Accessibility links

Саудагерлер «өрттің себебін нақты айтуды» сұрайды


"Барахолкадағы" жиын
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

"Барахолкадағы" наразылық. Алматы. 18 қараша 2013 жыл.

«Барахолкадағы» жексенбідегі өрттен зардап шеккен жеке кәсіпкерлер 18 қарашада базар маңындағы жолды жаппақ болды. Алматы қаласы әкімін шақырған наразылармен кездесуге аудан әкімі келді.

Алматы қаласының солтүстік жағындағы жұрт «Барахолка» деп атайтын сауда-саттық орнындағы «Құлагер», «Арал» және «Еуразия» базарының 17 қарашадағы өрттен зардап шеккен жеке кәсіпкерлері қарашаның 18-і күні таңғы сағат тоғыздан бастап қала әкімі не базар басшылығы келуін күтті.

Үш сағат бойы қалалық әкімшіліктен ешкім келмеген соң мүліктері өртенген саудагерлер базар маңындағы жолды жаппақ болды. Бірақ полиция мен арнайы жасақ оларды жолдан таратып жіберді. Контейнерлері өртенген саудагерлер «әкім келмей бәрібір кетпейтіндерін» айтып, өрт сөндірген кезде шашылған судан лай батпаққа айналған базар маңында тұра берді.

ӘКІМШІЛІКТІҢ УӘДЕСІ

Түс ауа базарға жеке кәсіпкерлермен кездесуге Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров келді.

– Болған іс болды. Өмір сүру керек. Өздеріңіздің араларыңыздан комиссия құрыңыздар. Өртенген тауар шығындарыңызды, алған несиелеріңізді
Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрттен жүктерін шығарып жатқан адамдар. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрттен жүктерін шығарып жатқан адамдар. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
көрсетіңіздер. Құжаттарыңызды жинаңыздар. Біз дөңгелек үстел өткізіп, шешеміз. Қолдан келгенше көмектесеміз, – деді Алатау ауданы әкімі.

Атқарушы биліктің кәсіпкерлерге көмектесетінін қала әкімінің орынбасары Юрий Ильин де айтты.

– Зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге басқа жерден сауда орнын ұсынамыз. Алған несиелерінің өтеу мерзімін ұзартуға көмектесеміз. Өрттің себебін анықталып, кінәлілерді жауапқа тартылады, – деді ол арнайы ұйымдастырылған брифингте.

Бірақ базардағы кәсіпкерлер «әкімшілік көмектеседі» деген сөзге сенбейді.

– Несиемізді қайтаруға қалай көмектеспек? Одан да әкімдік бізге сауда орнымызды қайтадан қалпына келтіруге жәрдем берсін, – деді жеке кәсіпкерлердің бірі.

САУДАГЕРЛЕРДІҢ КҮДІГІ

38 жастағы жеке кәсіпкер Бәтима бес жылдан бері «Құлагер» базарында сауда жасайтынын, қарашаның 16-сынан 17-сіне қараған түнгі өрттен контейнеріндегі құны 2 миллион теңгеге жуық тауары өртеніп кеткенін айтты.

– Қысқа арнап тауар алып келгенбіз. Енді, міне, тауар да жоқ, орын да жоқ. Біз
Өртеніп кеткен базар саудагерлерін полиция бөгеп тұр. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.
Өртеніп кеткен базар саудагерлерін полиция бөгеп тұр. Алматы, 18 қараша 2013 жыл.
«бұл әдейі ұйымдастырылған өрт» деп отырмыз. Өрт болып жатқанда бензині бар бөтелкелер мен бензинге малынған маталарды көрдік, – дейді ол.

Өрттің шығу себебі жайлы жеке кәсіпкерлердің болжамы бір-бірінікіне ұқсас. Қайрат есімді азамат та «бұл өрт әдейі ұйымдастырылды» деген пікірді қостайды.

– Бізге өрттің шығу себебін нақты айтып, әдейі жасалмағанын дәлелдесін. Тексеру ашық өтсін, – дейді ол.

Қала билігі 2012 жылы қазанда «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін ескерткен еді. Содан бері әкімшілік пен кәсіпкерлер ортақ шешімге келе алған жоқ.

2013 жылы сәуірде «Құлагер», «Арал», «Аягөз», «Дәстүр», «Адам» базарларының саудагерлері осы базарлардың жабылуына наразылық танытып, бизнестерінен айрылмайтындарын айтқан. Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сергей Куяновтың айтуынша, Алматы соты бұл базарлар өрт қауіпсіздігі мәселесіне байланысты «жабылуы тиіс» деген шешім шығарған.

Соңғы екі айдың ішінде Алматының «Барахолка» базарында осымен екінші үлкен өрт болып отыр. Бұның алдында, 13 қыркүйек күні «Барахолкадағы» «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген.

Алматыда базарлардың басым көпшілігі 1990 жылдары ашылған. Қалалық әкімшіліктің сөзінше, «ол базарларда құрылыс және санитарлық ережелер мүлдем сақталмаған, әрі базарлар көлік жолына кедергі жасайды».
XS
SM
MD
LG