Accessibility links

«Аялдама бизнесінен» дау шықты


Аялдама. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
Аялдама. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.

Алматы аялдамаларындағы қызмет көрсету нысандары бұзылып жатыр. Кәсіпкерлер «жеп отырған нанымыздан айырды» деп әкімшілікті айыптаса, жергілікті билік мұның бәрі «қала көркі үшін» жасалып жатқанын айтады.

Кәсіпкер Гауһар Әбішева 2000 жылы Алматы әкімшілігінен жалға жер алып, аялдама аумағынан дүкен ашқан. Соның арқасында бала-шағасын асырап жүргенін айтқан кәсіпкер енді «жеке бизнесімнен айрылып қаламын ба» деп алаңдайды.

Гауһар Әбішеваның айтуынша, қала әкімшілігі осыдан бірнеше жыл бұрын жерді жалдау туралы келісім-шартты ұзартпай қойған, ал өткен жылдан бері орнынан қуа бастаған.

Кәсіпкер Гауһар Әбішева. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
Кәсіпкер Гауһар Әбішева. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
– Былтыр күзде жер басқармасынан келді. Осыдан үш ай бұрын әкімшіліктен келді. Онан кейін де бірнеше мәрте келді. Бірақ қолдарында бірде-бір қағаздары жоқ. «Дүкенімді сүруге құқықтарың жоқ. Қағаздарың қайда? Бір ай мерзім берулерің керек. Мына тауарларды бітіру үшін де уақыт керек» деп, рұқсат берген жоқпын, – дейді ол.

Кәсіпкер «жеп отырған нанынан айрылғысы келмейтінін», «бизнесі үшін соңына дейін күресетінін» айтты.

– Мен ол жерде салық төлеп отырмын. Жалға алу бағасы да уақыт өткен сайын өсіп кетті. Соған қарамастан уақытында төлеп отырмын. Өзімнің бизнесімді бермеймін. Мен өз жұмысымды өзім істегім келеді. Ешкімнен ештеңе ұрлап отырған жоқпын. Аялдамамызды қалдырсын. Басқа ештеңе де керек жоқ, – дейді ол.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ УАЙЫМЫ

Гауһар Әбішева сияқты, жеке бизнесінен айрылудан қауіптеніп отырған кәсіпкерлер көп. Олардың кейбірі тамыздың 6-сы күні Алматыда жиын өткізіп, Алматы қалалық мәслихатының 2007 жылы қабылданған шешімінің күшін жою керек екенін айтты.

Ол шешім бойынша қаладағы дүкені бар аялдамалар бұзылып, оның орнына қызмет көрсету нысандары жоқ аялдамалар салыну жоспарланған. Ресми дерек бойынша, бұл шешім қаланы көгалдандыру мақсатында қабылданған.

Кәсіпкерлердің көбі әкімшіліктің «диалогқа құлықсыз екенін», олардан әлі күнге дейін анық жауап ала алмағандарын айтты.

Заңгер Татьяна Хлопотенко. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
Заңгер Татьяна Хлопотенко. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
– Жер кодексінің 37-бабына сәйкес, жалға алушы келісім-шартты ұзартқысы келсе, ал жалға беруші мұнымен келіспесе, онда жалға беруші нақты сәйкес жауабын беруі тиіс. Алайда біз мұндай нақты жауапты естімедік. Түсіндірусіз ешкімнің келісім-шартты бұзуға құқығы жоқ, – дейді заңгер Татьяна Хлопотенко.

Ол сөз арасында қызының Мақатаев пен Сейфуллин көшесінде орналасқан дүкенін сот орындаушылары бір түнде бұзып тастағанын баяндады.

Кәсіпкерлерді өтемақы мәселесі де алаңдатады. Ауған соғысының ардагері, мүгедек Павел Хижняк 2000 жылдардың басында дүкенді салу үшін жеке пәтерін сатқанын, ал 2011 жылы келісім-шартын ұзарта алмаған соң отбасылық бизнесінен айрылғанын айтады.

«ТЕНДЕР ЖЕҢІМПАЗЫ – РТС DECAUX»

Бизнестері аялдамаға байланысты кәсіпкерлердің заңгері Татьяна Хлопотенконың ойынша, «әкімшіліктің шешіміне лауазымды тұлғалар ықпал еткен».

Қазір Алматыда аялдама кешендерін салып жатқан – РТС Decaux компаниясы. Ол компанияның 30 пайыз акциясына Lancaster Group компаниясы иелік етеді. Оны РТС Decaux Азаттыққа берген жазбаша жауабында да растады. Ал Lancaster Group-тың сайтындағы дерекке қарағанда, компанияны құрушылар қатарында қазіргі бірнеше министр бар.

РТС Decaux компаниясының Алматыдағы кеңсесі. 4 шілде 2013 жыл.
РТС Decaux компаниясының Алматыдағы кеңсесі. 4 шілде 2013 жыл.
РТС Decaux компаниясы 2010 жылы аялдама кешенін салуға қатысты әкімшілік өткізген ашық байқауға қатысып, жеңіп алғанын жазады. Әкімшілікпен жасалған келісім-шарт бойынша компания қалада сауда нүктелері жоқ 500 аялдама кешенін салмақ. Дерек бойынша, оның 380-ы салынып қойған.

РТС Decaux компаниясы Азаттыққа берген жауабында «бизнесінен айрылып отырған кәсіпкерлердің проблемасын түсінетінін» жазып, әкімшілікке «аялдамадан тыс көше саудасының ортақ желісін құру жобасын ұсынғанын», «қазір инвестициялық жобаны қалалық әкімшілік қарап жатқанын» баяндаған.

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Аман Әбдірамановтың айтуынша, бұрындары салынған аялдама дүкендері санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Оның сөзінше, бұған дейін шамамен 500 аялдамаға қатысты материалдар сотқа беріліп, оның 342-сіне қатысты сот шешімі шыққан.

Аялдама. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
Аялдама. Алматы, 6 тамыз 2013 жыл.
– Ол жердегі сатушылардың жағдайы еңбек кодексіне сәйкес емес. Дүкен болғандықтан қоғамдық көліктерге де кедергі жасайды. Бұған қоса орталық коммуникация, канализациялары да жоқ. Дамып бара жатқан мемлекеттерді алсақ, Астанамызды алсақ, аялдама кешендері халыққа қызмет көрсету нысандарынсыз салынып жатыр. – дейді Аман Әбдіраманов.

Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасарының айтуынша, «Алматыда 917 аялдама кешені тіркелген. Оның 405-і заңды түрде жұмыс жасап жатыр: 380-і РТС Decaux компаниясына тиесілі, қалған 25 нысанның жалға беру мерзімі бітпеген».

ВИДЕО САУАЛНАМА: "Аялдамадағы дүкенді бұзу шешіміне қалай қарайсыз?"

Аялдамадағы дүкендер қолайлы ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG