Accessibility links

«Шаңырақ ісі». Шартты жазамен ерте босауға қатысты қорқыныш пен үміт


"Шаңырақ ісімен" сотталған Ерғанат Тараншиевтің сот залынан түсірілген суреті. Алматы, 2007 жыл.

"Шаңырақ ісімен" сотталған Ерғанат Тараншиевтің сот залынан түсірілген суреті. Алматы, 2007 жыл.

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың бірі, түрмеде отырғанына 10 жыл болған Ерғанат Тараншиевтің шартты жазамен ерте босатуды сұрауға болатын мерзімі жатті. Тұтқынның туыстарының айтуынша, жуырда олар Тараншиев мемлекетке «қарыз» екенін естіген.

Жуырда Алматы облысының 70 жастағы тұрғыны Рахила Иманқұлова 2006 жылдың жазында бір полицей қаза тапқан Шаңырақ оқиғасына қатысты деген айыппен сотталып, 15 жылдық жазасын Тараздағы түрмеде өтеп жатқан 38 жастағы баласы Ерғанат Тараншиевпен кездескен. Қазір Тараншиев жазасының үштен екісін өтеп біткен, енді ол мерзімінен ерте шартты жазамен босату туралы өтініш бере алады.

Ерғанат Тараншиев (қара киіммен тұр) "Шаңырақ ісі" бойынша өткен сотта тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2007 жыл.

Ерғанат Тараншиев (қара киіммен тұр) "Шаңырақ ісі" бойынша өткен сотта тұр. Алматы, 13 қыркүйек 2007 жыл.

ТҮРМЕ ТОЗАҒЫНЫҢ САЛДАРЫ

Тараздағы қатаң режимдегі колонияда (ЖД-158/14) 2013 жылдан бері отырған Ерғанат Тараншиевтің анасы Рахила Иманқұлова «бұрынғыға қарағанда, баламның өңі кіріп қалыпты» дейді. Анасы жүрегі шаншып әрі көз жасына булығып сөйлей алмаған соң жағдайды көбінесе 40 жастағы қызы Шолпан Әбдібақас айтып берді. Анасы ара-тұра кейбір жайттарды нақтылап қана отырды.

Алматы облысы тұрғыны, Ерғанат Тараншиевтің анасы, 70 жастағы батыр ана Рахила Иманқұлованың немересімен түскен суреті. Алматы, Шаңырақ-2 ықшам ауданы, 22 қазан 2016 жыл.

Алматы облысы тұрғыны, Ерғанат Тараншиевтің анасы, 70 жастағы батыр ана Рахила Иманқұлованың немересімен түскен суреті. Алматы, Шаңырақ-2 ықшам ауданы, 22 қазан 2016 жыл.

Анасы мен әпкесінің айтуынша, Ерғанат Тараншиев қазір тәртібі қатал түрмеде («бурбаракта») емес, туыстарымен жылына ұзақ мерзімді екі рет кездесуге мүмкіндік беретін жалпы тәртіптегі түрмеде отыр. Бұрынғы сөгістерін алып тастаған, тіпті мерзімінен бұрын ерте шартты босауына көмектесуі мүмкін алғыс алып үлгерген. Алған алғыстары жеңілдетілген режимге ауысып әрі жылына ұзақ мерзімді төрт кездесуге рұқсат береді.

Ерғанат Тараншиевтің қапталған тістері түсіп қалғанымен, бұрынғыдай емес, қазір денсаулығы жақсарған. Бүйрегі ауырса, санитарлық бөлімге жатқызады, Тараздағы колонияға келген соң оған ота жасап, омыртқасындағы Степногорск түрмесінде анықталған жарықты алып тастаған.

Тараздағы түрмеде Ерғанат Тараншиев токарьдің оқуын оқып, диплом алған. Енді газбен дәнекерлеушінің оқуын оқып жатыр. Ерғанат Тараншиев әр бейсенбі сайын түрме таксофонынан үйіне телефон соғып, туыстары одан хат алып тұрады. Карточкасына туыстары салған ақшаға ол түрме дүкенінен керек-жарағын сатып алады. Туыстары жолдаған сәлем-сауқаттарды да алады.

Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақас. Алматы, Шаңырақ-2 ықшам ауданы, 22 қазан 2016 жыл.

Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақас. Алматы, Шаңырақ-2 ықшам ауданы, 22 қазан 2016 жыл.

Бірақ бұрын бұлай емес болатын. Алғашқы екі жыл отырған Алматыдағы тергеу абақтысы мен кейінгі бес жылын өткізген Ақмола облысы Степногорск қаласындағы түрмеде болған сұмдықтарды Ерғанат Тараншиевтің анасы мен әпкесі қазір түршіге еске алады. Әпкесі Шолпан Әбдібақастың сөзінше, қылмысын мойындату үшін оны тергеу абақтысында ұрып-соққан. Оның сөзінше, таяқтаған кезде Ерғанаттың екі қабырғасы сынып, сынықтың орны дұрыс бітпеген әрі бүйрегі зақымданған, сәл суық тисе, бүйрегі қабынып, жағдайы тым нашарлап кетеді екен.

Тұтқынның туыстарының айтуынша, Степногорск түрмесінде оған тіпті қиын болған. Үнемі суық тие бергендіктен, бүйрегі ауырған. Ертеректе олар «Ерғанатты азаптаған» деп айтқан болатын. Жәбірге шыдамаған Ерғанат Тараншиев 2009 жылы Степногорск түрмесінде тамырын кескен. Тараншиев әлгі түрмеге түскеннен кейін туыстары оны Степногорскіге қарағанда климаты жұмсақтау әрі үйіне де жақын Таразға ауыстыруды сұрап, құзырлы мекемелердің бәріне хат жаза бастаған.

Анасының айтуынша, 2013 жылы Тараздағы түрмеге ауыстырғаннан кейін Ерғанаттың жағдайы бірден жақсарып кетті деу қиын, өйткені сәл шалыс қылығы үшін оған сөгіс жариялап, ізінше «бурбаракқа» қамайтын.2016 жылға дейін осылай жалғасып, тек қыркүйекте ғана оны жалпы режимге ауыстырған. Осыдан кейін Ерғанат Тараншиев пен туыстарында мерзімінен ерте шартты жазамен босататын шығар деген үміт оянған. Бірақ бұған қоса «үмітіміз ақталар ма екен» деген қорқыныш та пайда болған.

ШАРТТЫ БОСАУДЫҢ ҚҰНЫ

Шаңырақ құрып, үй салу сияқты ең бақытты өмір сүретін жастық шағын Ерғанат Тараншиевтің түрмеде өткізуіне тура келді. Бұл жылдар енді қайта оралмайды. Бір апта бұрын азаматтық белсенді Жасарал Қуанышалин Facebook желісіндегі парақшасында Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақастың сөзіне сілтеме жасап, түрмеден босау үшін ол шамамен 12 миллион теңге (37 мың долларға жуық) зиянды өтеуі тиіс деп жазды. Ол мұны Қуанышалинге түрмеден босау шарттарын толық білмейтін інісінің сөзіне сүйеніп айтқан. Бірақ Ерғанат Тараншиевтің анасы Тараздағы түрмегебарған кезде баласымен жолығып әрі түрме бухгалтериясына кіріп, баласының 36 мың теңге мемлекеттік баж салығы және сот шығындары мен жүргізілген сот сараптамасы үшін 10 мың теңге өтелмеген қарызы бар деген анықтама алған.

Ерғанат Тараншиевтің мемлекетке және жеке талаптар бойынша қарызы туралы анықтама.

Ерғанат Тараншиевтің мемлекетке және жеке талаптар бойынша қарызы туралы анықтама.

Бұдан бөлек, Ерғанат Тараншиев соттан «Шаңырақ ісіне» қатысты айыпталушылардан жанып кеткен өрт сөндіру көлігі мен полицейлердің бүлінген жабдығы үшін өтемақы өндіруді сұраған Алматы билігінің талабы бойынша 27 мың теңге төлеуі тиіс. Яғни түрмеде анасына түсіндіргендей, Тараншиев 12 миллион теңге емес, шамамен 80 мың теңге өтеуі тиіс, ал оны төлесе, шартты жазамен ерте босауы мүмкін. Тараншиевтен талап етілетін өтемақы сомасына қатысты Тараз түрмесінен ресми комментарий алудың сәті түспеді.

Ерғанат Тараншиевтің әке-шешесі – 69 жастағы Әбдібақас Тараншиев пен 70 жастағы Рахила Иманқұлова екеуі Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында тұрады. Бұл - Алматыдан шамамен 300 километр жердегі ауыл. Ерғанат - отбасындағы сегіз баланың жетіншісі, ал ұлдардың ішіндегі кенжесі.

Тараншиевтің әке-шешесі Ерғанаттың 80 мың теңге «қарызын» өзге балаларымен қосылып төлерміз деп отыр. Екеуінің әрқайсысы шамамен 40 мың теңге - мардымсыз зейнетақы алады. Рахила Иманқұлованың батыр ана ретінде алатын қосымша 13 мың теңге жәрдемақысы бар. Ерғанат Тараншиевтің туыстары үшін 80 мың теңгені төлеу онша қиын емес. Анасы мен әпкесі «тек ақша тиісті жерге түсу үшін қайда және кімге төлеуді білмейміз» дейді.

Туыстары бәрінен бұрын Ерғанат Тараншиевті босатуға жәбірленуші тарап - Шаңырақ оқиғасы кезінде қаза тапқан полицей Әсет Бейсеновтің әке-шешесінен келісім алу қиын болады деп уайымдайды. Тараншиевтің анасы мен әпкесі «өйткені бұрын сөйлескенімізде, әсіресе сот процесі кезінде Шаңырақ оқиғасына қатысушыларды кешірмейтінін үзілді-кесілді мәлімдегендіктен, ол кісілердің алдына барудан қаймығамыз» дейді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Шаңырақ оқиғасы

Тұтқынның туыстары Ерғанат Тараншиевті босату үшін тиісті шарттарды анықтап, орындау үшін адвокат керек деп санайды. Бірақ олардың сөзінше, адвокат жалдауға ақша жоқ. Олар «адвокатсыз Ерғанатты босатуға тырысқан әрекетімізден ештеңе шықпауы мүмкін» деп қауіптенеді. Өйткені ертеректе Шаңырақ ісі бойынша сотталған тағы бір адамның туыстарының осындай әрекеті сәтсіз аяқталған.

«ШАҢЫРАҚ ІСІ» БОЙЫНША БОСАТУ ПРОБЛЕМАЛАРЫ

«Шаңырақ ісіне» қатысты сотталған төрт тұтқынның ішіндегі ең жасы, 14 жылға сотталып, қазір Семейдегі қатал режимдегі колонияда отырған 33 жастағы Рүстем Тұяқовтың туыстары мұндай сәтсіз тәжірибеден өткен. Түрме жазасының үштен екі бөлігін (мерзімінен бұрын шартты жазамен босауға негіз болатын уақыт – ред.) Тұяқов былтырғы жылдың аяғында өтеп біткен. Оның туыстары мерзімінен ерте шартты жазамен босату ісіне кірісетін адвокат таба алмағанын айтқан.

«Шаңырақ ісіне» қатысты сотталған үшінші адам, 16 жылға кесілген 40 жастағы Құрманғазы Өтегенов жазасын Павлодар облысындағы түрмеде өтеп жатыр. Ол жаза мерзімінің үштен екі бөлігін 2017 жылғы наурыздың аяғында өтеп бітеді.

Ал «Шаңырақ ісіне» қатысты сотталған төртеудің ішіндегі жасы ең үлкені – 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент 63 жастағы Арон Атабек шартты жазамен босату туралы өтінішті 2018 жылғы шілденің ортасында ғана бере алады.

ВИДЕО: 10 жылдан кейінгі Шаңырақ

Шаңырақ оқиғасы - билік заңсыз салынған деп тапқан үй иелері мен полиция арасындағы қақтығыс 2006 жылғы шілденің 14-інде Алматының шетінде болған еді. Әлгі оқиғадан бірер апта бұрын билік полицияның күшімен таңсәріде шабуыл бастап, Бақай кентіндегі осындай үйлерді сүріп тастаған еді. Бірақ полицейлердің бұл тактикасы Шаңырақта іске аспай, ауыл тұрғындары қатты қарсылық көрсетті. Қақтығыс кезінде бір полицей қаза тапқан.

Шаңырақ ауылында «тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айыппен 24 адам сотқа тартылып, Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев және Рүстем Тұяқов түрмеге кесілді. Төртеуінің жақтастары айыптар қолдан құрастырылды деп санап, оларды «Шаңырақты қорғаушылар» деп атайды.

Оқи отырыңыз: Шаңырақ оқиғасы: 10 жылдан кейін

Қақтығыстан бірнеше жыл өткен соң, Алматы билігі Шаңырақ тұрғындарының тұрып жатқан жерлері мен салған үйлерін заңдастырып берді. Қалада жаңа аудан - Шаңырақ пен Алматы төңірегіндегі басқа да елді мекендерден құралған Алатау ауданы пайда болды. Қазір Шаңырақ ауылының келбеті адам танымастай болып өзгерген. Еңселі үйлер салынып, ауданға газ тартылған, көшелерге асфальт төселген. 10 жыл бұрынғы оқиғаға қатысушылар мен олардың туыстары болмаса, «Шаңырақ ісі» бойынша сотталып, әлі күнге дейін түрмеде отырған төрт адамды қазір Шаңырақ тұрғындарының көбі танымайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG