Accessibility links

Учаскелік инспекторды танымайтындар да бар


Учаскелік инспектор Сәрсен Жүнісбаев учаскелік полиция пункті орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің алдында тұр. Алматы, 18 тамыз 2013 жыл.
Учаскелік инспектор Сәрсен Жүнісбаев учаскелік полиция пункті орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің алдында тұр. Алматы, 18 тамыз 2013 жыл.

Алматыда жергілікті биліктің «учаскелік полиция инспекторларын тағайындау кезінде халықтың пікірі ескерілсін» дегенінен тұрғындардың көбі хабарсыз, олар өз учаскелік инспекторын да білмейді.

Майор Сәрсен Жүнісбаев – Алматы қаласы Бостандық ауданының ішкі істер басқармасына қарасты №44 полиция пунктінің жауапты инспекторы. Оның жұмыс бөлмесіндегі темір сейфтің үстінде мақтау қағазы тұр. Оны Сәрсен Жүнісбаевқа Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов учаскелік инспекторлар мен қаладағы пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) төрағаларымен кездесу кезінде тапсырыпты.

– Мен – әкімнің мақтау қағазы мен 100 мың теңге алған жеті учаскелік инспектордың бірімін, – дейді майор Азаттық тілшісіне.

Бұл учаскенің полицейлері төрт шағын ауданнан тұратын Орбитадағы тұрғын үйлер аумағын, Науаи көшесінің бойындағы үйлер (Торайғыров көшесінің жоғарғы бөлігі) мен Хантәңірі шағын ауданын бақылайды. Мұнда ондаған мың адам тұрады.

Учаскелік инспектор майор Сәрсен Жүнісбаевқа Алматы қаласының әкімі тапсырған құрмет грамотасы. 18 тамыз 2013 жыл.
Учаскелік инспектор майор Сәрсен Жүнісбаевқа Алматы қаласының әкімі тапсырған құрмет грамотасы. 18 тамыз 2013 жыл.
Сәрсен Жүнісбаевтың айтуынша, инспекторлар жұмыс көп болғанына қарамастан, жағдайды бақылап отырады. Учаске бақылайтын үйлердің әрқайсысына жеке папка ашқан. Оған тұрғындар туралы деректер жиналады. Дерек қорында салық органдарында есепке қоймай қалада тіркеуде жоқ жандарға баспанасын жалға беретіндер, өздері тіркеуде болғанымен, пәтерде тұрмайтындар туралы мәліметтер бар. Инспектор Сәрсен Жүнісбаевтың айтуынша, бұл – әкімшілік заң бұзушылық. Майор тұрғындар туралы деректер салынған папкаларды көрсеткенімен, оларды суретке түсіруге рұқсат етпеді.

Оның айтуынша, учаселік инспектор өз аумағындағы тұрғындарды түгелге жуық таниды және жұмыс барысында қоғамдық көмекшілерге сүйенеді. Учаске телефонының нөмірі әр подъездегі хабарландыру тақтасында ілінген. Тұрғындармен байланыс орнатудың арқасында бірнеше қауіпті қылмыскер ұсталғанын айтқан Сәрсен Жүнісбаев олардың есімдерін атамады.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ

Жергілікті биліктің деректеріне қарағанда, жыл басынан бері учаскелік инспекторлар тағайындалғанда халықтың пікірі ескеріледі.

– Бірақ бұл инспекторлар сайланады деген сөз емес, – дейді Азаттық тілшісіне Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Ермек Болтай.

Халықтың пікірін ескеру үшін белгілі бір инспекторды қызметке тағайындау пәтер иелері кооперативі мүшелерінің жиналыстарында талқыланады.

Ресми дерек бойынша, өткен жылы Алматыда учаскелік инспекторлар ПИК өкілдерімен бірге 66 мың 500 пәтер мен үйді аралаған. Салық төлемей баспанасын жалға өткізген 1 мың 600 азамат, тіркеусіз не құжатсыз тұрып жатқан 1 мың 300 адам, іздеудегі 30 қылмыскер анықталды деп хабарланды.

УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР ДЕГЕН КІМ?

Алматы қаласы Орбита-1 шағын ауданының полиция учаскесіне жақын үйлердің бірінің үш тұрғыны – 87 жастағы Юрий Пан, 85 жастағы Раиса Карасенко және 81 жастағы Мария Квашина подъезд алдындағы сәкіде отыр екен. Үшеуі де өздерінің учаскелік инспекторын танымайтынын айтты.

Алматы тұрғындары (солдан оңға қарай): Юрий Пан, Раиса Карасенко және Мария Квашнина. Алматы, 18 тамыз 2013 жыл.
Алматы тұрғындары (солдан оңға қарай): Юрий Пан, Раиса Карасенко және Мария Квашнина. Алматы, 18 тамыз 2013 жыл.
– Ғұмырымызда көрген емеспіз. Олар пәтерлерді аралап, куәлігін көрсетіп, «мен – сіздердің учаскелік инспекторыңызбын» деп өздерін таныстыруы тиіс. Бұрын жүретін. Қазір келмейді. Қайдағы көмекті айтасыз? – дейді Мария Квашина.

Кәмелет жасына толмаған үш баланың анасы, 36 жастағы Лилия Ханның айтуынша, ол учаскелік инспекторын шамалап танығанымен, есімі мен телефон нөмірін білмейді.

– Осыдан бірер ай бұрын үйге келгені бар. Әлдебір ұрлыққа қатысты іс бойынша тұрғындарға сұрақ қойып жүр екен, – дейді Лилия Хан.

«Қазір интернет бар, телефонын табу қиын емес қой» дейді ол.

Өзінің аты-жөнін айтпауды өтінген 36 жастағы азамат та учаскелік инспекторды танитынын айтады. Ол бірде көлік иесі тұратын үйдің қарсы бетіндегі ағаштардың арасына басқа көлік иелері автотұрақ жасау үшін тартып тастаған темір шынжырды кесу үшін келген көрінеді. Учаскелік инспектор туралы басқа ештеңе айта алмады.

ИНСПЕКТОРҒА ЕСІГІН КІМДЕР АШАДЫ?

Есік алдында отырған қарттар да, Лилия Хан да, көлік иесі де әр подъездің жанында ілінген хабарландыру тақтасында полиция учаскесінің телефон нөмірі жазылғанына көңіл аудармаған. Олар учаскелік инспектор тұрғындардың пікірі
Алматы тұрғыны Лилия Хан. 18 тамыз 2013 жыл.
Алматы тұрғыны Лилия Хан. 18 тамыз 2013 жыл.
ескеріліп тағайындалатыны туралы жаңалықты естімеген.

Орбита-10 ПИК-нің төрайымы Галина Потешкинаның айтуынша, ол учаскелік инспекторлардың қоғамдық көмекшілерінің жұмысынан хабардар. Бірақ үйде әлдебір қылмысқа қатысы бар деген адам тұрып жатқанынан күдіктенсе, басқа тұрғындар да инспекторға хабарласады. Осындай өзара әрекеттестіктің арқасында былтыр бір үйден бұрын жол полицейлеріне оқ атқандардың арасында болған адам ұсталған.

Оның айтуынша, жуырда бір тұрғын «пәтерлердің бірінде террористерге ұқсайтын адамдар тұрып жатыр» деп хабарлаған.

– Тұрғындар мазасызданып кетті. Қазір жұрт сақал жіберіп, балағы қысқа шалбар кигендерді көрсе, «террорист емес пе» деп үрке қарайды ғой. Ол пәтерде кәдімгі адамдар тұрады екен. Учаскелік инспекторды ертіп бардық. Әрине, учаскелік инспектор біздің аулаларды жиірек келіп тұрса жақсы болар еді. Бірақ олардың жұмысы көп қой, – дейді Галина Потешкина.

Оның түсіндіруінше, бұл полиция учаскесінде төрт инспектордың орнына екеуі ғана істейді.

"Орбита-1" пәтер иелері кооперативінің төрайымы Галина Потешкина. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
"Орбита-1" пәтер иелері кооперативінің төрайымы Галина Потешкина. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Галина Потешкина «Инспекторды тағайындаған кезде тұрғындардың пікірін білу үшін биыл мамыр айында №17 сайлау округының аумағында жиналыс өтіп, оған түрлі ПИК-ге кіретін үйлерден өкілдері қатысты» дейді.

– Жаңадан келген инспектор тұрғындармен сол жиналыста танысты, – дейді ПИК төрайымы.

«Учаскелік инспекторлар мен басқаратын ПИК құрамына кіретін үйлердің пәтерлерін екі ай бойы аралап шықты. Өз инспекторын танымаймын деген қарттар онымен жолықпай қалуы әбден мүмкін. Өйткені инспекторлар үйлерді күндіз араламайды, ал кешкісін қарттар есік ашпайды» дейді Галина Потешкина.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG