Accessibility links

Жеңілген «Зеленое спасение» берілмеуге бекінген


«Зеленое спасение» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов (сол жақта). Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

«Зеленое спасение» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов (сол жақта). Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Алматыда азаматтық белсенділер «Көкжайлау» шаңғы курортына жол салуға қарсы талап-арызды қараған сотта жеңілді. Курорт құрылысын жүргізу уақытша тоқтаған, бірақ билік оның инфрақұрылымын салудан бас тартқан жоқ.

Наурыздың 11-інде Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Зеленое спасение» экологиялық қоғамының мемлекет пен Алматы қаласы тұрғындарының мүддесін қорғауға қатысты талап-арызы бойынша қозғалған істі қарау аяқталды.

Азаматтық белсенділер «Көкжайлау» тау шаңғысы кешеніне жол салу» жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» мемлекеттік экологиялық сараптамасының Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтап қалу бөлігіне қатысты ұйғарымын заңсыз деп тануды талап еткен. Сот азаматтық белсенділердің талап-арызын қанағаттандырмай тастады.

Судья Гүлнар Сағынбекова үкімді оқып тұр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Судья Гүлнар Сағынбекова үкімді оқып тұр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Осы өзгеше іс бойынша жауапкер – Алматы қаласы автомобиль жолдары басқармасы, ал оның тапсырысы бойынша автомобиль жолының жобасын «Қазақпромтранспроект» институты құрастырған. Бұл жоба – Көкжайлау шатқалында бюджет ақшасына салу жоспарланған тау шаңғысы курорты құрылысы жобасының бір бөлігі. Қос жобаны іске асыру жоспары «бюджет қаражаты шығындарын оңтайландыруға», қарапайым тілмен айтқанда, экономикалық дағдарысқа байланысты 2015 жылы күзде уақытша тоқтатылған. Жоба оппоненттерінің пікірінше, Алатаудың бөктерінде салынатын курорт Алматыны оңтүстіктен келетін таза ауадан айырылады. Билік бұл тұжырыммен келіспейді.

ЖАБАЙЫ АЛМА МЕН ӨРІК АҒАШТАРЫН ҚОРҒАУ

«Көкжайлау» тау шаңғысы кешеніне жол салу» жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасы бойынша қоғамдық тыңдау былтыр 19 қаңтарда өткен. «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасы материалдарына қарағанда, әзірше адам аяғы баспаған тау бөктеріне жол салу кезінде мыңдаған қылқан жапырақты және самырсын ағашы мен бұтаны кесу жоспарланған.

Әлеуметтің, оның ішінде «Зеленое спасение» экологиялық қоғамы «құрылыс жүретін аудан – қазақстандық және халықаралық Қызыл кітапқа енген Сиверс алма ағашы мен кәдімгі өрік ағашы өсетін аумақ» деп қауіптенеді. Осы ағаштардың тағдырына алаңдаған «Зеленое спасение» былтыр 17 сәуірде «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасының Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтап қалу бөлігіне қатысты ұйғарымын заңсыз деп танып, жобаның күшін жоюды сұрап, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз берген. Бұл істі біраз созылып, алғашқы сот инстанциясына 2015 жылдың аяғында жеткен.

«ЖАУАПКЕРДІҢ ДӘЙЕКТЕРІ ДҰРЫС»

Іс биыл 23 ақпанда қарала бастаған. Бірнеше отырыстан кейін сот шешімі шықты. Сот талапкердің дәйектерінен гөрі жауапкердің дәйектерін қисынды деп тапты. Судья Гүлнәр Сағынбекованың сот шешімін жариялауы жарты сағаттан аса уақыт алды.

Жауапкердің өкілі Фархат Уәлиев (оң жақта). Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Жауапкердің өкілі Фархат Уәлиев (оң жақта). Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Жауапкер «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасы Қазақстанның экологиялық заң нормаларына сәйкес жүргізілді деп мәлімдейді. Былтыр жоба мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен. Сот сараптама ұйғарымын экологиялық заң нормаларына сәйкес деп таныды.

«Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасы нәтижесі «оңтайлы варианттты таңдау немесе жобаны іске асырудан бас тарту шешімі» болып саналатындықтан, талапкердің Қызыл кітапқа енген ағаштарды кесуге қатысты уәждерін қарауға ерте деп танылды. Құрамына бұрын Көкжайлау кірген Іле Алатауы ұлттық табиғи парк өкілдері таң шаңғысы курортын салу жоспарланбай тұрып сотта «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» сараптамасы жан-жақты әрі дұрыс жүргізілді деп мәлімдеген.

ІС ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ

«Зеленое спасение» экологиялық қоғамы жетекшісі Сергей Куратов сот ғимаратынан шыққан соң журналистермен сот шешіміне қатысты алғашқы әсерлерімен бөлісті, бірақ әуелі шешім мәтінін мұқият зерттеу керек деп ескертті. Сергей Куратов сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, оны екі себеп бойынша «сандырақ» деп атайды.

«Зеленое спасение» өкілдері сотта отыр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

«Зеленое спасение» өкілдері сотта отыр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

– Біріншіден, сот Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жоюды қарастыратын «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» жобасы қала үшін, ұлттық паркті дамыту үшін ең қолайлы шешім екенін мойындады. Ал екіншіден, судья біздің халықаралық конвенцияларға сілтеме жасағанымызды және Алматы қаласы сотының шешімі әлгі конвенция талаптарының күшін жоя алмайтынын ескермеді, – дейді Сергей Куратов.

«Зеленое спасение» жоғарғы сотқа бұл іске қатысты кассациялық шағым түсірмек. Бұл азаматтық белсенділердің Көкжайлауға дейін жол салу ісіне қатысты жоғарғы сотқа жолдайтын екінші кассациялық шағымы болмақ. Екінші шағымды «Көкжайлау» тау шаңғысы кешеніне жол салу» жобасының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау» экологиялық сараптамасының Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді сақтап қалу бөлігіне қатысты ұйғарымын заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы ертеректе жеңілген іске қатысты түсірмек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG