Accessibility links

Ұлыбритания жүлдесін мигранттар туралы повесть алды


Солдан оңға: аудармашылар конкурсы жеңімпазы Алексей Улько (Өзбекстан) мен әдеби конкурс жеңімпазы Толибшохи Давлат (Тәжікстан). Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Солдан оңға: аудармашылар конкурсы жеңімпазы Алексей Улько (Өзбекстан) мен әдеби конкурс жеңімпазы Толибшохи Давлат (Тәжікстан). Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Алматыда өткен Орталық Азия кітап форумында Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь авторлары әдеби конкурс лауреаттары болды. Мәрзия Зәкіриянова мен Немат Келімбетов атындағы қосымша сыйлықтар да табысталды.

Ұлыбританияның Hertfordshire Press баспа үйі Алматыда ұйымдастырған Орталық Азия елдерінің үшінші ашық кітап форумы мен әдеби фестивалі (OCABF-2014) аяқталды. Фестиваль аясында Лондонда шығаруға лайықты үздік шығармалар іріктелді.

ҚЫРЫМДЫҚ ОРЫС ТІЛІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

400-ден аса жұмыс қатысқан әдеби конкурста «Джавонони Тожикистон» жастар газетінің бөлім редакторы, 59 жастағы Толибшохи Давлат жеңімпаз деп танылды. Ол OCABF-2014 фестиваліне Ресейдегі еңбек эмиграциясы тақырыбына арналған «Көктемдегі тырналар» («Журавли по весне») повесін ұсынған. Hertfordshire Press баспасы тағайындаған 17 мың доллар Лондон баспасында оның кітабын шығаруға және 2016 жылы өтетін Лондон кітап жәрмеңкесінде презентация ұйымдастыруға жұмсалады.

Әдеби аударма конкурсында Шараф Рашидовтың «Кашмир әні» деген кітабының ағылшын тіліндегі аудармасын ұсынған Алексей Улько (Өзбекстан) жеңді. Иллюстрациялар конкурсында суретші-дизайнер Виталий Бондарьдың (Беларусь) жұмысы үздік деп танылды. Ол Рахим Каримовтың «Камила» атты романының иллюстрациясын салған.

Қосымша тағайындалған сыйлықтар да тапсырылды. Мәрзия Зәкіриянова атындағы 5 мың доллар көлеміндегі жүлдені конкурсқа қатысқан әйелдер арасында үздік деп танылған шығармасы үшін Қырым Республикасынан келген Ленифер Мәмбетова алды. Ол Өзбекстанға депортацияланған Қырым татарлары отбасында дүниеге келген. 2008 жылы отбасымен Қырымға көшіп барған. Мамандығы – орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Ленифер Мәмбетова OCABF-2014 фестивалінде өлеңдерін ұсынған. Оның поэтикалық шығармаларының айнымас тақырыбы – Қырым татарларының қасіретті тағдыры.

КЕЛІМБЕТОВТІҢ ЖҮЛДЕСІ

OCABF-2014 аясында тағайындалған екінші қосымша жүлде жазушы, аудармашы әрі әдебиеттанушы ғалым Немат Келімбетовке арналған (1937-2000) әдеби-мемориалдық кеш соңында табысталды. Видеофильмдер конкурсының жеңімпаздары – алматылық Жасұр Тұраев пен Евфрат Шәріпов 10 мың доллар алды.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов (ортада) Жасұр Тұраев пен Евфрат Шәріповке жүлде тапсырып тұр. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов (ортада) Жасұр Тұраев пен Евфрат Шәріповке жүлде тапсырып тұр. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

​Екеуі фестивальдің әдеби конкурсына қатысқан шығармалардың бірі бойынша видеофильм түсірген. «Ольга» деп аталатын фильм – мистикалық элементтер аралас психологиялық новелла. Бас кейіпкер жол апатынан қаза тапқан адамнан жүкті болған. Сол сәтте марқұмның елесі сүйікті қызының құрсағында «тіріледі». Фильм кейіпкер мен құрсақтан шығатын дауыс арасындағы диалогтан тұрады. Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы орыс драма театрының актрисасы, басты рөлді ойнаған Ольга Ландинаның арқасында фильм сәтті шыққаны даусыз.

«Ольга» видеофильмі бір аптаға жетпейтін мерзімде түсірілген. Жасұр Тұраев – «Басты рөл» деген телевизиялық шоудың финалисі. «Өзге планеталықтардың қатысы жоқ» («Инопланетяне ни при чем») фильмінде ойнаған. Ол – «Шайқасқа тек қарттар қатысады» («В бой идут одни старики») фильміндегі Ромеонің рөлін ойнаған Рустам Сағдуллаевтың немересі.

Сертификат пен конвертті Немат Келімбетовтың баласы, қазір Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов тапсырды. Ол «Немат Келімбетов атындағы қор» жүзеге асыратын халықаралық баспа жобасын да басқарады. Конкурс жеңімпазына арналған жүлдені осы қор бөлген.

ВИДЕО: Келімбетов сыйлығын табыстау

Қазірге дейін бұл қордың көмегімен Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», «Күншілдік», «Скорбны думы, чуток сон...» деген шығармалары, Қазақстанның қазіргі заман жазушыларының үш томдық антологиясы және өзге де кітаптар шығарылған. Жобаға қатысушы Райхан Мәженқызының айтуынша, Немат Келімбетовтың кітаптары 15 тілге аударылған.

Немат Келімбетовтің еске алу кешін жүргізуге Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры әрі Немат Келімбетовтың бірнеше кітабы мен жоғарыда аталған қазақ әдебиеті антологиясын шығарған Георгий Пряхин шақырылған. Пряхин жұртқа баспагер, жазушы, журналист қана емес саясаткер ретінде де таныс. Ол 1988-1990 жылдары КПСС орталық комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, кейін СССР президенті Михаил Горбачевтің кеңесшісі болған.

Немат Келімбетовтің кітаптарын тамашап тұрған адамдар. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Немат Келімбетовтің кітаптарын тамашап тұрған адамдар. Алматы, 16 қараша 2014 жыл.

Немат Келімбетовтің шығармашылығы Қазақстан ғана емес, шетелде де танылғанын кітаптары жарық көрген елдерге қарап білуге болады. Ол Франц Кафка атындағы Еуропа қоғамының алтын медалімен марапатталған. Қазақстанда түркітану саласындағы жетістіктері үшін Күлтегін сыйлығының лауреаты атанған.

Немат Келімбетовтың шығармалары ғана емес, оның өмірбаяны да назар аударуға тұрады. Ол 1970 жылдары ауыр дертке шалдығып, он жыл бойы қимылсыз төсек тартып жатқан. Дәрігерлер «ары кетсе, бір жыл өмір қалды» деп болжаған. Бала-шағасын (әйелі жұмыс істемейді, кішкентай екі ұлы бар) асырау үшін ол көркем аудармамен айналысқан. Ол кезде бір кітаптың аудармасы үшін шамамен екі жеңіл көліктің құнына тең қаламақы төлейтін. Алғашқы бес жыл бойы аударма мәтінін әйеліне жатқа айтып жаздырған. Он жыл ішінде онға жуық кітапты аударған. Әр үш сағат сайын ауруды бәсеңдететін дәрі егу үшін жұмысын тоқтататын. Ал укол арасында өндіре жұмыс істеуге тырысатын.

XS
SM
MD
LG