Accessibility links

Мүгедектер туралы фильм өмірге құштарлыққа шақырады


«Быть или не быть?» фильмінен көрініс. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

«Быть или не быть?» фильмінен көрініс. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

Тағдыры қиын мүгедектер үшін қазіргі Қазақстанда өмір сүру тіпті ауыр. Жападан-жалғыз қалған кемтар жан не істей алады? «Быть или не быть?» фильмінің бас кейіпкері, ДЦП диагнозы қойылған мүгедек тағдырына өзі ие болар жігер тапты.

Қазанның 14-і күні Алматыдағы «Арман» кинотеатрында арбаға таңылған мүгедектер жайлы «Быть или не быть?» (Шекспирдің «Гамлет» пьесасындағы бұл тіркестің қазақшаға «Өлмек пе, қалмақ па?» деп аударған нұсқасы танымал - ред.) фильмі көрсетілді. Экрандағы әр көрініс – қиындық пен кедергіні жеңу сәті. Олар – дені сау адамға елеусіз көрінетін істер (шай демдеу, көйлек кию немесе телефонмен сөйлесу). Фильмнің елеулі бөлігі бас кейіпкердің сау адамға үйреншікті әртүрлі әрекетті қалай атқаратынына арналған. Фильм толыққанды өмір сүріп, күйінішті жеңуге үйретеді.

ДЦП ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛҒАН КЕЙІПКЕР

Бас кейіпкердің арманы – Гамлеттің рөлін сомдау. Ол өзінің дат ханзадасы бейнесінде жүргенін ылғи елестете береді. Әр сөзді айту қанша қиын болса да, үйінде рөлінің мәтінін қайталайды. Міне, тамағын ішкен соң сахна костюмін киеді. Бір жаққа баратын сияқты.

Расында да оны дайындыққа апаратын, «Мүгедектер таксиі» деген жазуы бар микроавтобус үйіне келіп тұр. Көлік жүргізушісі кейіпкерге телефон соғады, бірақ ол телефонын құлатып, сындырып алады. Аккумуляторы мен сим-картасын телефонына салғанша автобус кетіп қалды. Бозбала жандәрмен далаға еңбектеп шығып, қақпаға беттеп, көлікті айғайлап шақырады. Бірақ кешігіп қалған еді.

Осы сәтте тағы бір күйінішті оқиға болды. Бас кейіпкердің көңілі ауған көрші қызға басқа бір жігіт гүл алып, көңіл білдіруге келеді. Ол жігіт бас кейіпкердің көзінше қызға сақина салады. Бұған шыдамаған кейіпкер асылып өлмек болып, дар ағашы сияқты құрал жасай бастайды. Бірақ ақырғы сәтінде өмірге құштарлығы жеңіп шығады.

Фильмде басты рөлде ойнаған Тахир Умаров пен режиссер-сценарист Азиз Заиров. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

Фильмде басты рөлде ойнаған Тахир Умаров пен режиссер-сценарист Азиз Заиров. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

«Быть или не быть?» фильмінде басты рөлді 21 жастағы Тахир Умаров ойнайды. Ол да – кино кейіпкері сияқты ДЦП (балалардың церебралды сал ауруы) диагнозы қойылған бірінші топ мүгедегі. Фильм Тахир жайлы, оның тағдыры туралы деуге болады. Тахир 16 жасында анасынан айрылған екен. Одан соң өмірі қиындап кеткені даусыз. Бірақ жас жігіт туыстарының көмегін көрген – олардың кейбірі фильмнің көрсетіліміне де келді. Ол кітап оқу мен спортқа құмарлықтың арқасында өзін қоғамның нағыз бір мүшесі ретінде сезінеді. Өлең мен әңгіме жазады, би билейді. Ең бастысы – актер болуды армандайтын. Ақыры оның арманы орындалды. Фильм авторлары киноны дәл сол үшін түсіргендерін айтады. Тахир енді орыс ақыны Сергей Есениннің рөлін сомдауды армандап жүр.

Тахир Умаров – «АРДИ» («Ассоциация родителей детей-инвалидов» – «Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы») реабилитация орталығының шәкірті. Ол орталықтың өзге де бірнеше шәкірті Тахирмен бірге фильмге түсті.

ӨНЕРДЕГІ ЖАҢА ҰРПАҚ

«АРДИ» орталығы жанындағы мүгедек балаларға кино түсіру өнерін үйрететін «Новый мир» видео студиясы біраз жылдан бері жұмыс істейді. Студияны Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі Азиз Заиров ашқан. Оның өзі де бала кезден мүгедек, жүрек дертіне әрі тромбофлебит синдромына шалдыққан.

Азиз Заиров «Быть или не быть?» фильмінің сценарийін досы Мұхамед Мамырбековпен бірлесіп жазған. Кинолентаның режиссері де - өздері. Фильм идеясынан бастап оны түсіруге дейін үш жыл кеткен. Мұхамед Мамырбеков фильмнің маңызы туралы айта келе:

Фильмнің сценарийі авторларының бірі - Мұхамед Мамырбеков. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

Фильмнің сценарийі авторларының бірі - Мұхамед Мамырбеков. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

– Бұл – негізі махаббат туралы фильм. Кейіпкердің мамандығына, бойжеткенге, анасына деген махаббаты, өмірге деген құштарлығы жайлы. Мүмкін, бұл фильм өмірден түңіліп, араққа, нашақорлыққа салынып кеткен, күйзеліске түскен дені сау адамдарға сабақ болар. Біздің қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың тыныс-тіршілігінен көбірек хабардар болса екен, – деді.

Баспасөзге арналған көрсетілімнен кейін жұрттың көбі фильм жайлы әсерлерімен бөлісті. Әуелі кинорежиссер әрі педагог Арман Қарабаевтың пікірін білудің сәті түсті.

– Жігіттер тақырыбына да, түсіру деңгейіне де, негізгі ойды жеткізуге де зор талап қойыпты. Фильмді көріп отырып ішім алай-түлей болды. Бірақ жанға батпайтын жара. Фильм авторлары - өзгеше ойлайтын ұрпақ өкілдері. Бұл ұрпаққа Әмір Байғазинды («Үйлесімділік сабақтары»), Әділхан Ержановты («Қожайындар») қосуға болады. Бұл - нағыз суреткердің ойлары. Фильмнен өзім күткендегіден де көп әсер алдым, – деді Арман Қарабаев.

Қайырымдылық қоры директоры Аружан Саин. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

Қайырымдылық қоры директоры Аружан Саин. Алматы, 14 қазан 2014 жыл.

Фильм туралы тележүргізуші әрі қайырымдылық қоры директоры Аружан Саин да жақсы пікір айтты.

– Бұл фильмді парламентте, үкіметте, әкімдіктерде барлық шенеуніктерге міндетті түрде көрсетіп шығу керек. Өйткені адамға өнер тілі арқылы ғана жеткізуге болады. Қазір жұрттың көбі қарақан басының қамын күйттеп кетті. Ал бұл жігіттер нағыз құндылық махаббат, дос-жаран, адамдардың-бір-біріне деген шынайы қарым-қатынасы екенін көрсетті. Журналист мырзалар, оларға демеуші керек екенін жазыңыздар! Әлемге осындай ғажап фильмдер ұсынатын демеушілер керек, – деді Аружан Саин.

ПРОКАТ ШЕКТЕУЛІ БОЛМАҚ

«Быть или не быть?» фильмінің прокаты шектеулі болмақ. Оны Алматыдағы «Арман» кино орталығында, Астана, Қызылорда сияқты бірер қалада ғана көрсетеді. «Арман» кино орталығының директоры Бауыржан Шүкенов (белгілі әнші Батырхан Шүкеновтің бауыры) осындай уәде берді. Кино орталық күнін белгілеген соң мұнда үлкен премьера өткізбек.

– Бұл фильмнен ешкім табыс таппайды. Бұл фильмді көрсету мақсаты бөлек. Біз оны қоғамға жеткізуге тиіспіз. Біздегі ең үлкен проблема –кинотеатрларда жұртты ойландыратын емес, мәнсіз фильмдер көрсететініміз, – дейді ол.

Бауыржан Шүкенов мұндай әлеуметтік маңызы бар фильмдерді көрсету қажет екенін талқыламақ болғанын, бірақ баспасөзге арналған көрсетілімге Алматыдағы кинотеатрлар директорларының ешбірі келмегенін айтып қынжылды.

XS
SM
MD
LG