Accessibility links

Белсенділер конституцияға көзқарасын флешмобта білдірді


Белсенді Фемиданың суреті бейнеленген таразыны ұстап тұр. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Белсенді Фемиданың суреті бейнеленген таразыны ұстап тұр. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Алматыда бір топ белсенді «Қазақстанға екі конституция – бірі билік пен олигархтарға, екіншісі қарапайым халыққа – керек» деп мәлімдеді. Конституция күні қарсаңында белсенділер негізгі заңға деген көзқарасын флешмоб арқылы мәлімдеді.

Тамыздың 27-сі күні «Әділеттілік үшін» және «Кәсіби жастар қоғамы» Алматыда әдеттен тыс баспасөз жиынын өткізді. Бұл жиынның ерекшелігі – жұрттың сөзінен кейін белсенділер флешмоб түрінде наразылық акциясын өткізіп, «Қарапайым халыққа конституциялық құқығын қайтарыңдар» деген транспарант жайды. Қазақстанда конституция күні 30 тамызда аталып өтеді.

Баспасөз жиынына қатысушылар «қарапайым азаматтар жапа шеккен» ескілі-жаңалы сот сергелдеңдерін атап шықты. Олардың бірі, әйелінен айырылып, ақшасыз, үйсіз-күйсіз қалған Зейіш Қоржынбаевтың ісі туралы Азаттық бұдан ертеректе жазған еді. Оның әйелі шарасыздықтан өзін өзі өртеп жіберіп, қаза тапқан. Зейіш Қоржынбаевтың айтуынша, бұл іс бойынша жазаланған үш судьяның бірі «ақыл-есі ауысқан науқас адам болып шығып, үйінде амбулаториялық емделіп жүр» (оған қарсы іс қозғалған).

Белсенді Дильнара Инсенова. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Белсенді Дильнара Инсенова. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Белсенді Дильнара Инсенова: «Бірі Азарбаев, Базарбаевтар үшін, екіншісі өзгелер үшін, бізге екі конституция керек» деген астарлы сөзімен баспасөз жиынын түйіндеді.

Баспасөз жиынына қатысушылар конституция кепілі ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты декларациялар мен ұсыныстардан соттар құрамын жаңартуға, «коррупциялық қылмысы үшін» кейбір судьяларды ақпарат құралдары арқылы жазалау сияқты радикалды шараларға көшуге шақырды.

Бұдан кейін «Әділеттілік үшін» қозғалысы белсенділері флешмоб ұйымдастырды. Белсенді қыздардың бірі қазақстандық Фемиданың бейнесін білдіретін сурет салынған бір парақ қағазбен бетін бүркеп алды. «Фемиданың» бір көзі әдеттегідей жұмулы, ал ашық екінші көзі долларға қарап тұр. Фемида образындағы белсенді қолындағы дәріханалық таразының бір тостағанында азаматтардың заңды құқылары жазылған қағаздың орамы, екіншісінде судьялардың коррупциялық әрекеттерінің тізімі жазылған қағаз жатты. «Фемиданың» қолындағы таразының «коррупциялық әрекеттер» тостағаны «азаматтардың заңды құқылары» тостағанын басып кетті.

Белсенділердің конституция жайлы ұрандары. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Белсенділердің конституция жайлы ұрандары. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Белсенділер баспасөз жиыны соңында жеке-жеке парақтарға жазылған, «Қарапайым халыққа конституциялық құқығын қайтарыңдар» деген сөздері бар транспарантты жайды.

Баспасөз жиыны өткен залдың қабырғасында «кәсіби жарамсыз» деп танылған судьяларды жазалауды талап еткен плакаттар ілінген.

Баспасөз жиынына қарапайым киім киген бірнеше адам қатысты. Олар залда болған жайттарды видеокамераға бар ынтасымен түсіріп отырды. Баспасөз жиыны мен флешмоб өткізуге ешкім кедергі жасаған жоқ әрі ешкімді ұстаған жоқ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG