Accessibility links

«Репрессияға қатысқандардан» мойындау талап еткен әйел


Фатима Ғабитова.
Фатима Ғабитова.

Алматыда қазақтың көрнекті үш тұлғасының жұбайы болған Фатима Ғабитованың өмірі туралы «Фатима» деректі фильмінің премьерасы өтті. Ол кісінің күнделіктерінде Қазақстанның 1916 жылдан бергі тарихы қамтылған.

«Фатима» – деректі жанрда түсірілген, бірақ бірнеше эпизодында фильм кейіпкері Фатима Ғабитова мен оның қызы Ильфаның бейнесі актерлердің ойыны арқылы сомдалатын көркемдік элементтері бар фильм.

Фатима Ғабитова – ел тарихына қазақтың көрнекті үш тұлғасының (ағартушы Біләл Сүлеев, ақын Ілияс Жансүгіров пен жазушы Мұхтар Әуезовтің) жұбайы әрі музасы ретінде енген, ол үшеуінен туған Азат Сүлеев, Болат Жансүгіров, Ильфа Жансүгірова-Жандосова, Мұрат Әуезов сияқты жұртқа танымал ірі тұлғаларға айналған балаларын асырап жеткізген адам.

ФИЛЬМ АРҚАУЫ – ​КҮНДЕЛІКТЕР

Фильмге Фатима Ғабитованың 14 жасында – 1916 жылы жүргізе бастаған күнделіктері арқау болған. Арасында кадр сыртындағы әйел дауысы кейіпкердің өмірі мен елдегі оқиғалардың оның жеке басы мен азаматтық ұстанымдарына әсері баяндалған күнделіктен үзінділер оқиды. Бұған қоса мұрағаттан алынған фотосуреттер мен кинохроникалық құжаттар көрсетіледі.

Фатима Ғабитованың өмірінде 10 жастағы қызының қазасы, алғашқы ері Біләл Сүлеевтің тұтқындалуы және «халық жауының әйелі» деген атаққа қалуы, екінші күйеуі Ілияс Жансүіровтің тұтқындалып, оның тағдырынан хабарсыз болуы, «халық жауының әйелі» деген атқа тағы қалып әрі жер аударылуы, ұлының екінші дүниежүзілік соғыста қаза табуы сияқты ауыр әрі қайғылы қасіретті оқиғалар көп болған. Фильм соңында кадр сыртындағы дауыс кейіпкер күнделігінен «Маған бұлай істейтіндей совет еліне неден жазықты болдым?» деген сұрақ қояды. Фатима Ғабитова1968 жылы дүниеден озған, сондықтан ол кезде СССР-де бұл сұраққа ашық жауап беруге ешкімнің батылы жетпес еді.

Фильмде балаларының әкелерінің Фатима Ғабитованың тағдырындағы рөлі де көрсетілген. Біләл Сүлеев түрмеден шыққаннан кейін еріксіз Мәскеуге кетіп, әйеліне «енді өз күшіңе ғана үміт арт» деп хат жазғаннан кейінгі қиын-қыстау заманда оған және балаларына күйеуінің досы – ақын Ілияс Жансүгіров сүйеу болған. Ілияс Жансүгіров – Фатиманың екінші күйеуі. Фильмнің көп бөлігі Фатима мен Ілиястың ара қатынасына арналған. Мұрат Әуезовтің «Фатима Ғабитова үшін ең бастысы өз балаларының тәрбиесімен қатар 1938 жылы сталиндік репрессия кезінде атылған Ілияс Жансүгіров туралы естеліктерді сақтап қалу болды» деген сөздері келтірілген.

Мұрат Әуезов анасы туралы фильмде сөйлеп отыр.
Мұрат Әуезов анасы туралы фильмде сөйлеп отыр.

Фильмде Иосиф Сталинге деген көзқарас көркем фильм форматында түсірілген эпизодта көрсетілген. Сол күні қызы Ильфа Сталиннің қайтыс болғаны туралы хабарды естіп, мектептен жабырқап келеді. Ал үйінде анасының дастархан жайып жатқанын көріп: «Мама, мұның не? Сталин қайтыс болды емес пе?» дейді. Қызының сөзіне Фатима «Құдайға шүкір!» деп жауап береді.

Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеген әрі десталинизация процесі басталған КПСС-тің әйгілі 20-съезінен кейін 1958 жылы Қазақстанның жазушылар одағында өткен тарихтан мәлім партия жиналысы жайлы да баяндалады. Ол жиналысқа Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты репрессияға ұшыраған ақын-жазушылардың жесірлері де келеді. Фатима Ғабитова мінберге шығып, сөз сөйлеп «Сен репрессияға қатысқансың! Сен сөз тасығансың!» деп кей адамдарды тура нұсқап көрсетеді. Фильмде олардың нақты аты-жөндері аталмаған, бірақ осы тұста кинохроника кадрлары президиумда отырған сталиндік репрессияға ілікпей қалған жазушы Сәбит Мұқановты көрерменге тұспалдап көрсетеді.

Фильмде Мұрат Әуезов пен Ильфа Жансүгірова-Жандосованың анасы жайлы айтқан сөздері бар. Мұрат Әуезов анасының аса білімді, еуропаша білім алған жан болғаны туралы, Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығындағы рөлі жайлы да әңгімелейді. Ол еріне шабыт беріп қана қоймай, лирика ғана емес, маңызды тақырыптарға да шығармалар жазуын талап еткен.

Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың баласы Саят Жансүгіров. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың баласы Саят Жансүгіров. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Фильмде Фатима Ғабитованың білім беру саласында атқарған қызметіне де көп орын берілген. Ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, 30 жылдан аса ұстаздық еткен.

ПРЕМЬЕРАҒА КӨБІНЕСЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ КЕЛДІ

Фильм премьерасы «Арман» кино орталығында өтті. Көрермендердің көбі – зиялы қауым өкілдері, орта және жасы ұлғайған кісілер. Олардың ішінде Фатима Ғабитованың өмірбаянын, ол кісі өмір сүрген заманның тарихын бұл фильмсіз де жақсы білетін жандар – оның ұрпақтары (балалары, немере-жиендері), дос-жарандары, таныстары бар. Ал жастар жағы аз болды.

Премьераға көрсетілім алдында көрермендерге тілек айтқан 80 жастағы ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов те келді.

– Менің анамның аты да – Фатима. Бәріміз Фатиманың балаларымыз, сондықтан фильм кейіпкерін өз анамдай көремін. Фатима апайды 1964 жылдан бері – досым Болат Жансүгіровпен (ол кезде оның тегі анасы сияқты Ғабитов болып жазылатын) үйлеріне барған кезден білетінмін. Екеуміз ҚазМУ-ға енді ғана түскен едік. Кейін оның бүкіл бала-шағасымен таныстым. Олардың да тегі әр түрлі болып жазылатын, өйткені ол кезде Жансүгіровтің тегіне тыйым салынған. Олар анасы мен әкелерінің қасіретті тағдырының бір-бір сәулесі іспетті. Олардың, әсіресе аналарының өмірбаянын 20-ғасырдағы өміріміздің энциклопедиясы деуге болады. Сондықтан бұл образға үлкен зейінмен қарауға шақырамын. Сіздер тарихымызды, оның қандай қиын болғанын әрі ешқашан қайталанбауы тиіс екенін сол кезде жақсырақ түсінесіздер, – деді Олжас Сүлейменов.

Ақын Олжас Сулейменов. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.
Ақын Олжас Сулейменов. Алматы, 17 қазан 2016 жыл.

Алғашқы көрермендердің фильм жайлы пікірі жақсы. Кино жайлы кәсіби тұрғыдан жазатындар да, кино өнерінің қарапайым тұтынушылары да фильмді жақсы бағалады.

Журналист әрі киносыншы Төлеген Байтүкенов Facebook желісіндегі парақшасында: «Деректі кино жанры ретінде қарасақ, лента дәстүрлі, тіпті спикерлермен сұхбат, кадр сыртындағы нарратив, мұрағат фотосуреттерін пайдалану сияқты шаблонды тәсілмен түсірілген деуге болады. Бірақ жаратылысы ғажап әйелдің тағдырының күштілігі соншалық, экраннан көз айыра алмайсың. Ол тұтас бір дәуірдің мән-мағынасын өз бойына сіңіріп, оның портреті мен символына айналғандай» деп жазған.

Филология ғылымдарының докторы Бағила Ахатова «сценарийі де, музыкасы да тамаша өте әсерлі фильм» деп атаған. Ол Facebook желісінде: «Батыстың поп-мәдениеті жайлап, Ресей ақпарат кеңістігінің ықпалы күшейіп келе жатқан заманда қазақстандық көрерменге, әсіресе өскелең ұрпаққа тарихтың сырын ақтаратын мұндай фильмдер аса қажет» деп жазады.

«Фатима» фильмі сценариінің авторы Жанар Жандосова. Алматы, 18 қазан 2016 жыл.
«Фатима» фильмі сценариінің авторы Жанар Жандосова. Алматы, 18 қазан 2016 жыл.

Фильм «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. «Фатима» фильмі сценариінің авторы – Фатима Ғабитова мен Ілияс Жансүгіровтің немересі әрі «Ілияс Жансүгіров» қоғамдық қорының тең төрайымы Жанар Жандосова.

XS
SM
MD
LG