Accessibility links

Кинофестивальде «прокатқа шықпайтын» фильмдер де көрсетілмек


Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.

Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» фильмінен көрініс.

«Евразия» кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енген бірнеше авторлық картинаның ішінде алдыңғы туындысы «Қазақстанды масқаралайтын фильм» деп аталған режиссердің фильмі де бар. Ал қазақ хандығы туралы мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілген фильм конкурстан тыс көрсетілмек.

Алматыда он екінші «Евразия» халықаралық кинофестивалі мен екінші «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалі өтіп жатыр.

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ТЕГІН КӨРСЕТІЛІМДЕР

«Евразия» кинофестивалін екінші жыл қатарынан кинорежиссер Рашид Нұғманов бастаған топ өткізіп отыр (бұған дейін тендерді «Қазақфильм» жеңіп алатын). Он екінші мәрте өтіп жатқан «Евразия» кинофестивалінің негізгі конкурсы бағдарламасы биыл қысқа метражды фильмдер конкурсымен толыққан. Оған қатысатын 15 фильмнің бесеуі – қазақстандық. Олардың ішінде биыл жазда жұмбақ жағдайда жоғалып кетіп, қайғылы қазаға ұшыраған Сафар Шәкеевтің фильмі бар. Сафар фильм түсіруді армандаған, енді көрермендер оның «Табиғатты сүю – Қазақстанды сүю» деген ұзақтығы үш жарым минуттық жұмысын көре алады.

«Евразияның» бас директоры Рашид Нұғманов (оң жақ шетте) қазыларды таныстырып отыр. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

«Евразияның» бас директоры Рашид Нұғманов (оң жақ шетте) қазыларды таныстырып отыр. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

Дәстүр бойынша «Евразия» бағдарламасына Орталық Азиядағы көрші елдердің (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) біраз фильмі енген. 2005 және 2006 жылдары «Евразия» кинофестивалінде Орталық Азия елдері фильмдері үшін тіпті жеке конкурс ұйымдастырылған еді. Бұл жолы оңтүстіктегі көрші елдердің фильмдері онша көп емес сияқты. Өткен жылдары көрші елдердің бірер фильмі еніп, номинациялар алған, ал кейбірі гран-при жеңіп алғанымен, бұл жолы толық метражды фильмдер конкурсына енбеген. Қысқа метражды фильмдер конкурсы бағдарламасында Орталық Азия елдері ішінен «Сейде» (Қырғызстан) фильмі ғана бар.

«Евразия» кинофестивалінің бас директоры Рашид Нұғманов мұның себебін: «Кинофестиваль ұйымдастырушыларының көрші елдердің кинематографиясына қатысты ешқандай теріс көзқарасы жоқ. Көрші елдер өз фильмдерін «Евразия» фестивалінен кейін іле-шала басталатын Пусандағы (Оңтүстік Корея) беделдірек кинофестивальде көрсеткісі келетін шығар» деген болжаммен түсіндірді. Бірақ онда «Қазір өзге елдер кинематографистері қазақстандық «Евразия» кинофестиваліне қаншалықты қызығады?» деген орынды сұрақ туады.

Фестивальдің алғашқы күніндегі шаралардың көбі Республика сарайында өтті. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

Фестивальдің алғашқы күніндегі шаралардың көбі Республика сарайында өтті. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстанның оңтүстіктегі көршілерінің кинематографиясы «Евразиямен» қатар өтіп жатқан «Шәкен жұлдыздары» (ұйымдастырушысы – Алматы әкімдігі) кинофестивалінде сәл көбірек қамтылған. Бұлар – «Әке өсиеті» (Қырғызстан), «Маймылдың түсі» (Тәжікстан) және «Опасыз» (Өзбекстан) фильмдері. Соңғы фильм діни экстремизм тақырыбына арналған. «Шәкен жұлдыздары» бағдарламасының негізгі бөлігі қазақстандық фильмдерден тұрады. Олардың ішінде «Аманат», «Құнанбай», «Жаралы періште», «Жаңғақ ағашы», «Оралу» фильмдері бар. Бұлардың көбі – бұрын шетелдік кинофестивальдерге қатысып, жүлде алған фильмдер. Ал Қазақстан президентінің кіші қызы Әлия Назарбаева бас продюсері болған «Оралу» фильмінің көрсетілімі үлкен прокатқа шығар алдындағы премьера болмақ.

«Евразия» бағдарламасында конкурстық фильмдерден өзге балалар және деректі фильмдерді конкурстан тыс көрсету жоспарланған. Деректі фильмдердің ішінде қазақстандық жұмыстар да бар. Мысалы, белгілі кинорежиссер Ермек Шынарбаевтың «Абай» операсының 2015 жылғы қыркүйектегі жаңартылған қойылымына дайындық туралы фильмін айтуға болады. Деректі кино секциясында Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы көмекшісі Сергей Ястржембский кинодокументалист ретінде көрінетін фильм де бар. Ол саясаттан кеткеннен кейін фильм түсірумен әуестене бастаған. Оның «Қанды азу» («Кровавые бивни») деген фильм-зерттеуі пілдің сүйегіне деген бұрын-соңды болмаған сұраныстың себептері мен салдарлары туралы.

Фестивальге келген жұрт. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

Фестивальге келген жұрт. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

«Ретро» секциясында тұңғыш қазақ фильмі «Амангелді» және «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Транссібір экспресі» сияқты бұрнағы жылдары түсірілген қазақстандық фильмдерді көрсетеді.

«Ерекше көрсетілім» секциясында көрермен үш фильм көреді. Олардың ішіндегі Рүстем Әбдірешевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» деген кинолентасы – айрықша назар аударуға тұратын дүние. Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатын жылы, яғни былтыр көрсетіледі деп жоспарланған «Қазақ хандығы» телесериалын түсіру жұмыстары 2014 жылдың күзінде басталған болатын. Бірақ фильм экранға әлі шыққан жоқ, мұның себебі қаржылық қиындықтарға байланысты түсіндіріледі. Бірақ сериал авторлары толық метражды ойын кино түсіруге уәде еткен. Енді «Евразия» кинофестивалінде соны көрсетпек.

«Евразия фестивалін ұйымдастырушылар бұл жолы фильмдер тегін көрсетілетінін ерекше мән беріп жариялады. Көрсетілім өтетін орындардың ішінде «Тұран» университеті мен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының киноклубтары бар. Бірақ шындығында «Евразия» фестивалі кезінде фильмдердің көбін өткен жылдары да тегін көрсеткен. Тек 2015 жылы ғана көрсетілім өткен кинозал қожайындары билетпен кіргізген. Сондықтан биылғы тегін көрсетілімдерді бұрынғы дәстүрге оралу деп атаса болады.

Актрисалар Гүлбахрам Байбосынова мен Қарлығаш Мұхамеджанова. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

Актрисалар Гүлбахрам Байбосынова мен Қарлығаш Мұхамеджанова. Алматы, 24 қыркүйек 2016 жыл.

ПРОКАТҚА ШЫҚПАЙТЫН ФИЛЬМДЕР КОНКУРСҚА ҚАТЫСАДЫ

Толық метражды фильмдердің негізгі конкурсына 13 фильмнен іріктеліп алынған стилі, өзіндік кино тілі өзгеше үш жұмыс қатысады. Оның екеуін көрермен тамыздың 25-інде көрген. Оларды авторлық кино деп атайды.

Жанна Исабаеваның әлеуметтік драма жанрында түсірген «Бөпем» фильміндегі оқиға бір кездері Арал теңізінің жағасында болған кентте өтеді. Бірақ ол жерде теңіз болғаны сортаңның арасында қалған кеменің тот басқан қаңқасынан ғана байқалады. Фильмнің бас кейіпкері – кішкентай кезінде полицейдің кінәсінен апатқа ұшыраған бала. Ол апаттан баланың анасы қаза тапқан, бірақ полицей баланың әкесіне пара беріп істі жауып тастаған. Есейе келе баланың бойынан әлгі апаттың зардаптары біліне бастайды. Емханаға қаралған кезде одан қатерлі ісік табады. Операция жасауға ақша жоқ, ал тегін емделуге берілетін квота кезегі жуырда келмейді, кезегі келгенше көз жұмып кетуі мүмкін. Енді жасөспірім бала қалған өмірінде анасының қазасы мен оның сырқатына кінәлі жандарды жазалауды ұйғарады. Әуелі ол әкесін өлтіреді, кейін туыс әпкесін тұншықтырып өлтіреді. Бірақ полицейлер «нашар» статистика керек емес деп ұйғарып, бұл қылмыстарды «жазатайым» оқиға ретінде көрсетеді. Фильм соңында бас кейіпкерге диагноз дұрыс қойылмағаны анықталады. Ол өз-өзіне қол салып, көз жұмады.

"Бөпем" фильмін көріп отырған жұрт. Алматы, 25 қыркүйек 2016 жыл.

"Бөпем" фильмін көріп отырған жұрт. Алматы, 25 қыркүйек 2016 жыл.

«Бөпем» фильмі Қазақстандағы мемлекеттік құрылымдарды жайлаған коррупцияны ғана емес, экологиясы жайсыз аймақтағы халықтың әлеуметтік жағдайын да көрсетеді. Жанна Исабаеваның айтуынша, ол фильмге әлгі сияқты жерлерде томаға-тұйық күн кешіп жатқан адамдардың өмір салтын көрсететін метафора енгізген. Жанна Исабаева «Мен де «Қазақфильмге» параллель әлемде өмір сүріп, фильм түсіріп жатырмын, сондықтан мемлекет қаржы береді, фильмдерімді прокатқа шығарамын деп дәмеленбеймін» дейді.

Негізгі конкурсқа ұсынылған тағы бір қазақстандық фильм – Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» туындысы да осыған ұқсас проблемаға арналған. Фильмдегі әбден тозған ауылды коррупция жайлаған, бірақ мұнда ірі көрме орталығы салынып жатыр. Коррупциямен күресуге тырысқан жаңа әкім жүйе құрбанына айналады.

Оқи отырыңыз: «Қаратас ауылындағы оба» көрерменге жетті»

Әділхан Ержановтың фильмі де мемлекеттің қатысуынсыз (оны түсіруге «Сорос-Қазақстан» қоры демеушілік жасаған) түсірілген тәуелсіз кино жанрына жатады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ержановтың «Қожайындар» деген алдыңғы фильмін «Қазақстанды масқаралайтын» фильмдер қатарына қосқан.

«Қаратас ауылындағы оба» және «Бөпем» фильмдері Қазақстанда үлкен прокатқа шығуы екіталай. Бірақ оларды қыркүйектің 30-ына дейін «Евразия» кинофестивалі аясында тағы бір рет көруге болады.

XS
SM
MD
LG