Accessibility links

«Шлагбаум» тоғыстырған қос тағдыр


«Шлагбаум» фильмінен көрініс. Актер Еркебұлан Дайыров Рауан рөлінде.

«Шлагбаум» фильмінен көрініс. Актер Еркебұлан Дайыров Рауан рөлінде.

Қазақстан мен шетелде бағасын алып, халықаралық кинофестивальдерде наградаға ие болып үлгерген «Шлагбаум» шытырман оқиғалы әлеуметтік драмасы қазақстандық прокатқа шықты. Бюджеті шағын фильмді мемлекеттік құрылымдарға тәуелсіз қазақстандық кинематографистер тобы түсірген.

«Шлагбаум» фильмі бас кейіпкерлерінің тағдыры бір-біріне мүлде ұқсамайды. Рауан - мектепте оқитын інісін ертіп, ауылдан қалаға келген жігіт. Бокспен шұғылданады әрі спортты кәсіп етуді армандайды. Інісі екеуіне қалада жан бағу үшін амалдауға тура келеді. Ол екі жерге - элиталық тұрғын үй кешені мен түнгі клубқа күзетші болып орналасады. Екі жұмыстың кесірінен үнемі ұйқысы қанбай жүретін жігіттің жаттығуға да уақыты қалмайды, бұл «жауапсыздығы» жаттықтырушысының ашуына тиеді.

Ал Айдардың әкесі - мұнай компаниясының бастығы, мықты тамыр-таныстары көп әрі бай адам. Алматыдағы сән-салтанаты келіскен пәтерін баласына қалдырып, өзі Астанада тұрады. Айдар - қаладағы беделді университеттің студенті әрі Англияда оқуды армандайды.

ШЛАГБАУМНЫҢ ЕКІ ЖАҒЫНДАҒЫ ӨМІР

Фильмде қос кейіпкердің жолы шлагбаумның жанында тоғысады. Айдар жол талғамайтын қымбат көлік мініп, күн сайын шлагбаумнан өтеді, ал Рауан оған шлагбаумды ашып беруі тиіс. Бірақ үнемі ұйықтап қалып, шлагбаум жанында артық бірер секунд күттіріп қоятын күзетші олигархтың баласының қитығына тиеді. Айдар күзетшіге «жұмыстан шығартам» деп қорқытады.

Айдардың рөлін ойнаған актер Дидар Кәден. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

Айдардың рөлін ойнаған актер Дидар Кәден. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

Көрермен екі кейіпкердің де проблемалары көбейіп, күйзеліске түсуге шақ қалған сәттерін көреді. Түнгі клубтан шыққан мас келіншекпен керісіп қалған Рауанды жұмыстан шығарып жібереді әрі кейін оны аяусыз соққыға жығады. Ал жаттықтырушысы оны жарысқа қатысатын командаға қоспай қояды. Оның үстіне жалға алған пәтердің иесі інісі екеуін далаға қуып шығады. Англиядағы оқу орындалмайтын арманға айнала бастаған Айдардың да проблемасы бар. Студенттер арасында бақталас көп әрі ол шетелдік қатал оқытушының тапсырмасын уақытында өткізе алмай жүр.

Осындай проблемалары көбейген екі жас жігіттің арасындағы жанжал шырқау шегіне жетеді. Өміріндегі сәтсіздіктерден әбден қажыған Рауан бар ашуын шлагбаум жанына келіп, әдетінше шыдамсыздық танытқан Айдардан алады. Ол олигархтың ұлын соққыға жығады. Ал Айдар үйінен әкесінің аңшы мылтығын алып шығып, күркесінде ұйықтап жатқан күзетшіні атып өлтіреді.

Фильмнің соңында олигарх тамыр-таныстары мен ақшаның күшімен баласын түрмеден шығарып алады.

«Шлагбаум» фильмінің режиссері Жасұлан Пошанов. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

«Шлагбаум» фильмінің режиссері Жасұлан Пошанов. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

Фильм басталған сәтте экранға «фильм өмірде болған оқиғалар негізінде түсірілген» деген жазу шығады. Азаттық тілшісі «Шлагбаум» фильмінің режиссері Жасұлан Пошановтан қандай оқиға екенін сұрады.

- 2007 әлде 2008 жылы Шымкентте осындай оқиға болыпты. Әлгі оқиғаға куә болған адамдармен әңгімелескенмін. Ол жерде де бай біреу күзетшіні өлтірген. Ал біз оқиға желісін Алматыға көшірдік, - дейді Жасұлан Пошанов.

«ЖҰРТТЫҢ БӘРІНЕ ТҮСІНІКТІ БОЛУЫ ТИІС»

«Шлагбаум» фильмі «партизандық кино» деп аталатын қозғалыс аясында түсірілген. Оның манифесі 2014 жылы жазда интернетте жарияланған. Оған жеті адам қол қойған, ал «Шлагбаум» фильмін Әділхан Ержанов (сценарийдің тең авторы), Жасұлан Пошанов (сценарийдің тең авторы әрі режиссері), Асқар Ұзабаев (продюсер) үшеуі түсірген.

Манифест авторлары «шыншыл, қарсылық білдіруден қорықпайтын батыл, қисынға көнбейтін әрі сән қумайтын қарапайым кино түсіргіміз келеді» деп мәлімдеген. Олар бұл - бюджетсіз әрі әлеуметтік реализм (қазіргі заман туралы сюжеттер, тек реалистік әрі әлеуметтік) жанрында, жаңа формада (тек қарсылық сипаттағы, бүлікшіл әрі жаңа форма) принципін ұстанатын қозғалыс деп жариялаған.

Бұл қозғалыстың алғашқы фильмі – «Шлагбаумның» қадамы сәтті басталды. Мәскеу халықаралық кинофестивалінің (2015 жылдың маусымы) конкурстық бағдарламасына енген оны жылы қабылдады, ал Рауан рөлін орындаған Еркебұлан Дайыров «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясында жеңімпаз атанды.

Жуырда Алматыда аяқталған «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде ФИПРЕССИ киносыншылар алқасы «Шлагбаумды» ең үздік фильм деп таныған. Кинофестиваль қорытындыларына арналған баспасөз жиынында алматылық журналист әрі ФИПРЕССИ алқасы мүшесі Дмитрий Мостовой «жюридің шетелдік мүшелеріне фильмге әлдебір қиялдан туған немесе өмірде бірлі-жарым кездесетін оқиға емес, өкінішке орай, сот төрелігі бай-бағыландарға ғана қызмет ететін Қазақстандағы өмір шындығын көрсететін жайттар арқау болғанын түсіндіруге тура келді» деген болатын.

Енді «Шлагбаум» фильмі қазанның 8-інен бастап бүкіл Қазақстан бойынша кинопрокатқа шықпақ.

Бір жағынан алғанда, бұл «партизандық кино» қозғалысының жуырда esquire.kz сайтында Әділхан Ержанов «Біздің кино жұрт қолдан қолға, дискіден дискіге көшіріп алып көретін және интернетте, кинофестивальдерде тарауы тиіс» деп жариялаған позициясына қайшы.

Фильмнің продюсері Асқар Ұзабаев. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

Фильмнің продюсері Асқар Ұзабаев. Алматы, 6 қазан 2015 жыл.

Оның үстіне, толық метражды фильмді бюджетсіз түсіру де мүмкін емес болып шыққан. Фильм продюсері Асқар Ұзабаевтың айтуынша, кинокартинаның бюджеті - 15 мың доллар. Бұл ақшаны оларға таныс әйел тегін берген.

Асқар Ұзабаевтың айтуынша, фильм 18 күнде түсірілген. Продюсердің жеке киностудиясы бар болғандықтан түсірілім тобы камера, жарық және дыбыс жабдықтарына шығынданбаған. Тек актерлер, көлік және түсірілімге қатысқан адамдарға тамақ қана қажет болған. Продюсердің айтуынша, фильм идеясына қызыққан актерлер тегін жұмыс істеген. Ал енді басталатын прокат жайлы ол былай дейді:

- Біз фильмнің тағдыры фестивальдық көрсетілімдерден аспайтын шығар деп ойлап едік. Бірақ неге екені белгісіз, оны прокатшыларға көрсетті. Ал олар фильм оқиғасы жұрттың бәріне түсінікті болады деп шешті.

ПІКІРЛЕР

Алматыдағы пресс-көрсетілімнен кейін кейбір көрермендер (көбі журналистер, актерлер және режиссерлер) фильмнен алған әсерлерімен қуана-қуана бөлісті.

Актер Ерден Телемісов. Алматы. 6 қазан 2015 жыл.

Актер Ерден Телемісов. Алматы. 6 қазан 2015 жыл.

- Маған «Шлагбаум» қатты ұнады. Өйткені бұл - реалистік фильм, шындықты көрсететін фильм. Өмірде мұндай шыншыл көріністермен күнделікті ұшырасып жүрсек те, ол киноға сирек шығады. Шағын бюджетпен шындық жайттарды көрсетуге тырысып, «партизандық кино» түсіріп жүрген жігіттерге рахмет айтамын, - дейді актер Ерден Телемісов.

- Фильмнің негізін сценарий мен ой құрайтынына тағы бір мәрте көзім жетті. Қарабайыр емес, ойлы фильмдер шығып жатқанына өте қуаныштымын, - дейді шоумен Сергей Погосян.

Қазақстан ғана емес, биыл маусымда Мәскеуде халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасында көрсетілген Ресейде де «Шлагбаум» фильмі туралы жұрт әзірше жағымды пікір айтып жатыр. Фильм жайлы бірнеше пікір интернетте де жүр.

Мысалы, afisha.ru сайтында рецензия авторы Aleksey Belikoff «Шынымды айтсам, Қазақстан мына сияқты мықты картина түсіреді деп күткен жоқпын. Фильмде кінәрат жоқ - әдемі түсірілген, созбақтап жібермеген, шыншыл, ең бастысы - мән-мағына бар. Шыншылдығы мен әлеуметтік өзектілігі сияқты кейбір жағы Юрий Быковтың «Дурак» фильмін еске түсірді. Соңы тіпті тамаша аяқталған, нағыз метафора. Қысқасы, бұл фильмді көкірегі ояу жандардың бәрі көруі тиіс» деп жазған.

Бірақ фильмді сынаған пікірлер де кездеседі. Мысалы, Expert Online басылымы шолушысы Вячеслав Суриков Мәскеу кинофестивалінде көрсетілген фильмдерге шолуында «Шлагбаум» авторлары сценарийді тым жұтаң етіп жіберген, актерлер кейіпкерлерінің мінезін жан-жақты ашуға көп тырыспаған. Кейіпкердің мінезі әрең байқалады. Эпизодқа қатысқан кейбір актерлер өз рөлдерін тіпті нашар ойнайды. Фильмде ойға тіпті қонымсыз тұстар бар» деп жазады.

«Шлагбаум» продюсері Асқар Ұзабаевтың айтуынша, фильм Ресейдің кейбір аймақтарында да прокатқа шығуы мүмкін. Ол «фильмді көріп шыққан көрермен өз-өзіне сыни көзбен қарап, өзгелерге көбірек мейірім таныта білсе» дейді.

XS
SM
MD
LG