Accessibility links

Азаттық радиосы «Абайдың қара сөздері» үнтабағы мен «Блогстан» жинағын шығарды


Азаттық шығарған «Абайдың қара сөздері» үнтабағы мен «Блогстан» жинағы. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.

Азаттық шығарған «Абайдың қара сөздері» үнтабағы мен «Блогстан» жинағы. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.

Жексенбі күні Алматыда «Абайдың қара сөздері» жазылған үнтабақ пен 2010 жылы www.azattyq.org вебсайтында жарияланған үздік блог-жазбалар жинағының тұсаукесер кеші өтті. Қос жинақты Азаттық радиосы шығарып ұсынып отыр.


Желтоқсанның 5-і күні Алматыда Азаттық радиосы компакт-дискіге жазылған, кезінде Гүлжамал Қазақбаеваның оқуымен радиодан таратылған «Абайдың қара сөздері» мен қазақстандық блогшылардың «Блогстан» жинағын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл тұсаукесер кешіне қазақстандық журналистер, блогшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиналған қонақтар алдында алдымен сөйлеген «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джеффри Гедмин сөз еркіндігі мен адам құқығын қорғауды дамытуға атсалысып жүрген қазақстандық тәуелсіз журналистердің еңбегін құрметпен атап өтті.

– Сіздер - игі кәсіптің иесіздер. Біз өмір сүріп отырған қоғамның адам өмірі
«АзатЕуропа/Азаттық» радиосының президенті Джефри Гедмин. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
үшін өте қажетті әртүрлі сұраныстары бар: мықты денсаулық, таза су, ауа, азық-түлік, баспана, т.б. Сол сияқты кез-келген қоғам шынайы, объективті ақпаратты еркін алуға, сөз бостандығына да өте мұқтаж. Радиомыздың қазақ қызметіндегі әріптестер міне осындай мұқтаждықты өтеу үшін үлес қосып келеді, – деді Джеффри Гедмин.

Ол сонымен бірге осы жолы Қазақстанға сапары кезінде Қазақстан үкімет жетекшісімен кездесіп, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының бұл елде ресми және қоғамдық ұйымдармен әріптестік тығыз байланыс орнатуға мүдделі екендігін жеткізгенінен де хабардар етті.

Гедмин мырза журналистиканың қоғамға ақпарат жеткізетін, үйрететін және ынталандыратын қызметтерімен бірге еркін түрде ой-пікір тарататын платформа екенін айта кетті. Ол Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметі бұл бағытта атқарған жұмысында нақты нәтижеге жетіп отырғанын атап өтті.

Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауиннің айтуынша, блог жазу – Қазақстан қоғамында интернетті пайдаланушылар арасында соңғы жылдары ғана таралып, дами бастаған азаматтық журналистканың тың бағыты болғандықтан, Азаттық радиосы бұл іске үлес қосуды жөн деп тапқан.

– Оның үстіне, livejournal.com, blogspot.com сияқты танымал
«АзатЕуропа/Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің директоры Едіге Мағауин. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
блог-платоформалардың Қазақстанда белгілі бір дәрежеде кедергіге тап болуы блогшылар тарапынан наразылық туғызып жатты.

Біз қоғамда осы салада сұраныстың бар екендігін ескеріп өзіміздің azattyq.org вебсайтынан арнайы шағын бет ашып қойдық және өз ой-пікірін жазғысы келген адамдарды сол жерге жазуға шақырдық.

Алғашында екі-үш адам әртүрлі тақырыпқа қысқа сауалдарға жауап беруге қатысса, кейіннен өз жазбаларын жіберетіндердің қатары көбейіп, тұрақты жазатын авторлар қалыптасты, сол сияқты ара-тұра жазып тұратындар да бар.

Осылайша, бүгінде ол парақаша біздің сайтымыздың негізгі құрамдас бөлігіне айналып отыр. Біз биыл сол жерде қазақ және орыс тілдерінде жарияланған тәуір деген жазбаларды осы жыл соңында жеке жинақ түрінде басып шығаруды ұйғардық. Қазақстанда әзірге интернетке қол жеткізе алмаған аймақтағы оқырмандар бұл жазбаларды осы жинақтан оқитын болады деп үміттенеміз, – деді Едіге Мағауин.

Сонымен бірге ол Азаттық радиосы 2003 жылдан бастап эфирден Абайдың қара сөздерін тұрақты беріп тұру дәстүрге айналдырып, Абай пәлсапасы
Блогшы Қанағат Әбілқайыр. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
содан бері Азаттықтың әуе толқынына шыққан бірнеше бағдарламаның мазмұнын байытып, үндесіп келе жатқанын атап өтті.

Азаттық директоры жиналған жұртқа Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Гүлжамал Қазақбаеваның орындауындағы сол қарасөздердің толық жинағы жазылған компакт-дискті таныстырды. Едіге Мағауиннің айтуынша, енді Азаттық радиосының веб-сайтындағы пікірталас – форумда ұшқыр ой-пікір жазған оқырмандарға редакция атынан жүлде ретінде Абайдың қара сөздері жазылған осы үнтабақтар беріліп отырмақ.

Азаттық сайтының оқырмандарына «Блогстан» айдарындағы жазбаларымен танымал блогшы Қанағат Әбілқайыр:

– Егер біз халқымызды жақсы көрсек және сол халқымыз бұрынғыдан да жақсы бола түссін десек, оның кем-кетігін, осы қоғамдағы келеңсіздіктерді, аяқтан шалар, сүріндірер, қазаққа кедергі болар кемшіліктерді жазу, көрсету керек деп ойлаймын. Біздің негізгі мүддеміз сол болатын. Осы тұрғыдан алғанда Азаттықтағы блог парақшасы бізге таптырмайтын ашық майдан алаңы сияқты болған еді. Сондықтан Азаттықтың бұл парақашасы блогқа жасалған жақсы бір мүмкіндік деп қарадық және соны мүмкін болғанынша жақсы жағынан пайдаландық деп есептеймін, – деді.

Жиында сөз алған Қазақстан Жоғары кеңесінің бұрынғы төрағасы,
Солдан оңға: қазақ диссиденті Кәрішал Асан-Ата және Қазақстан парламентінің бұрынғы төрағасы, оппозиция қайраткері Серікболсын Әбділдин. Алматы, 5 желтоқсан 2010 жыл.
оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосының жұмысына қатысты пікір білдірді:

– Азаттық радиосының қазақ қызметі қоғамда құрметтеуге тұрарлық жұмыс істеп келе жатқанын атап айтқан жөн. Екіншіден, менің өзім де осы ұжымның мүшесі сияқты болып кеттім. Азаттық радиосының тілшілері маған хабарласқан кезде, барлық жұмысымды ысырып қойып, журналистердің сұрағына жауап беруге тырысамын. Осыдан екі жыл бұрын осы жерде Азаттық сайтының тұсаукесерінде болған едік, енді міне бүгінгі кездесуден мен ең үлкен, бағалы жаңалық естіп тұрмын – «Абайдың қара сөздерін» таратуды жобаға енгізген екенсіздер.

Абай өзінің 38-ші сөзінде әділеттіліктің бәрінен жоғары екені туралы айтады, сайып келгенде, көп адам әділеттілік үшін жанын да берген. Ал мен Азаттық ұжымына осы әділеттілік жолында күресе білуді жұртқа үйретіңіздер деп тілек айтқым келеді, – деді Серікболсын Әбділдин.


Қос жинақтың тұсаукесер кеші туралы видеоны қараңыз:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG