Accessibility links

Құқық қорғаушылар азаматтарды белсенді болуға шақырады


Құқық қорғау ұйымдарының конференциясы. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

Құқық қорғау ұйымдарының конференциясы. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

​Құқық қорғау ұйымдары өкілдері «Қазақстан қоғамы енжар, конформизмге бейім, азаматтық белсенділік жоқ» деп мәлімдейді.

Алматыдағы конференцияға Қазақстанның әр аймағынан жиналған құқық қорғаушылар екі күн бойы Қазақстан заңдарын және көрші елдерде қалыптасқан қауіпті тенденциялар аясында адам құқығына қатысты ахуалды талқылады. Мысалы, Қазақстандағы адам құқығы бюросы жетекшісі Евгений Жовтис Әзербайжандағы азаматтық белсенділерді қудалау фактілеріне, «шетел агенттері туралы» заң қабылдаған Ресейдегі үкіметтік емес ұйымдардың жағдайына алаңдайды.

Құқық қорғаушылар «бір-бірімізді қолдап, келешек жұмыс бағыттарын белгілеп алу қажет» деп есептейді.

Екі күндік конференцияның алғашқы күні азаматтық белсенділер Қазақстанда әлі шешілмей келе жатқан проблемаларды талқыланды.

– Біріншіден – бізде дені дұрыс саяси оппозиция мен тәуелсіз БАҚ жоқ. Екіншіден, еркіндік дегеннен хабарсыз, тәуелсіз сот сияқты институттарға сенбейтін, постсоветтік санадан әлі арылмаған қоғамның ахуалы нашар, халықта азаматтық белсенділік жоқ. Қарымы мықты қарсылас жоқ болған соң билік те ойына келгенін істейді, – дейді құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттыққа.

Оның айтуынша, құқық қорғау ұйымдарына мұндай жағдайда жұмыс істеу өте қиын әрі қоғамның мұндай күйге ұшырауы азаматтардың еркіндігі мен құқығына қатысты «заңдардың азуына» ұласқан.

– 1990 және 2000 жылдардың заңдарын салыстырсаңыз, олардың мүлде күшейіп, қоғам емес, мемлекеттің мүддесін көбірек қорғайтынын көресіз, – дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғау ұйымдарының конференциясы. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

Құқық қорғау ұйымдарының конференциясы. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

Жовтистің пікірінше, Қазақстандағы адам құқығына қатысты заңдар Орталық Азияның кейбір елдерімен салыстырғанда, «біршама жұмсақ, бірақ авторитарлы» қазіргі режим аясында дамып келеді. Құқық қорғаушының айтуынша, заңдар да режимнің сипатына сәйкес қабылданады.

Ал азаматтық қоғам қабылданып жатқан шешімдерге ықпал етуге әзірше қауқарсыз, сондықтан радикалдануға бейім дейді Жовтис.

Ал Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен парламент депутаты, «Ақ жол» партиясы жетекшісі Азат Перуашев «оппозиция жоқ деп айту онша дұрыс емес» дейді. Президентшіл саясаткер құқық қорғаушылардың конференциясында айтылған мұндай сынды орынсыз санайды.

– Оппозиция жайына келсек, оны біз қалай түсінеміз? Біреулерге парламент бойындағы ашу-ызасын тарқататын, оңды-солды наразылық білдіретін орын ретінде керек. Ал егер парламентті заң шығарушы орган ретінде қарастырсақ, ол жұмысын тиянақты атқарып отыр. Парламенттің, мемлекеттік органдардың жұмысында менің де көңілім толмайтын тұстар көп, бірақ дүниеде мінсіз ештеңе жоқ қой. Бұл – бәрімізге ортақ ел. Сондықтан «өзіміз ғана ақылдымыз, халық – ақымақ» дегендермен келіспеймін, бұл дұрыс емес, – дейді депутат Азат Перуашев Азаттыққа.

Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы адам құқығына байланысты күнделікті процестер аясында құқық қорғаушылардың жұмысын үйлестіру қажет екенін айтады.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев құқық қорғау ұйымдары жұмысында тиімді әрі жұртты жұмылдыра алатын ресурс ретінде әлеуметтік желілерді көбірек пайдалануды ұсынды. Бірақ оның бастамасын «жалдамалы тролльдер шындықты бұрмалауы» мүмкін деген қауіппен көпшілік қолдамады.

Құқық қорғаушылар екі күн бойы азаматтардың ой-пікірін ашық білдіру, бейбіт жиын өткізу еркіндігіне қатысты заңдардың кемшілігі мен елдегі тұтқындардың жағдайы мен азаптау әрекеттерін талқылайды. Жиын қорытындысы бойынша азаматтық қоғам белсенділерін марапаттау жоспарланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG