Accessibility links

Түйенің еті – азық, шұбаты – шипа, шудасы – киім


Байқоңыр ғарыш айлағы маңында шөгіп жатқан түйе. 15 ақпан 2014 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағы маңында шөгіп жатқан түйе. 15 ақпан 2014 жыл.

Алматыда 8-12 маусым күндері «Жібек жолы түйелері: тұрақты даму үшін камелидтерді зерттеу» 6-халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Қазақстанда түйе шаруашылығын бұрынғы деңгейде дамыту үшін көп күш керек.

Алматыға 48 елдің зерттеу орталықтары, ғылыми-өндірістік және коммерциялық ұйымдардың өкілдері келді. Бұған дейін мұндай кездесулер Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис пен Оман сұлтандығы сияқты елдерде өткен.

СССР кезінде Қазақстанда 1 миллион 200 мыңнан астам түйе болған. Қазір елдегі түйе 160 мыңға дейін азайып кеткен. Қазақтар жүк артса – көлік, еті – азық, шудасы – киім, шұбаты – шипа түйені төрт түліктің төресі санаған.

Мамандардың ұйғарымынша, түйе сүтінен жасалатын шұбатты қант диабеті, туберкулез, тері және қатерлі ісік сияқты 100-ге тарта ауруды емдеуге пайдалануға болады. Ғылыми зерттеулер түйе сүті жас жеміс пен көкөністі алмастыра алатынын дәлелдейді. Сиыр сүтімен салыстырғанда, шұбатта С дәрумені үш есе, темір 10 есе көп. Шұбат аса сіңімді әрі ішектегі пайдалы бактерияларды көбейтеді.

Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі, Қарақалпақстан тумасы Садық Дәулетов әке-шешесі де түйе баққанын айтады.

– Көп жыл бұрын Алматы облысына көшіп келген кезде мұнда түйе де, шұбат та сирек кездесетінін көріп таң қалдық. Ақыры бір түйе сатып алдық. Кейін көршілер шұбат сұрай бастады. Олардың көңілін қалдырғымыз келмей тағы бірнеше бас түйе асырадық. Ол кезде бар болғаны алты сотық жеріміз бар болатын, – дейді Садық Дәулетов.

Фермер Садық Дәулетов. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.

Фермер Садық Дәулетов. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.

Ол 2000 жылдары түйе шаруашылығымен шындап айналысуды шешкен. Әуелі 30 бас түйеден бастаған оның қожалығында қазір 5 мыңнан аса түйе бар. Садық Дәулетовтің болжамынша, түйе шаруашылығы Қазақстанда мал шаруашылығындағы ең тиімді бағыттың біріне айнала алады. Қазір мемлекет 1 литр шұбат өндіруге 55 теңге субсидия төлейді.

– Қытайда шұбаттың бір литрі шамамен 40 доллар болады. Қазақстанда 450 теңгеден сәл қымбатқа сатады, екі доллардан сәл артық. Қытайлар өнімнің шипалы қасиеттерін жақсы біледі, – дейді фермер.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол азық-түлік қауіпсіздігіне арналған конференцияда өзге сүт өнімдерінің табиғи екеніне сенімсіз болғандықтан шұбат пен қымыз ішетінін айтқан.

Академик, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті Тілектес Есполовтың сөзінше, түйе шаруашылығы шөл және шөлейтті жерлердегі халықтың ет, сүт және жүнге деген сұранысын қамтамасыз етуге септесе алады. Ол түйенің мүлде күй талғамайтын, еті, сүті, терісі мен жүні бірдей қажетке жарайтын жануар екенін айтады. Академиктің пікірінше, «басқа үй жануарларына қарағанда, түйе өсіру экономикалық тұрғыдан анағұрлым тиімді».

– Агробизнесті дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында түйе шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Енді түйенің етті-сүтті бағытта, медициналық препараттар шығаруға және жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін пайдаланамыз, – дейді академик.

Қазақстанда сыңар өркешті, қос өркешті және ол екеуінің буданынан туған түйе өсіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG