Accessibility links

Президент туралы фильмге келушілер аз


Бүгін кинорежиссер Рүстем Әбдірашовтің Қазақстан президенті туралы түсірген «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмі Алматы кинотеатрларында көрсетіле бастады.

Көзі тірісінде «Тұңғыш президент» ретінде мәртебесі заңмен бекітіліп, шексіз мәрте сайлану хақысын иеленген, отбасы мүшелеріне дейін қудалаудан тыс деп жарияланған, ондаған кітапқа қоса мемлекеттік гимн мәтінінің де авторы атанған Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген деректі фильмдерге енді төрт бөлімді көркем киноэпопея қосылды.

Соңғы шыққан «Тығырықтан жол тапқан» атты төртінші фильмнің негізгі желісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды металлургия комбинаты партия ұйымының басшысы ретінде қалыптасу кезеңі суреттеледі. Оқиғалар оның Днепродзержинскідегі оқудан кейінгі және «Қазақстан магниткасындағы» қызметі мен өмірін қамтыған.

Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрының 85 адамға арналған қызыл залында өткен күндізгі көрсетілімге бар-жоғы үш адам ғана келді. Өздерін президентшіл «Нұр Отан» билік партиясының мүшесі ретінде таныстырған жігіттердің бірі Асқар Кеңесұлы «фильмге әсерленгені сонша, көзіне жас алғанын» айтады.

«Біздің президентіміздің керемет жолы киноға түсірілді. Совет үкіметінің қиыншылықтарын, бүгінгі өмірдің қалай келгенін жастар кино арқылы түсінсе, бәрі жақсы болады» дейді көрермен.

Бірақ залдағы аз көрерменнің кейбірінің жүзінен басқаша эмоциялық реңк байқалады. Аты-жөнін жарияламауымызды сұраған Алматы қалалық әкімшілігінің қызметкері Азаттыққа:

Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмнің постері. Алматы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Тығырықтан жол тапқан» атты фильмнің постері. Алматы, 4 желтоқсан 2014 жыл.

«Басшылықтың тапсырмасы бойынша таңертең барып көріп қайттық. Елбасы (президент Назарбаев – ред.) туралы түсірілген фильм болғандықтан оны жамандауға тиісті емеспіз. Бірақ фильмге өнер ретінде қарайтын болсақ, онда ғұмыры ұзақ болмайды. Өйткені фильм көзі тірі саясаткер туралы түсірілгендіктен бір жақты ғана баяндалған» деді.

Желтоқсанның 4-і күні «Арман» кинотеатрында аталған филімнің екі көрселімі жоспарланған екен. Кешкі көрсетілімі 340 адамға арналған үлкен залда болатынын айтқан кинтеатрдың билет сатушысы «әзірге билет алған адам жоқ» деді.

Азаттық тілшісі аталған фильмді көрсетіп жатқан алматылық тағы бірнеше кинотеатрға хабарласқан еді. «Цезарь» кинотеатрының 75 адамдық кіші залында өткен таңғы көрсетіліміне 8 адам келген болып шықты. Ал «Сарыарқа» мен «Star Cinema», «Kinopark 11» кинотеатр қызметкерлері «фильмге келушілердің өте аз екенін, бірақ нақты қанша адам екенін айта алмайтындарын» жеткізді.

«Тығырықтан жол тапқан» фильмі Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темір тау» фильмдерінен құралған «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі болып саналады.

Басты рөлді «Балалық шағымның аспаны» фильміне түскен актер Нұрлан Әлімжанов сомдаған.

Фильм туралы ресми ақпаратта: «Киноэпопея сценариін Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабының желісімен белгілі қазақстандық драматург-сценаристер Ш.Құсайынов, Р.Әбдірәшев және Г.Земель жазған. Онда мемлекет басшысының әріптестерінің, достары мен үзеңгілестерінің естеліктерінен алынған эпизодтар да қолданылған» деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG