Accessibility links

Қоғамдық көлікке жұрттың талабы мен биліктің уәдесі


Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.

Қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.

Алматы әкімдігі қаладағы жолаушы тасымалдау ережесін бұзғандарды әшкерелейтін фото және бейнематериалдар жарияланатын интернет-сайтты жақын арада іске қосуға уәде берді.

Алматыда қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар мен троллейбустардың сын көтермейтін қызметі тұрғындардың дастархан басында, блогтар мен әлеуметтік желілерде жиі талқылайтын тақырыбына айналған. Бұл мәселеге қатысты жұрттың арыз-шағымы да жетерлік. Онда жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатыны, көбі айлық жолақы билетімен жүретін зейнеткерлерді, оқушылар мен студенттерді көлікке отырғызбайтыны айтылады.

Тұрғындар қала әкімі Ахметжан Есімовке арнайы онлайн-петиция жазып, қол жинауды да бастаған. Өзін Ернұр деп атаған адам бұл петицияда «Қоғамдық көліктер, әсіресе автобустар былыққа белшесінен батқан. Ешқашан билет бермейді, жолаушыға таласқан жүргізушілер жолда өзара жарысады, бір-бірімен боқтасып, салонда темекі шегеді. Жолаушылардың өміріне қатер төндіріп, автобустың тежегішін кілт басады, өздері адам құқығын ойыншыққа айналдырып алды! Мен Алматыдағы қоғамдық көліктегі шектен шыққан былыққа наразымын!» деген жазба қалдырған.

Билік қоғамдық көлікте тәртіп орнату мақсатында арнайы интернет-сайтты іске қосуға уәде беріп отыр. Алайда мұндай қадамдар бұрын да болған.

Муниципалдық автопарктің иелігіндегі автобусқа мінген жолаушылар. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.

Муниципалдық автопарктің иелігіндегі автобусқа мінген жолаушылар. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.

Осыдан жарты жылдай бұрын Алматының жолаушылар көлігі басқармасы қоғамдық көлікті тексеру үшін әлдебір мобильдік топтар құрған еді. Содан бері ақпарат құралдарында «Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, жолаушыларға билет берілмейді, салонда ақпараттық парақтар жоқ, жүргізушілер аялдамадан тыс жерде тоқтап, жолаушыны түсіреді, қосымша орындықтар қойып тастайды. Тексеру нәтижесінде бәленше жүргізуші жұмыстан шығарылды» деген сарындағы хабарламалар ара-тұра жарияланады.

Жұмыстан шығарылған жүргізушілердің санынан қалалықтар жаңылғанымен, бұл шаралар әзірше ешқандай нәтиже бермей отыр.


КӨЛІК «ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ»

Алматыдағы №337 бағыттағы автобус кондукторы «Саяхат – прямапаТашкентск-и-й» деп айқайлап қояды. «Алтын Орда» базарының қарсы бетінде қоғамдық көлік тоқтайтын соңғы аялдамада жаңадан үлкен тұрақ ашылған. Бұрын осы жерде автобустар көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолдың үстінде тізіліп тұратын. Қазір жағдай біраз реттелгені байқалады: әр бағыттың автобустары үшін жеке алаңдар бөлінген, «мини-автовокзалда» қоқыс тастайтын жәшіктер қойылған. Алайда алақандай жердегі өзгеріске қарап, бүкіл қалада өркениет орнапты деп ойлауға болмайды.

«Алтын Орда» базары жанындағы автобус тұрағы. Алматы облысы, 17 сәуір 2013 жыл.

«Алтын Орда» базары жанындағы автобус тұрағы. Алматы облысы, 17 сәуір 2013 жыл.

Кондукторы «Саяхат – прямапаТашкентски-й-й, отъезжа-а-а-е-м!» деп жар салып, жолаушы шақырып тұрған автобустың салонына екі бума банан көтерген бойжеткен жүгіріп кірді. Енді ашық есіктен оның «Банан аламыз!» деген үні естілді. Аялдамаға келіп тоқтаған №112 автобусқа отырып, қоғамдық көлік қызметінің сапасын бақылау үшін жолға шықтым. Маршруттың о шеті мен бұл шетіне дейінгі сапар келеңсіз оқиғасыз өтті деуге де болады. Жүргізушінің бір жолаушыны өтініш бойынша жолдың үстіне тастап кеткені «үйреншікті жайтқа» айналған көрініс.

Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысында салонға егде жастағы әйел кірді. Қайыр-садақа сұрап, қолын жайған ол жұрт ұстатқан тиын-тебенді жиып алып, келесі аялдамадан түсіп қалды. Алматы автобустарындағы бұл көрініске де жұрттың көзі үйренген.

Соңғы аялдамаға келгенде жүргізуші мен кондуктормен таныстым. Екеуі де Алматы облысынан екен. Өмір бойы жүргізуші болып істеген Әлисұлтан күн көріс қамымен қалаға келіпті. Әділбек – 20 жылдық стажы бар орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Онсыз да мардымсыз айлығын кесіп тастаған соң, ол да жұмыс іздеп ауылын тастап қалаға келген.

Автобуста келе жатқан жолаушылардан қайыр сұрап жүрген әйел. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.

Автобуста келе жатқан жолаушылардан қайыр сұрап жүрген әйел. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл.

– Біздің ауылда мұғалімге тапшылық жоқ. Бірақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды ауылға жібере бастады. Директор біздің сағаттарымыздың жартысын соларға берді, – дейді Әділбек.

Бірақ мектеп әкімшілігін кінәлауды жөн көрмеген ол «Енді қайтсін, госпрограмма ғой» деді.

Екеуіне жұрттың көкейіндегі «Автобустардың жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін неліктен жиі бұзып, жолда апатты жағдай тудырады, жолаушыларды бағдаршамның жанында неге түсіреді?» деген сұрақты қойдым.

– Қалада соңғы аялдамалары ғана әртүрлі, бірақ маршруты бір автобус көп. Бәріміз жоспар орындауға жанталасамыз. Әйтпесе, жетпегенін жүргізушінің жалақысынан ұстап қалады. Сондықтан жолаушыға таласып, бір-бірімізбен жарысуға тура келеді, - дейді бұрынғы мұғалім.

Алматыдағы №4 автопарк жүргізушілерінің күнделікті жоспары шамамен 14 мың теңге (жүз долларға жуық), айлық жалақысы 30 мың мен 50 мың теңге аралығында (200-300 доллар). Жолаушылардан шағым түспесе немесе ереже бұзбаса жалақыға аздаған үстеме қосылады. Штатта кондуктор қызметі қарастырылмаған. Жұмыс беруші жолаушыларға билет сатқаны үшін жүргізушінің жалақысына 10 пайыз қосып төлейді. Көлік айдап келе жатып оның қалай билет сататынында кәсіпорын басшылығының шаруасы жоқ. Сондықтан билет сатуға біреудің әйелі, біреудің баласы шығады. Жүргізушілердің көпшілігі көмекші жалдап, оған өз қалтасынан төлейді.

Барахолка базарындағы көлік кептелісі. Алматы, 21 сәуір 2013 жыл.

Барахолка базарындағы көлік кептелісі. Алматы, 21 сәуір 2013 жыл.

Қала автобустарының жүргізушілері күнделікті табысын «диспетчер» деп аталатын көмекшілерімен де бөліседі. Олар аялдамада тұрып автобустардың жүріс кестесін қадағалайды.

– Көбірек жолаушы жинап алу үшін кейбір жүргізушілер жүріс кестесін бұзып, артында келе жатқан автобустардың жүргізушілеріне обал жасайды. Мен кімнің қай уақытта келіп-кеткенін қадағалап, жазып тұрамын, - дейді өз мамандығының қыр-сырын түсіндірген Нұрғали есімді «диспетчер».

Қоғамдық автобустарды төңіректеп, нәпақа табатын тағы бір топ бар. Олар – Қазақстанда «өзін өзі қамтитын халық» деп атап кеткен жұмыссыздар. Бұлар жүргізушілер мен кондукторларға тамақ сатады.

Соңғы аялдамалардың біріндегі аты дардай «кафені» – шағын киоскіні Гүлжан Құралбай туыстарымен бірге жалға алыпты. Көлемі тоғыз шаршы метрден аспайтын аядай бөлменің бір бұрышынан ас бөлмесін жабдықтап қойған. Жүргізушілер мен кондукторлар осы «кафеде» тамақтанады.

– Кәсібіміз бәлішке ғана қарап қалды. Бұрын жігіттер ыстық тамаққа тапсырыс беруші еді, енді құрғақтай бірдеңені қаужалай салатын болды, - деп қынжылады Гүлжан Құралбай.

Автобус аялдамасында "кафені" жалға алған кәсіпкер Гүлжан Құралбай. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.

Автобус аялдамасында "кафені" жалға алған кәсіпкер Гүлжан Құралбай. Алматы, 18 сәуір 2013 жыл.

Осы мезетте «кафеге» кірген жасөспірім оның сөзін растағандай, картоп қосылған екі бәліш сұрады. Көптен таныс жандар бір-біріне сенетіндіктен, бұл жерде тамақты «жаздырып» алуға да болады. Өзін «Рүстем» деп таныстырған жас жігіт Шығыс Қазақстаннан келіпті. Алматыда алты жыл кондуктор болып істеген ол бұл шаруаның жай-жапсарын бес саусақтай білетінін айтады.

– Жолаушылардың жартысынан көбі қазір айлық жолақы билетімен жүретін болды. Түсетін ақша азайғанымен, қожайындарымыз күнделікті жоспарды қысқартпайды, - дейді Рүстем.

Рүстем қала тұрғындарының өкпе-базынасының орынды екенімен келіскенімен, «жүргізушілер мен кондукторлардың да жағдайын түсінген жөн» деген уәж айтты.

– Жоспар бойынша біз маршрутты 1 сағат 20 минутта жүріп өтуіміз керек. Бірақ жолға екі сағаттай уақытың кетеді де, жоспарланған төрт рейстің орнына кей күндері үш-ақ рейс жасап үлгереміз. Жолаушылардың көбі жолақы билетін сатып алған, бір салон кісі тасисың, ал түсетіні мардымсыз. Бензиннің бағасы қымбат, жанармайды өз қалтаңнан құясың, сынса өз есебіңнен жөндейсің. Маршрутымыздың әр нүктесін жақсы біліп алдық, қай аялдамада, қай мезгілде студенттер тұратынын білеміз. Бәрінің қолында айлық жолақы билеті бар, текке орын алады деп, кейде оларды алмай кететініміз рас, - дейді Рүстем.


«ЖОСПАРДЫ САЙТТАН ОҚИСЫЗДАР»

Алматыдағы №4 автопарктің бас директоры Базарбай Юнусовтың айтуынша, бұл саладағы ең өзекті проблема – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Оның қол астында жұмыс істейтін 150 жүргізушінің бәрі Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, жөні түзу жұмысқа орналаса алмағандар. Айына 50 мың теңгеге (300 доллардан сәл астам) таңғы алтыдан түн ортасы ауғанша көлік айдауға шеберлігі мықты жүргізушілер келіспейді дейді кәсіпорын басшысы.

Алматыдағы №4 автопарктің бас директоры Базарбай Юнусов. 18 сәуір 2013 жыл.

Алматыдағы №4 автопарктің бас директоры Базарбай Юнусов. 18 сәуір 2013 жыл.

Алайда Базарбай Юнусов таяуда жағымды өзгерістер болады деп сендіреді. Автопарк өз жүргізушілерін бір айдың ішінде бұрынғы совет мектебінің оқушылары сияқты қара шалбар, ақ жейде киіндіріп шығуы тиіс. Бұл «программа-минимум» ғана. Ал «программа-максимум» бойынша қоғамдық көлікте жол ақыны электронды әдіспен төлеуді енгізу жоспарланған. Яғин, автобус, троллейбус салонына кірген жолаушы межелі жеріне жетіп, көліктен түсерде магниттік карточкасы арқылы арнайы құрылғымен есеп айырысатын болады. Жолаушының виртуалды әмиянынан жол ақысын ұстап қалған соң барып турникет жол ашады.

– Енді автобус жүргізушісі жалақыны жүрген шақырымына қарай, айына кемінде 150 мың теңге (1000 доллар) алатын болады. Ал кондуктордың қажеті болмай қалады, - деп сендіреді автопарк директоры.

Алматы әкімдігі қаладағы жолаушы тасымалы саласындағы проблеманы шешу үшін жеке меншік кәсіпорындармен бәсекелес болатын муниципалды автопаркті кеңейткен жөн деп отыр. 2010 жылы желтоқсанда Алматыда құрылған алғашқы муниципалды автопаркке Европалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) бөлген кредитке алынған газбен жүретін 200 автобус пайдалануға берілді.

– Жеке меншіктің бәрі бірдей тиімді жұмыс істей бермейді. Біздің муниципалды автопаркте еңбекақы 150 мың теңгені құрайды, жүргізушілер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады, арнайы киімі бар, автобустардың жағдайы тексеріліп отырады. Бұл жеке меншікке берілген белгі еді. Бірақ оларға жеткенше, біз ЕҚДБ-мен бірге екінші бағдарламаны жүзеге асырып, тағы 200 автобус сатып аламыз деп шештік. Және 200 автобусты біз жергілікіті бюджет есебінен аламыз. Сөйтіп, қазір қаладағы 1800 автобустың 600-і жеке меншікке жақсы бәсеке болады, – деді Алматы әкімі Ахметжан Есімов сәуірдің басында қаланың көлік инфрақұрылмына арналған қоғамдық тыңдауда.

Алматыда жолаушы тасымалын жақсартуға арналған жоспарлардың барлығы жақын арада іске қосылатын арнайы сайтта жарияланатын болады деп сендіреді шенеуніктер.

Қаладағы жолаушы тасымалдау сапасын жақсарту үшін Сіз қандай шаралар қолдану қажет деп есептейсіз?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG