Accessibility links

Тіленші ана жиендері үшін қайыр сұрап жүргенін айтады


Қайыр сұрап отырған Гүлнар апа. Алматы, 13 қыркүйек 2011 жыл.

Қайыр сұрап отырған Гүлнар апа. Алматы, 13 қыркүйек 2011 жыл.

«Көзім тірі тұрғанда жиендерім жетімдер үйінде жәутеңдемесінші деп осы кәсіпке бел будым. Өйткені өзім де сегіз жасымнан бастап балалар үйінде әкемді күтумен күндерімді өткізген едім» дейді біздің бүгінгі кейіпкер.


Алматы қаласындағы Абылайхан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысында орналасқан жер асты жолының кіре берісінде орта жастағы ана қайыр тілеп отырды. «Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғынымын» деп таныстырған әйелдің аты Гүлнар еді.

ЕСКІ ТАНЫС

Ол кезде шілде айы болатын. Алматының аптап ыстығында әдеміше киінген, түріне қарасаң «қайыршы» деуге келмейтін орта жастағы ана жол бойында алақан жайып отырды. Құшағындағы бес-алты жасар қыз баланың беті ыстықтан, әлде аштықтан болар, бөртіп кетіпті. Тіленші әйелдің киім киісі, іс әрекеті оғаштау көрінді. Көзіміз көргенімен, көңіліміз сенбеді. Қасына жақындап келіп жөн сұрадық.

– Қызым қайтыс болған еді. Артында екі баласы қалды. Күйеу балам басқа әйелге үйленіп кетіп қалды. Қызымның өмірден өткен күні жақындап келеді. Соған құран оқытып, ас бермек ниетімен ақша жинап отырмын. Қарайласар ешқандай туыс-жұрағатым да жоқ, – деген еді Гүлнар.

Содан бері үш жыл өтті. Бұл кісіні одан кейін көрмеген едік. Жуықта тағы да кездейсоқ жолығып қалдық. Таныдық. Қасында кішкентай қызы жоқ. Алдына шағын тостаған қойған ана бір жерге үңіле қадап, кірпік қақпай отыр екен. Ақша тастаған бізге ерін ұшымен рахмет айтты. Тізе
Жер асты жолының алдында қайыр сұрап отырған Гүлнар апа. Алматы, 13 қыркүйек 2011 жыл.

бүгіп, қасына жайғасып едік, өң-әлпеті лезде өзгеріп, көзін төмен сала берді. Әлденеден секемденген адамша сәлемімізге де жауап қатпады. Тек біздің кім екенімізді білген соң ғана тілге келді.

«ҚАЙЫР ТІЛЕУ – ҰЯТ ЕМЕС, БАЛАНЫ АШТАН ӨЛТІРГЕН – ҰЯТ»

– Ауылдан «Көк базарға көк шөп сатамын» деп кетемін. Ондағылар мені сауда істеп жүр деп ойлайды. Сендер келіп қасыма отырға сәтте ауылдан келген біреулер екен деп, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым, – деді.

Біз өзін үш жыл бұрын көргенімізді, ол кезде алдында кішкентай қызы болғанын есіне салдық.

– Иә, оларың рас. Сол қыз қазір екінші сыныпта оқып жүр. Одан үлкен ұл бар. Төртіншіде оқиды, – деді де, фотоаппаратымызды көріп: – Суретке түсірмей-ақ қойыздаршы, танитындар көріп қойса – ұят қой. Балалар да есейіп қалды. Намыстанып, менен жиреніп кетер, – деді. Тек сыртынан суретке түсіруге рұхсат етті.

«Тіленшілік жолға түскеніңізге қанша уақыт болды?» деген сауалымызға «Өздерің алғаш көрген жылдан бастап» деп жауап қатты қайыр тілеп отырған ана.

– Алғашында немеремді құшақтап, бір апта келіп-кетіп жүрдім. Сол кезде осы жерде домбырамен ән айтып бір қазақ апа тұратын. Сол кісі «Қайыр тілегеннен емес, ана баланы көзің қиып аштан өлтіргеннен ұял» деп ұрысты, – дейді Гүлнар

«Күніне мың, мың жарым теңге табамын. Өздерің алғаш көрген кезде үш-төрт мың теңгеге дейін табатынмын. Алдымда бала отырғаннан кейін бе, әлде адамдардың ниеті дұрыс болды ма, әйтеуір өткен жандардың барлығы ақша тастайтын еді» дейді ол.

КҮНІНЕ – БІР НАН, БІР «КИТАЙСКИЙ ЛАПША»

Биыл 58-ге келген Гүлнар 8 жасында анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген екен.

– Қазіргі Тараз қаласында үлкен балалар үйі болған еді. Сонда өстім. Жолдасым да «детдомский» болған. Ерте қайтыс болды. Тігінші болып істедім. Тәуелсіздік алғаннан кейін жұмыссыз далада қалдым. Қызымның қайтыс болғанына биыл сегіз жыл толады. Артында қалған екі баласын
Алматы көшесіндегі қайыр тілеп отырған әйел. Алматы, 13 қыркүйек 2011 жыл.

балалар үйіне өткізуге көзім қимайды. Өйткені ондағы жағдай менің де басымнан өтті ғой. Менің тағдырымды қайталамасыншы деймін, – деген Гүлнар көзіне жас алды.

«Екеуін көршінің үйіне тастап кеттім. 15 күнде ауылға бір барып қайтамын. Жаңа оқу жылы басталар алдында «Развилка» базарынан киілген киім мен оқуға керекті заттарын апарып бердім. Баққаны үшін көршіге де ақша төлеуім керек. Екеуіне мемлекеттен төленетін жәрдемақы – 7 мың теңге» деп күрсінді тіленші әйел.

Ол Алматыдағы «Барахолка» базарының маңындағы үйлердің біріне күніне 100 теңге төлеп, түнеп шығады екен.

– Күніне бір нан, бір «китайский лапша» алып жеймін. Менің қазіргі қорегім сол ғана, – дейді Гүлнар.

Гүлнар апа құқық қорғау қызметкерлері көріп қойса, отырғызбай қуалайтынын айтқан еді. Азаттық радиосының тілшілері Гүлнар сияқты жандардың жайын сол маңда жүрген учаскелік полицейлерден сұрап көрмек болды.

– Бізге бұл жерде ештеңе айтуға болмайды. Сұрақтарыңыз болса ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне хабарласыңыздар, – деп ат-тондарын ала қашты учаскелік полицейлер.

Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтерген Дәулет есімді қызметкер «баспасөз қызметі жетекшісінің жиналыста отырғанын, жуық арада босамайтынын» айтты. Бұдан кейін Алмалы аудандық учаскелік полициясына қоңырау шалғанымызда, өзін «Алмалы ауданының учасковойымын» деп таныстырған бейтаныс қызметкер «Сіз бастығымыз Жасұланға хабарласыңыз. Бәрін айтып береді» деді. Бірақ Жасұлан бастықтың телефоны қанша хабарласқанымызбен жауап бермеді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG