Accessibility links

Қысқаметражды кинодағы балалар үйі және құлдық


Асқар Әуелбектің «Миша» фильмінен көрініс.
Асқар Әуелбектің «Миша» фильмінен көрініс.

Наурыздың 16-сында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақфильм» киностудиясына қарасты «Дебют» шығармашылық бірлестігі түсірген қысқаметражды фильмдер көрсетілімі болды. Фильмдердің бәрін жаңа бастаған режиссерлер түсірген.

Фильмдерді кинодағы «жаңа қазақ буыны» өкілі – «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің (ШӨБ) көркемдік жетекшісі, кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев таныстырды. Ол да 1988 жылы өзінің алғашқы қысқаметражды фильмін «Дебют» аясында түсірген. Өмірбаевтың түсіндіруінше, шығармашылық бірлестіктің негізгі міндеті – кино саласында жұмыс істеп кетуі мүмкін адамдарды анықтау. «Дебют» басшылары сценарийлерді іріктеп, түсірілім алаңдарын аралайды, монтажына қатысады.

– Меніңше, 20-30 пайызы сәтті шықса, жаман емес, – дейді Дәрежан Өмірбаев.

Режиссер Дәрежан Өмірбаев. Алматы, 16 наурыз 2017 жыл.
Режиссер Дәрежан Өмірбаев. Алматы, 16 наурыз 2017 жыл.

КИНОДА ТАНЫЛУ «ДЕБЮТТЕН» БАСТАЛАДЫ

Мемлекет белгілі бір фильмдер санын түсіруге ақша бөледі. Ертеректе жылына бір-екі фильм түсірілетін, ал қазір бес-алты фильм түсіріледі. «Дебют» аясында фильм түсіруге ақша алу үшін үш критерийге сәйкес болуың шарт – жоғары білімің, жақсы сценарийің және портфолиоңда кем дегенде бес минутқа созылатын фильмің болуы тиіс.

Қаржы 2016 жылы желтоқсанның орта шенінде ғана аударылғандықтан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрсетілген фильмдердің бәрі бір ай ішінде түсірілген. Жеті фильмнің екеуін көрсеткен жоқ. Олардың әлі толық дайын емес біреуі – шын мәнінде толықметражды фильм.

Дәрежан Өмірбаев таныстырылған фильмдердің кейінгі тағдыры жайлы «ары кеткенде кино клубтарда көрсетіп талқылайды, «Қазақфильм» фестивальдерге жіберетін шығар» деп болжайды.

КАДРДЕГІ ҚҰЛДЫҚ

Қысқаметражды фильмдердің бәрінде белгілі бір әлеуметтік проблема қамтылған. Ең өзекті проблема «Миша» фильмінде айтылған. Фильм режиссері Асқар Әуелбек құлдық проблемасын қозғауды жөн көрген. Фильм заңсыз қызметші ұстайтын Жаңатас деген фермердің отбасы жайлы баяндайды. Қызметшінің аты – Миша. Оны шаруашылықтағы ең ауыр жұмыстарды істеуге мәжбүрлейді. Бірақ оған «баспана, тамақ беріп, сені жарылқап отырмыз» дейді. Бірақ Миша бұлай ойламайды әрі қашуға әрекеттенеді. Қашқынды полицияда жұмыс істейтін таныс майор қайтаруға көмектесіп, сол үшін Жаңатастан ақша алады. Фермер Мишаны ұрып-соғып, «тәрбиелейді». Бір күні Миша шыдамай кетіп, үйде Жаңатас жоқта оның әкесін, әйелін және бауырын балтамен шауып өлтіреді.

Асқар Әуелбектің «Миша» фильмінен көрініс.
Асқар Әуелбектің «Миша» фильмінен көрініс.

Қазақстанда адамды құлдықта ұстау, оның ішінде еңбек құлдығы ойдан шығарылған проблема емес. Ондай фактілер барын бұл құбылыспен күресетін халықаралық ұйымдар да мәлімдейді, Қазақстан билігінің өзі де мойындайды. «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары медиа-орталығы» дерегінше, жыл сайын Қазақстанда адам саудасымен байланысты 270-ке жуық қылмыс тіркеледі.

– Ірі фермерлердің көбі заңсыз адам ұстайтынын ауылда өскендердің бәрі біледі. Оны көршілері де, өздері да сөкет көрмейді. Мен мұндай проблема бар және оны шешу керек деймін, – дейді фильм режиссері Асқар Әуелбек.

Режиссердің сөзінше, ол фильм сценариін студент кезінен ойланып жүрген.

– Кезінде мен Карлагтан босаған адамдар қоныстанған кентте тұрғанмын. 25 жыл тұрған кезімде кентімізде талай қылмыстық оқиға болды. Мен саясатымыз бойынша рұқсат етілмейтін өмір шындығын көрсеттім. Шындығында, ойымдағы көп дүниені көрсеткен жоқпын. «Қазақфильм» мұндай фильмдерді құптай қоймас. Бәрінен бұрын фильмді мәжіліс депутаттары көрсе жақсы болар еді, – дейді режиссер.

БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТІРЛІГІ

Режиссер Әділ Мұсатаев түсірген «Хат» фильміндегі оқиға желісі балалар үйінде өрбиді. Бас кейіпкер Серік – ұқыпты, зерек, кітап оқығанды жақсы көретін, әділдікті жақтайтын бала. Осы мінезі үшін ересек балалардан көп жәбір көреді. Олар әлімжеттік танытып, жасы кіші балалардың дәмді тағамдарын тартып алады. Бұған Серіктен өзгелердің бәрі көнеді, ал қарсылық танытқан оны ұрып-соғады.

Балалар үйі тәрбиеленушілерінің арасындағы көбінесе әлімжеттікке негізделетін қарым-қатынас әдетте қазақстандық кинематографистер айналып өтетін өмір шындығы деуге болады. Балалар үйінің ата-ана қамқорлығынан мақұрым қалған тәрбиеленушілері дүкендерден тәтті ұрлай бастайды, бұл – көрсетуден қашқақтайтын өзге өмір шындығы. Бір күні сатып алушылардың бірі ұстап алып, ақыры баланы аяп, бір құты сүттің ақшасын төлегенге дейін мұнымен Серік те айналысады.

«Хат» фильмі балалар жетімдер үйіне көбінесе туған шешесі бас тартқан жағдайда түсетіні жайлы баяндайды. Анасы 16 жасында Серікті балалар үйіне өткізіп жіберген. Бала анасына хат жазуды армандайды. Тәрбиеші әйел шешесінің мекенжайын тауып, Серікке береді. Ол конвертке «Сені жақсы көремін, мама» деген жазуы бар құстың суретін салады. Біраз уақыт өткеннен кейін жауап келеді. Бала конверттің ішінен ұсақтап жыртылған суретін табады.

Фильмнің соңы сәтті аяқталып, Серікті баласыз отбасы асырап алады.

ӘДІЛ, БІРАҚ ЗАҢСЫЗ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы түлегі Баймұрат Жұманов 12 жыл бойы киноактер ретінде танылып жүрген. Ол «Дебют» аясында режиссер ретінде танытып, басты рөлді өзі ойнаған «Қатал адам» қысқаметражды фильмін түсірген.

Бас кейіпкер ерінен ажырасқан әйелмен бірге тұрады әрі оған үйленгісі келеді. Бірақ оған «балаларымды жоқшылыққа душар еткім келмегендіктен әлі күнге дейін үйленген жоқпын» деп түсіндіреді.

«Қатал адам» фильмінің режиссері Баймұрат Жұманов. Алматы, 16 наурыз 2017 жыл.
«Қатал адам» фильмінің режиссері Баймұрат Жұманов. Алматы, 16 наурыз 2017 жыл.

Оның жоспарларын күтпеген жағдай бұзады. Бас кейіпкер маскүнем баласы үнемі ұрып-соғатын көрші кемпірге араша түседі. Көршінің баласы полицияға арыз жазады. Бас кейіпкерге «айыппұл төле немесе бес тәулікке қамаласың» дейді. Айыппұл сомасын көріп қамауда отыруды артық санайды. Ол қамауда отырған кезде бірге тұрған әйелдің бұрынғы күйеуі қайтып келеді. Отбасын құру арманы орындалмайды.

Режиссер Баймұрат Жұманов: «Көрерменге «Кейде біреуге жасаған жақсылығыңның кесірі өзіңе тиеді» деген ойды жеткізгім келді» деп түсіндірді.

Оның сөзінше, бас кейіпкер – ойдан шығарылмаса да, жиынтық бейне. Жұманов ол кейіпкердің бойында бір кездері естіген немесе көрген жайттарды жинақтағанын айтады.

XS
SM
MD
LG