Accessibility links

2014 жылы газға толық көшетін Алматы тұрғындары көмірге зар


Үйлерінің көбі газбен қамтылған Алматыда көмір бұрынғыдан бірнеше есе азайып, бағасы қымбаттап кетті. Қаланың баспанасы газ желісіне қосылмаған тұрғындары көмір іздеп әлек.

Күн суытқалы Алматы қаласының үйлерін көмірмен жылытатын тұрғындары отын іздеп әбігерге түсе бастады.

– Шаңырақта тұрамын. Бізге әлі газ жеткен жоқ. Көмір іздеп сабылып жүргеніме бір апта болды, – дейді Азаттық тілшісіне қала шетіндегі көмір қоймаларының бірінің маңында жолыққан Қайсар есімді азамат.

«ҚОЙМАҒА БҮГІН 240 ТОННА КӨМІР ҒАНА КЕЛДІ»

Азаттық тілшісі қаланың солтүстік-шығыс шетіндегі көмір қоймасына таңғы сағат 10 шамасында барған еді.

– Көмір бітті. Енді басқа қоймаларға бару керек. Кеше жеті вагон көмір келген еді. Түске жетпей бітіп кетті. Бүгінгі төрт вагон көмір, міне, сағат 10-ға дейін таусылып қалды. Екі ай болды, осылай боп тұр, – дейді қоймадан шығып келе жатқан көлік жүргізушілерінің бірі.

Көмір сатушылардың сөзінше, қазір қоймаға тек Қаражыраның (Шығыс Қазақстан Көмір қоймасындағы жұмысшылар. Алматы, 13 қараша 2013 жыл.

Көмір қоймасындағы жұмысшылар. Алматы, 13 қараша 2013 жыл.

облысындағы көмір кеніші) көмірі келіп жатыр, ал Шұбаркөлдің (Қарағанды облысындағы көмір кеніші) көмірі мүлдем жоқ.

– Былтыр күніне 20-25 вагон көмір келетін. Егер Ресейде жасалған вагон болса, оған 60 тонна көмір сияды. Ал Қытайдың вагоны болса, 70 тонна көмір сияды. Мысалы, бүгін келген төрт вагон да – ресейлік вагондар. Яғни 240 тонна ғана көмір кеп тұр. Ол не болады, – дейді көмір сатушы.

Былтыр Алматыда тоннасы 9 мың теңгеден сатылған көмір биыл қымбаттап кеткен.

– Көмірді қоймадан келіп алсаң, тоннасы – 11 мың 500 теңге. Бірақ жеткізіп бергеніміз үшін 5 мың теңге қосымша төлейсің. Ал былайша тоннасын 15 мың теңгеден сатамыз, – дейді көмір қоймасында жүрген Еркін есімді сатушы.

Орташа есеп бойынша, алматылықтар бір үйді жылыту үшін қыс бойы бес-алты тонна көмір жағады.

«АЛМАТЫ ГАЗБЕН 80 ПАЙЫЗ ҚАМТЫЛҒАН»

Көмір іздеп жүрген қала тұрғындарының бірі үйінің іргесінен газ құбыры өтіп жатқанын, соны үйге дейін тартқызуға шамасы келмей отырғанын айтты.

– Үйге дейін құбыр тартатын жер бес метр ғана болады. Соған 350 мың теңге сұрап отыр, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қаланы газбен қамтамасыз етумен айналысатын «КазТрансГаз-Алматы» Газ өткізілетін жолға қойылған белгі. Алматы қаласы, Алатау ауданы, 15 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Газ өткізілетін жолға қойылған белгі. Алматы қаласы, Алатау ауданы, 15 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

акционерлік қоғамының аты-жөнін атамауды сұраған өкілінің сөзінше, «газ желілерін үйге тарту құны ара қашықтықтың алыс-жақындығына байланысты».

– Жеке тұрғын үйлерді газ желілеріне қосу жұмыстарының құны жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес. Ол баға тұрғын үй мен газ құбырының қашықтығына, құрылыс материалдары мен металл құрылғыларының түріне, сапасына, тағы басқа да мәселерге байланысты болады. Сондықтан құн шамасын нақты айта алмаймыз, – деді «КазТрансГаз-Алматы» өкілі.

Алматы қаласы әкімшілігінің өкілі Аманжол Шоқанның сөзінше, қаладағы тұрғын үйлердің 80 пайызы газбен қамтамасыз етілген.

– Әлі 5 мыңдай үй бар. Бұйыртса, келесі жылға дейін толық қамтамасыз етіледі, – дейді ол.

Жоспар бойынша, Алматы қаласы 2014 жылы газбен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Қалалық әкімшілік сайтындағы мәліметке қарағанда, аумағы 200 шаршы метр үйге газ желісін тарту құны – 102 мың теңге мен 317 мың теңге аралығында.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG