Accessibility links

Сейсмолог: 7 балдан артық жер сілкінісі болуы неғайбіл


Cейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов. Алматы. 31 мамыр, 2012 жыл..

Cейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов. Алматы. 31 мамыр, 2012 жыл..

Мамырдың 30-ынан 31-іне ауған түні Астана уақытымен сағат 3:20 шамасында Алматы маңында жер сілкінді. Сейсмология институты зілзала кіндігі Алматыдан 150 шақырым жердегі Көкпек асуы болғандығын хабарлады. Онда зілзала қуаты 6-7 балл болса, Алматының өзінде – 4 балл болған.


– Жер сілкінісінің магнитудасы 5,7 – 5,9 дейміз. Эпицентрінде күші 6-7 балл болды. Алматы қаласының өзінде 4 балл болды. Ошағының тереңдігі 15 километр шамасында, - деді жер сілкінісіне байланысты бейсенбі күні журналистерді жинаған сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов.

Оның айтуынша, жер сілкінісі мәселесін бірлесіп зерттеу үшін осыдан үш күн бұрын Қытайдан бір топ ғалымдар келген. Қазір бір топ маман зілзала кіндігіне барып зерттеп жатыр.

– Таңертеңгі сағат сегіз жарымда Алматыдан халықаралық макросейсмикалық отрядты Қазақстан мен Қытайдың ғалымдарын эпицентрге жібердім. Қираған, бүлінген үйлер болып қалса, қалай қирағандығын білуге және жер қыртыстарының өзгерістерін тексеруге арналған экспедиция, - дейді Таңатқан Абақанов.

Ол «бұл жер сілкінісін күшті деп санауға болмайды, қазіргі кезде мұндай жер сілкіністер Алматы маңында болып тұруға тиіс. Алдағы уақытта үлкен күшті жер сілкіністері үй қирап, адамның өміріне зақым келетіндей, 7 балдан болу ықтималдығы өте төмен» деп қоса кетті.

«Сіз алдағы уақытта 7 балдан артық жер сілкінісі болмайды деп айтып отырсыз. Мұндай болжамның қандай ғылыми негізі бар?» деген сұраққа сейсмология институтының директоры былай деп жауап берді.

– Қытайдан көптеген ғалымдар келді дедік. Біз Қытайдан мәлімет алып отырмыз. Қырғызстаннан мәлімет алып отырмыз. Олардың берген мәліметінен қорытынды жасап, өзіміздің сейсмикалық жүйелеріміздің мәліметтерін бәрін талдап, сол себептен осылай болжам жасап отырмыз, - дейді Таңатқан Абақанов.

Оның айтуынша, жер сілкінісі салдарынан кейбір аймақтарда электр энергиясы сөніп қалған. «Бұл мәселе қазір шешілді. Қазір қалыпты жұмыс жасап жатыр» дейді. Ол институт мамандарының әрі қарай да жер қыртыстарының өзгерістерін зерттеп бақылауда ұстайтынын айта кетті.

Интернетте адамдар зілзаланың Алматы қаласында да қатты сезілгенін айтып отыр. Әлеуметтік желіде отырған қала тұрғындары жер сілкінісі салдарынан оянып кеткенін, бөлмедегі заттардың шайқалғанын жазады. Кейбір тұрғындар түнгі сағат 4-тер шамасында аулаға шығып жүрсе, көлікте қонып шыққан тұрғындар да болған.

Өткен жылы мамырдың 1-і күні Алматыда осымен шамалас жер сілкінісі болған еді.

Алматыдағы зілзала әсері - оқиға куәгерінің youtube желісіндегі видеосы:

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG