Accessibility links

Алматыға 3 миллион ағаш керегі айтылды


Жұмысшылар Іле Алатау ұлттық паркіндегі өрттен бүлінген ағашты жинап жүр. Алматы, 7 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмысшылар Іле Алатау ұлттық паркіндегі өрттен бүлінген ағашты жинап жүр. Алматы, 7 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қала ауасының құрамындағы оттегінің үлесі 17 пайызға әзер жететінін ескерткен белсенділер «экологиялық ахуалды оңалтудың жалғыз жолы – ағаш егу» дейді.

Алматы қаласының тұрғыны Болат (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді) қала ауасының ластанып бара жатқанына, көше бойындағы ауа тазартуға сеп ағаштың кесіліп жатқанына алаңдайды. Ол былтыр қаладағы Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысындағы алаңқайда 151 түп ағаш өсіп тұрғанын, қазір одан ештеңе қалмағанын айтты.

– Өткен жылдың соңында осы жерге сауда кешенін салу туралы Алматы қаласы әкімінің шешімі шықты. Біз, сол аумақтың тұрғындары, түгел қарсы болдық. Тіпті президентке дейін арыз жаздық. Президент прокуратураға, прокуратура қалаға жіберіпті. Қалалық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы «сотқа беріңдер» деп жауап қатты, – дейді Алматы қаласының тұрғыны.

«30 МЫҢНАН АСТАМ АҒАШ ОТАЛҒАН»

Эколог Мелс Елеусізов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

Эколог Мелс Елеусізов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

Алматы қаласында көше бойы мен бақтарда өсіп тұрған ағаштың көп оталып жатқанын эколог Мелс Елеусізов те растайды. Оның сөзінше, қалада 30 мыңнан астам ағаш кесіліп, экологиялық жағдайға кері әсер еткен.

– Алматының экологиялық сыйымдылығы 700 мың адамға ғана арналған. Ал бұдан асқан жағдайда су, қоқыс, энергия проблемалары туындай бастайды, – дейді ол.

«Көкжайлау» қоғамдық ұйымының өкілі Абай Ерекеновтің айтуынша, «Алматыда Совет Одағы кезінде егілген ағаштың жартысынан азы қалды».

– Кесілген ағаштың орнын толтырып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім бақыламайды. Норма бойынша оталған бір ағаштың орнына он ағаш егу керек болатын. Бұл норманы үнемі бақылап отыратын болса, Алматының айналасы қазір орман болып кетер еді, – дейді ол.

"Көкжайлау" қоғамдық ұйымының өкілі Абай Ерекенов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

"Көкжайлау" қоғамдық ұйымының өкілі Абай Ерекенов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

Экологиялық ұйым белсендісі әкімшіліктен ауру ағашты кесуге рұқсат алғандар оның орнына жанында тұрған сау ағашты кесіп әкететінін де айтады.

– Алматы қаласында ресми есеп бойынша 1,5 миллион, ал анығында 2,5 миллион адам тұрады. Алматының экологиясын қалпына келтіру үшін қалада 40 шаршы километр аумақты жасылдандырып, 3 миллион ағаш егу керек. Алматының ауасы құрамындағы оттегі тау жақтан жел соққан кездері ғана 17 пайызға (орташа үлесі 20 пайыз болуы керек – ред.) жетеді. Егер бұл көрсеткіш 14 пайызға түссе, қала халқы мүлдем демалудан қалады, – дейді Абай Ерекенов.

«СОНШАЛЫҚТЫ НАШАР ЕМЕС»

Азаттық тілшісі Алматының экологиялық ахуалы жайлы ресми мәлімет алмаққа қалалық әкімшілікке хабарласқан еді. Алматы қаласы бойынша экология департаментінің бас маманы Талғат Қамбетовтің сөзінше, алаңдауға негіз жоқ.

Экология департаментінің бас маманы Талғат Қамбетов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

Экология департаментінің бас маманы Талғат Қамбетов. Алматы, 29 қазан 2014 жыл.

– Қазір Алматы қаласының экологиясы соншалықты нашар емес. Үкіметтен және Алматы қаласының әкімшілігінен ақша бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қалаға газбен жүретін автобустар әкелініп, метро қосылды. Қоқыстар уақытында шығарылып жатыр, – деді әкімшілік өкілі.

Ал экологтар Алматы қаласының экологиялық жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын айтып жиі дабыл қағады.

Қалалық статистика департаментінің биылғы дерегіне қарағанда, 2013 жылы ауаға тек кәсіпорындардан ғана 12 400 тонна улы зат тараған – яғни қаладағы 1,5 миллион адамның (ресми есеп бойынша) әрбіріне 8 килограмнан келеді. Бұл – 2012 жылғымен салыстырғанда 2,5 пайыз артық көрсеткіш.

Мамандар қала ауасының ластануына жанар-жағармаймен жүретін көліктердің түтіні де әсер ететінін айтады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG