Accessibility links

Алматыда Майдан туралы фильм кедергісіз көрсетілді


«20. Майдандағы қақтығыстың шешуші күні туралы 20 дәйек» атты деректі фильмнен көрініс. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

«20. Майдандағы қақтығыстың шешуші күні туралы 20 дәйек» атты деректі фильмнен көрініс. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Алматыдағы құқық қорғаушылар кеңсесінде украиналық белсенділердің Киев Майданы туралы фильмі көрсетілді. Бішкекпен салыстырғанда мұнда фильмді көрсетуге бөгет болмады.

Соңғы күндері «20. Майдандағы қақтығыстың шешуші күні туралы 20 дәйек» атты деректі фильм авторлары, оның ішінде Киевтегі азаматтық еркіндік орталығы жобасының үйлестірушісі Александра Романцова кейбір постсоветтік елдерде фильмді таныстырып жүр.

Фильм көрсетілімі бұған дейін Қырғызстан астанасында өткен. Бірақ Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, фильмді Бішкекте көрсету кезінде қиындық туған. Қырғыз белсенділері фильмді екінші рет талаптанған соң ғана көрген. Ал Алматыда фильм көрсетілімі еш қиындықсыз өтті. Фильм тамыздың 27-сі күні Қазақстандағы адам құқығы бюросының баспасөз орталығында көрсетілді.

«20» ФИЛЬМІ ТУРАЛЫ

Фильм авторлары оны қысқаша «20» деп атайды. «20» саны Украинаның сол кездегі президенті Виктор Янукович режимі Киев Майданына қатысушыларға оқ жаудырып, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан 2014 жылдың 20 ақпаны туралы 20 дәйек дегенді білдіреді. Бұл күн азаматтық қоғам мен Янукович режимі арасындағы қақтығыстың шешуші күні болған. Фильм авторлары «оның режимінен бұдан да сорақы айуандықты күткенбіз, бірақ келесі күні Януковичтің қашып кеткенін естіп өзіміз де қайран қалдық» дейді.

Майдан туралы фильмді көруге жиналғандар. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Майдан туралы фильмді көруге жиналғандар. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Фильмде қазақстандықтарға Ресей телеарналарынан таныс көптеген эпизодтар бар. Бірақ оларды Ресей телеарналары мен «20» фильмі мүлде қарама-қайшы тұрғыдан түсіндірген. Мысалы, белгісіз мергендердің адамдарға оқ атуына қатысты эпизод. Фильмде әлгі мергендер «Януковичтің адамдары», тіпті Ресей арнайы қызметі жасағы болуы мүмкін деген дәйектер келтірілген.

Фильм авторларының айтуынша, олар Майданның ішкі өмірін, әсіресе 20 ақпан сияқты шешуші күнгі тыныс-тіршілігін көрсетуге тырысқан. Олар «азаматтық қоғам қойнауынан мемлекеттік органдардың өздігінен ұйымдасуы, азаматтық белсенділердің шексіз батылдығы сияқты құбылыстарды байқап, таң қалдық» дейді.

«Әлдебір жерде үлкен қауіп туғанын естіген бетте адамдар бірден сол жаққа барып қорғанысқа тұрды» дейді Александра Романцова.

Майдандағы талай күнге созылған қақтығыс кезінде Янукович режимі азаматтық белсенділердің ғана емес, саптан кетуге рұқсат етпей қарапайым милиционерлердің де құқын бұзған. Олардың көбі үсікке шалдыққан, ал кейбіреулері, әсіресе жастары мен қорғансыздары шарасыздан кіші дәретін шалбарына жіберіп қойған.

Киевтегі азаматтық еркіндік орталығы жобасының үйлестірушісі Александра Романцова. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Киевтегі азаматтық еркіндік орталығы жобасының үйлестірушісі Александра Романцова. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Фильм авторлары коррупцияның өз түбіне өзі жетуі сияқты құбылысқа куә болғандарын айтады.

«Жемқорлық өз түбіне өзі жетті. Кезінде көшелерге қалай болса солай төселе салған тастарды Майдан белсенділері оңай жұлып алып жатты, ал коррупциялық режимнің қарсыластарына қолданылған сапасыз су атқыштардың қауқары әлсіз болды» дейді Александра Романцова.

«20» фильмі авторлары адамдардың өліміне кінәлілерді түгел тауып, жазалау үшін Майдандағы қақтығыс кезіндегі, әсіресе 20 ақпандағы оқиғаларды толық тексеру мақсатын көздейді.

Жуырда олар фильмді Тәжікстанда көрсетуді жоспарлайды. «Ал Түркіменстан мен Өзбекстанда қазір бұл мүмкін емес» дейді олар.

МАЙДАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Фильм көрсетілімінен кейінгі талқылау кезінде әңгіме ауаны Майданның Украина мен Қазақстанға тигізген салдарларына ойысты. Белсенділердің айтуынша, Назарбаев пен Янукович режимдері кланшылдық және жемқорлық жағынан ұқсас болғандықтан, президент Нұрсұлтан Назарбаев режимі «Майдан» феноменін өзіне төнген қауіп ретінде қабылдап, жақтырмаған.

Майдан туралы деректі фильмнен көрініс. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Майдан туралы деректі фильмнен көрініс. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Азаматтық белсенді Данила Бектұрғанов ондаған адам қаза тапқан Киев Майданы оқиғаларын тексеру де Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларын тексеру сияқты ұзаққа созылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Осы аптада Минскіде Украина, Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттерінің кездесуі өтіп жатқанда Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы Мұхтар Әблязовті Франциядан Укринаға экстрадициялауға қатысты мәселе қозғалды. Ал «20» фильмін талқылауға қатысқандар Франция қазіргі жағдайда Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялауы екіталай деген пікірге қосылды. Бірақ оны Украинаға экстрадициялау мәселесі әлі шешілмеген.

Жуырда Әблязовтің адвокаты Украинаның қазіргі билігі Янукович режимінің Әблязовті Франциядан Украинаға экстрадициялау туралы өтініш беруі сияқты әрекеттерін қылмыстық әрі заңсыз деп танып, оның күшін жоятын шығар деп үміттенетінін айтқан. Украина бас прокуратурасы өкілі Әблязовті экстрадициялауға қатысты өтініштің шын мәнінде саяси мәселе екенін мойындаған.

«20» фильмі авторлары құқық қорғаушы ретінде Украинанаң қазіргі билігінің Мұхтар Әблязовтің экстрадициялауға қатысты әрекетін мұқият қадағалайтынын мәлімдеді. Олар «Майдан» оқиғаларын тексеру процесі 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзендегі бейбіт шерушілерді қырған оқиғаны тексеру сияқты тығырыққа тіреліп қалмас үшін осы фильмнің көмегіне сүйеніп, бар күш-жігерін жұмсайтынын да мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG