Accessibility links

Теңгені айтқанда мұнай мен саясат та сөз болды


Теңге мен доллар. Ғалымның карикатурасы.

Теңге мен доллар. Ғалымның карикатурасы.

Теңгенің долларға шаққанда тағы құнсыздануын «қаржы нарығындағы психологиялық дүрбелең салдары» деушілер де, «Ресеймен бірге ЕАЭО-ға қосылудың әсері» ретінде сипаттаушылар да бар.

Бүгін Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары 1 АҚШ долларын тағы қымбаттатып, 330 теңгеге сатты.

Қараша айының бас кезінде 314 теңгеге жетіп, қайтадан 307-308 теңгеге түскен доллар бағамы соңғы үш-төрт күнде біртіндеп көтеріле бастаған. Жұма күні кейбір ақша айырбастау пункттері 1 АҚШ доллларын 314 теңгеден сатып алып, өздері доллар доллар сатуды доғарса, кейбірі 318 теңгеден сатқан еді.

«ТЕҢГЕ МҰНАЙ БАҒАСЫНА ТӘУЕЛДІ ЕМЕС»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың сөзінше, 2014 жылдан бері екі рет девальвацияны бастан өткізген қазақстандықтар әлемде мұнай бағасы арзандаса, артық теңгесін дереу долларға айырбастап қоюға тырысады – Қазақстан қор нарығында да осыған ұқсас көңіл-күй қалыптасқан.

Бірақ қаржы маманы Айдархан Құсайынов бүгін Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың баррелі 36,80 долларға дейін арзандауы теңгенің құнсыздануына еш қатысы жоғын айтады.

Теңге мен доллар. (Көрнекі сурет)

Теңге мен доллар. (Көрнекі сурет)

– Өйткені, біріншіден, теңге үлкен экономиканың валютасы емес, екіншіден, Қазақстанның қор нарығында ойнайтын шетелдік ликвидті ірі инвесторлар жоқ. Теңгенің бүгінгі құнсыздануы тым артығырақ. Өйткені қор нарығында қалай болғанда әсіре сақтық жасаудан туатын дүрбелең көңіл-күй бар, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, теңге бағамын еркіне жіберген ұлттық банк бұл жолы интервенциядан бас тартқан.

– Егер ұлттық банк интервенция жасаса, «банк өзі жариялаған еркін айырбас принципінен бас тартты, доллар өсімін жасанды тежеді» деген қоғамдық реакциясы шығар еді. Бұл теңгеге сенімсіздікті одан сайын күшейтеді, – дейді Айдархан Құсайынов.

Оның сөзінше, қаржы нарығы валюта бағамының өзгерісіне әсіре сақтық көңіл күймен қарауды доғарып, екі-үш күнге дейін күтсе, теңге қайта нығая бастауы мүмкін.

«РЕСЕЙДЕГІ ДЕВАЛЬВАЦИЯ БОЛМАСА...»

Теңгенің биылғы күрт құнсыздануы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеше «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеарналарына берген сұхбатында да сөз болған. Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан экономикасына Ресейдің Батыспен арадағы қайшылығы және Түркиямен шиеленісі қатты тиіп отырғанын» айтып, «Ресейдегі девальвация болмаса, Қазақстанның экономикасы қазіргіден әлдеқайда жақсы болар еді» деген.

Жанболат Мамай антиеуразиялық экономикалық форум сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Жанболат Мамай антиеуразиялық экономикалық форум сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан 2014 жылы мамырда Беларусь және Ресеймен бірігіп Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы шартқа қол қояр қарсаңда бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген қоғамдық белсенді Жанболат Мамай президент Назарбаевтың бұл пікірін «өз қателігін мойындау» деп санайды.

– Ресей президенті Владимир Путиннің саяси амбициясынан туған бұл жоба Қазақстан экономикасына кедергі келтіретін сол кезде-ақ айтылған, енді көзге анық көрініп отыр. Кейін Қырғызстан мен Армения қосылған ЕАЭО-дан Ресейдің өзіне де пайда жоғын ресейлік экономистер де айтып жүр, – дейді ол.

Алайда сарапшы Айдархан Құсайынов «Қазақстан ЕАЭО-ға қосылмаса да осындай дағдарысқа ұрынады, тіпті дағдарыс әсері бұдан да күштірек болуы мүмкін еді» деп есептейді.Оның сөзінше, Ресей экономикасындағы жағдай, бір одақта болсын-болмасын, Қазақстанға бәрібір әсер етпей қоймас еді.

– Мысалы, Қытай экономикасының дамуы баяуласа, АҚШ-тың экономикасы да баяулайды. Сол секілді ауқымы кішірек Қырғызстан экономикасы Қазақстан экономикасына тәуелді, – дейді ол.

Тамыздың 19-ы күні Қазақстанда 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілген. Сол күннің ертеңінде Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң, теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда 1 АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттап, кейінгі апталарда 308 теңге маңында тоқтаған.

Қазақстан билігі теңге бағамының құлдырауын әлемде мұнай мен шикізат бағасы арзандап, түсетін кірістің азаюымен түсіндіреді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG