Accessibility links

Алматыда мүгедек жандарға арналған кино апталығы өтті


Құрбан айт мейрамының бірінші күні Алматының орталық мешіті алдында қайыр сұрап отырған мүгедек. 27 қараша 2009 жыл.

Құрбан айт мейрамының бірінші күні Алматының орталық мешіті алдында қайыр сұрап отырған мүгедек. 27 қараша 2009 жыл.

Алматыда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Баршаға ортақ кино апталығы» өтті. Оның бір мақсаты - бұл адамдардың демалыс орындарына қолы жете бермейтіндігіне қоғам назарын аудару.

Мүгедектерге арналған кино апталығы жайлы тыңдаңыз


«Баршаға ортақ кино апталығы» наурыздың 10-17 күндері аралығында өтті. Апталық барысында мүмкіндігі шектеулі жандар Алматыдағы 15 кинотеатрға тегін кіруге мүмкіндік алды.

- Жақсы ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар көбінесе үйде отырады. Олар да сыртқа шыққысы келеді, көргісі келеді, – дейді Қасымхан Шоқанов деген азамат. Ол қазір «Элдани» қайырымдылық қорында жұмыс істейді.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда жарты миллионға жуық мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүрсе, қазіргі кезде соның 5200-і, яғни 1 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отыр. Олардың басым бөлігі әлеуметтік және қоғамдық қызметке тартылған. Ал жеке секторда қызмет істеп жүргендердің үлесі өте аз. Қалған 99 пайызының ішінде жоғары кәсіби білімі барларын да кезіктіруге болады.

Бір ғана Алматыда 50 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы жылы 1-топтағы мүгедектерге 22 мың теңге (шамамен 150 АҚШ доллары) жәрдемақы бекіткен. Туа біткен гидроцефалия ауруына шалдыққан Алматы қаласының тұрғыны Мәдина Қарсақбаева бұндай ақшаға өмір сүрудің өте қиын екендігін айтады.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар емхана мен аурухана сияқты жерлерге ғана барып, мәдени ошақтарға көп аяқ баспайды. Айгүл Ғабдуллина оның себебін өзі сияқты адамдарға арнайы жағдай жасалмағанымен байланыстырды.

- Медеу ауданы әкімшілігінің үшінші қабатында бір тренинг болды. "Неге лифт жоқ?" деп сұрағанымда, "бұл ескі ғимарат" деп жауап берді. Кинотеатрға барғанда баспалдақ тым көп болғандықтан күзетші мені көтеріп түсірді. Қала бізге арналмаған сияқты. Автобустарда да көп қиыншылықтарға тап боламыз, – дейді алматылық Екатерина Жігітжанова. Ол церебральды сал ауруына шалдыққан.

- Бізді жылына бір рет еске алып, бір мың теңге салып береді. 22 мың теңге бізге жетпейді сондықтан жұмыс істеуге әзірміз, – дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG