олар эвакуацияланған. Кейбір мәліметке қарағанда, үй тұрғындары екі автобуспен қонақ үйлердің біріне әкетілген.

Райымбек есімді адамның айтуынша, кейінгі күндердегі жауын-шашын әсерінен үйдің жертөлесіне су кіріп, ғимараттың қисайғаны байқалған. Бұл үйдің пайдалануға берілгеніне көп болмаған. Райымбек өзінің осында өткен жылдың қыркүйек айынан бері тұратынын айтқан. Қаладағы Алатау ауданына қарайтын Алғабас ықшам ауданының бұл бөлігінде тұрғын үй құрылысы әлі жүріп жатыр.

"Алғабас" ықшамауданындағы апатты үй (оң жақта). Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.

"Алғабас" ықшамауданындағы апатты үй (оң жақта). Алматы. 2 маусым, 2016 жыл.

​Қазір үй маңы арнайы ленталармен қоршалып, жол-патрульдік полициясы мен төтенше жағдай қызметі күзетіп тұр. Ғимарат маңында екі палатка тігілген.

Азаттық тілшілері оқиға орнына барған түнгі сағат 1:30 шамасында 1/136-үйге жапсарлас үйдегі бірнеше пәтерде жарық жанып тұрды.

"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй (ортада). Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

"Алғабас" ықшамауданындағы тұрғындары көшіріліп, апатты жағдайда тұрған үй (ортада). Алматы, 2 маусым 2016 жыл.

​2012 жылы Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі бес қабатты үйлердің бірі құлап қалған еді. Қарағандыдағы үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG