Accessibility links

Алматыда күніне 15 адам жәбір көргенін хабарлайды


Дағдарыс орталығында жатқан әйел мен бала. (Көрнекі сурет)

Дағдарыс орталығында жатқан әйел мен бала. (Көрнекі сурет)

Дағдарыс орталығының дерегінше, төрт отбасының бірінде тұрмыстық зомбылық бар. Оған қылмыстық жаза кесілген, бірақ «көп нәрсе жәбірленушінің қорғану қабілетіне байланысты» дейді сарапшылар.

18 жастағы Замира (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) Алматыда әке-шешесімен бірге тұрады. Ішімдікке салынған әке-шешесі үйде жиі жанжал шығарады. Оны жаңа жыл мерекесі қарсаңында әке-шешесі далаға қуып жіберген. Замира үйге екеуі есін жиған соң ғана кірген. Учаскелік инспектордан көмек сұрағанымен, ол бойжеткенге жәрдем жасай алмаған.

«ЖӘБІРЛЕУШІГЕ ТӘУЕЛДІЛІК»

2008 жылы азаматтық белсенділер Алматыда ашқан дағдарыс орталығының сенім телефонына күніне 15 шақты адам хабарласады. Қазір Алматы қаласында бір жарым миллиондай адам тұрады. Дағдарыс орталығына туыстарымен тіл табыса алмаған, бастығымен жанжалдасқан жандар хабарласады. Орталық қызметкерлерінің есебінше, көмек сұрайтындардың 70 пайызы – жастар, үштен бірі - қарт адамдар мен мүгедектер.

Жәбірленушілердің көбі озбырлық көрсеткен адамға материалдық тұрғыдан тәуелді болып келеді. Олар - көбінесе жыныстық, психологиялық сипаттағы зорлық-зомбылыққа тап болғандар және күйеуі ұрып-соғатын әйелдер. Мектеп оқушылары ақша бопсалау, ұрып-соғу әрекеттері туралы шағымданады. «Балам күн көрсетпейді, қорлап-кемсітеді, кейде тіпті ұрып-соғады» деп шағымданатын ата-аналар да бар.

Отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына түсірген Сара Наомидің суреті. Фото World Press Photo конкурсында 1-жүлдені жеңіп алған.

Отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына түсірген Сара Наомидің суреті. Фото World Press Photo конкурсында 1-жүлдені жеңіп алған.

Азаттық тілшісі отырған кезде сенім телефонына бір ер адам қоңырау соғып, «әйелім көзіме шөп салады» деп шағымданды. Оның айтуынша, «полицияда істейтін әйелі күн көрсетпейді». Орталық қызметкерлері әлгі ер адамға «әйелімен бірге психологқа баруға, асығыс шешім қабылдамау» туралы кеңес берді.

- Әртүрлі қиындықтарға тап болып, телефон соққан жандарға психологиялық жәрдем көрсетеміз. Көбі жылап, қандай тауқыметке тап болғанын ұзақ әңгімелейді. Кеңес беріп, көңілін жұбатамыз. Қоңырау соққан адамға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетеміз. Кейбірі туған-туыстарына айта алмайтын жайттармен бөліседі. Құқық қорғау органдарына, сотқа шағымдануға кеңес береміз, - дейді сенім телефоны үйлестірушісі Гауһар Әбдірахманова.

ЖАУАПҚА ТАРТУДАН ҚОРЫҚПАУ КЕРЕК

Көмек сұрап қоңырау соққан жандар дағдарыс орталығы қызметкерлерінің ақыл-кеңесіне жүгіне ме, жоқ па - белгісіз. Орталық мамандары «әдетте ондай жандарға қайта хабарласпаймыз, біз тек шағымын тыңдап, кеңес береміз» дейді. Ал дағдарыс орталығы қызметкерлерімен сөйлескендердің көбі кейін өздері хабарласып, рахмет айтады.

- Жұрттың көбі ешқайда шағымданбайды. «Тағдырдың жазғаны» деп жүре береді. Ұзақ талқыланса да, тиісті заңның қабылданғаны жақсы болды. Шаңырақтың шырқын бұзатын озбырлар енді заң алдында жауап беретін болады, - дейді орталық қызметкері.

Гауһар Әбдірахманова 2014 жылдың 30 қаңтарында қабылданған "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңды айтады. Бұл заңда жәбірлеушілерге қарсы жаза күшейтілген, ал отбасында жәбір көрген жандарға енді тұратын жеріне қарамастан көмек көрсетіледі.

Дағдарыс орталығына шағым айтып келген әйелмен әлеуметтік қызметкер сөйлесіп отыр. Қазақстан, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Дағдарыс орталығына шағым айтып келген әйелмен әлеуметтік қызметкер сөйлесіп отыр. Қазақстан, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұған дейін учаскелік инспектор бала-шағасының шырқын бұзған жәбірлеушіні 10 тәулікке қамаумен шектелетін. Бірақ қамаудан шыққан соң ол адам үйіне келіп баяғы әдетіне қайта басатын.

- Қазақстанда күйеуінің үстінен арыз жазуға әйелдердің батылы жетпейді. Табандылық танытып, өзін қорғауға көшсе, көрген теперіші тыйылатынын әр әйел түсінуі тиіс, - дейді Гауһар Әбдірахманова.

Дағдарыс орталығының 150 сенім телефонына Қазақстан бойынша тегін қоңырау соғуға болады. Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істегенімен, кейде оған хабарласу қиын.

Орталық үйлестірушісінің айтуынша, мұндай сенім телефоны барын жұрттың көбі білмейді, ал орталықта оны әлеуметтік тұрғыда жарнамалауға ақша жоқ.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ «АЙМАҒЫ»

Психолог Айгүл Садықова зорлық-зомбылыққа өзін жұрттан кем санайтын жандар ұшырайды деп есептейді. Тұрмыста жапа шеккен адамдар құқық қорғау органдарына дер кезінде шағымданып, тиісті шара қолданбаған соң зорлық-зомбылық әрекеттері де ұзаққа созылып кетеді.

- Жұрттың көбі ұрыс-керіс отбасындағы материалдық қиындықтан, ақша жетіспегеннен шығады деп ойлайды. Әдетте ішімдікке салынған жандар агрессияға бейім келеді. Қазір Қазақстанда жағдай қиын. Жұмыссыздық көп, коммуналдық қызметтердің ақысы, тамақ қымбат. Мұның бәрі отбасының шырқын бұзады, - дейді психолог Айгүл Садықова.

Ер адам ашу-ызасын әйелінен, бастық қарамағындағы қызметкерлерден, яғни қорғансыз жандардан алады. Психологтың айтуынша, отбасында теперіш көрген жан озбыр күйеуінен немесе туысынан бөлек тұруы тиіс.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин.

Құқық қорғаушы Андрей Гришин жазаны күшейту тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне тосқауыл қоя алмайды деп есептейді. Оның пікірінше, шаңырақ берекесі қоғам мен елдегі жағдайға тікелей байланысты.

- Жаза күшейсе, жағдай өзгереді деп ойламаймын. Қай елде тұрса да, әр адам өзінің құқық-міндеттерін білуі тиіс. Қазақстанда жұрт бұған мән бермейді де, азабын тартады, - дейді Андрей Гришин.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 18-і күні «Қазақстан республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәселесі бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды.

Алматыдағы дағдарыс орталығы дерегінше, 2013 жылы Қазақстанда 37 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен. Азаматтық белсенділердің айуынша, әрбір төртінші отбасында зорлық-зомбылық әрекеттері байқалған.

Алматыдағы дағдарыс орталығына Қазақстанның кез келген жерінен қоңырау соғып, кеңес сұрауға болады. Сенім телефонының нөмірі – 150.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG