Accessibility links

Ақша «жейтін» валидатор немесе жолақы машақаты


Қаладағы автобус көліктері біріндегі валидатор құрылғысы. Алматы, 29 тамыз 2012 жыл. Көрнекті сурет.
Қаладағы автобус көліктері біріндегі валидатор құрылғысы. Алматы, 29 тамыз 2012 жыл. Көрнекті сурет.
Тұрғындардың айтуынша, Алматы автобустарындағы валидаторлар жолақыдан артылған ақшаны жиі «жейді». Бірақ жауапты компания «валидатордың кінәсі жоқ» деді.

Алматы тұрғыны Светлана Пьянова күнде таңертең баласын №79 автобуспен балабақшаға апарып, кешке алып қайтатынын айтты. Бірде қалтасына арғы-бергі жол шығынын ғана салып шыққан Светлана артық ақшасын «жеп қойған» валидатордың кесірінен үйіне баласын көтеріп жаяу қайтыпты.

Автобус жүргізушісі «Менiң жазығым қанша? Артық ақшаңды валидатордан сұра. Жүргізуші қайтарып бере алмайды» деп жауап беріпті. Светлана Пьянова «Жолаушыларға неге алдын-ала ескертілмейді?» деген сауалына тұщымды жауап естімеген.

Азаттық тілшісі сұқбаттасқан жолаушының басынан өткен бұл жағдай – бірлі-жарым оқиға емес. Алматыдағы қоғамдық көлік жолаушылары автобустарға орнатылған валидаторлар кейде салған ақшаның артығын қайтармайтынын жиі айтады. Құрылғыны орнатушы фирма өкілдері «бұл арада валидаторлардың кінәсі жоқ» дейді.

КӨНБІС ЖОЛАУШЫЛАР

«Абай, оптовка, барахолка! Өтіңдер, өтіңдер! Тез, тез!» деп аялдама сайын жар салып, жолаушы шақырған кондукторлардың жағында тыным жоқ. Күнде таңертең Алматы тұрғындары аузы-мұрнынан шыққан автобустарға лық толады.

Темекісінің түтіні қолқаны қапқан жүргізуші аузында – былапыт сөз. Автобустағы
Қала тұрғыны Светлана Пьянова. Алматы, 2012 жылдың тамызы.
Қала тұрғыны Светлана Пьянова. Алматы, 2012 жылдың тамызы.
қатты музыкадан құлақ тұнады. Бірен-саран жан ғана күңкілдеп, наразылық білдіргені болмаса, жолаушылардың көпшілігі үнсіз.

– Осыдан бір ай бұрын жолақысы қымбаттағанда ешкім қарсы болмады. Билікті іштей бір сыбап алып, халық сол көнбіс қалпы кете берді, – дейді Светлана Пьянова.

Оның ойынша, «Халық наразылық танытуға батпайды. Жолақысын қымбаттады екен, онда қызмет көрсету деңгейін де көтерсін».

Светлана Пьянованың сөзін Лариса Курсанова мен Марина Кузнецова сияқты басқа жолаушылар да қостады. Олардың пікірі ортақ: автобустың іші лас, бір-бірімен жарысқан жүргізушілер жолаушылардың қауіпсіздігін ойламайды.

«ПЛАСТИК КАРТАҒА КӨШЕМІЗ»

«Алматыэлектротранс» компаниясы бастығының орынбасары Лемар Огай жүргізушінің дөрекілігіне – жұмыс беруші, ал валидатордың ақауына – BestCard фирмасы жауапты екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, жолаушылардан шағым түссе, жолаушы тасымалдаушы мекеме жүргізушіге қатысты шұғыл шара қолданып, тіпті оны жұмыстан шығаруға
«Алматыэлектротранс» компаниясы бастығының орынбасары Лемар Огай. Алматы, 23 тамыз 2012 жыл.
«Алматыэлектротранс» компаниясы бастығының орынбасары Лемар Огай. Алматы, 23 тамыз 2012 жыл.
дейін жаза қолданады. Бұған дейін 26 жүргізуші жұмыстан шығарылған. Тәртіп бұзған жүргізушіге әуелі бір айлық жалақысы көлемінде айыппұл салынады, екінші жолы бірден жұмыстан шығарады. Жұмыстан бұлай шыққан жүргізушіні бірде-бір кәсіпорын жұмысқа алмайды.

Лемар Огай «жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін арттыру жөнінде жұмыс жүргізілетінін» айтты. Жүргізушілердің тәртібін қарайтын кеңестер барлық автобус парктерінде бар. Оның пікірінше, қазіргі валидаторлар ескірген, бірақ жүргізуші валидатордың ақауын анықтай алмайды әрі оның жолаушылардан ақша алуға құқы жоқ.

Огайдың айтуынша, мұндай оқиға жолақы қымбаттаған 23 шілдеден бері жалғасып келеді. Алматыда 106 маршрут бар, жүргізушілердің орташа жалақысы – 90 мың теңге шамасында (600 долларға жуық)

«Алматыэлектротранс» бастығының орынбасарының айтуынша, жақында Алматының қоғамдық көліктеріне электронды пластик карта енгізіледі.

Лемар Огай жолаушы әйелдің жүргізушімен кикілжіңі туралы «жүргізуші валидатордың қай сәтте істен шығатынын білмейді» деген уәж айтты.

– Таңертең валидатор ақаусыз жұмыс істеп тұрады. Күні бойы неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Алайда жүргізуші валидаторға салған жолақыдан артық ақшаны қайтаруға құқы жоқ. Сондықтан жолаушылар автобус билетінің құнын – дәл 80 теңге алып жүргеннен басқа амалы жоқ, – деді ол.

«ВАЛИДАТОРДЫҢ КІНӘСІ ЖОҚ.»

BestCard компаниясының басқарушысы Құрманбай Сүйіншәлиевтің айтуынша, автобус парктерінің кассирлері валидаторларға ұсақ ақша салған кезде кейбір монеталардың ақауы барын байқамай қалады.

– Валидатор дегеніміз кәдімгі компьютер емес пе! Кейде ол да істен шығады. Мұндай жағдайда жүргізуші тапсырыс береді – біз тексеріп, ақауын жөндеп, іске қосамыз. Екіншіден, валидатор бітеліп қалады. Біздің қызметкерлер апта сайын
BestCard компаниясының басқарушысы Құрманбай Сүйіншәлиев. Алматы, 23 тамыз 2012 жыл.
BestCard компаниясының басқарушысы Құрманбай Сүйіншәлиев. Алматы, 23 тамыз 2012 жыл.
профилактикалық жұмыс жүргізеді. Үшіншіден, автобус кассирлері электр сымдарын күнде кешкісін валидатордан ажыратады. Кейде олар бұл шаруаны салдыр-салақ атқарады, сондықтан валидаторларды ай сайын жөндейміз, – деді Құрманбай Сүйіншалиев.

Оның сөзінше, автобус үнемі қозғала берген соң электр сымдары ажырап кетеді де, валидаторлардың көп жағдайда істемей қалатыны сондықтан.

– Біздің аппаратураны тек мемлекеттік мекемелер ғана пайдаланады. Жеке меншік ұйымдар біздің қызметімізден бас тартты. Кондукторлар жүргізушілерді алдап, түскен ақшаның жартысын қалтасына салады. Сондықтан валидатор пайдалы. Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің Алматы қаласындағы барлық қоғамдық көлік құралдарына валидатор орнату жөнінде 2009 жылы шыққан қаулысы бар, – деді компания өкілі.

Бірақ ол «бақылау камералары орнатылғанына қарамастан, автобус жүргізушілері валидатордағы ақшаны қымқыратынын» айтты. Олар камераларды өшіріп, жауып тастау сияқты айлаға басып, кәсіпорынды шығынға батырады. Әрі бұл келеңсіздік жаппай тараған.

Құрманбай Сүйіншәлиев бұл мәселенің талай рет сөз қылғанын, ұрлық тоқтамаса, фирма кінәлі жандарды сотқа беретінін айтты. Оның мәліметінше, муниципальдық автобустарға – 200, троллейбустарға – 100, трамвайларға – 26, жекеменшік автобустарға 800-дей валидатор орнатылған.

Валидатордың ақауы бар болса, жүргізуші хабарлауы тиіс. Ал жоғарыда сөз болған азамат, артық ақшасын қайтарып ала алмаған Светлана Пьянова автобус паркі басшылығына хабарласқаны жөн. Компания басқарушысының айтуынша, төрт маман күн сайын құрылғыларды тексеріп отырады, сондықтан валидаторлардың бұл арада кінәсі жоқ.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG