Accessibility links

Алматы көрерменіне ұсынылған ағылшын ребусы


Ағылшынның «Гекко» театры актерлері қойған «Институт» спектаклінен көрініс. Амлаты, 5 ақпан 2016 жыл.

Ағылшынның «Гекко» театры актерлері қойған «Институт» спектаклінен көрініс. Амлаты, 5 ақпан 2016 жыл.

Алматыда 7 ақпанда үшінші халықаралық «Сырласу» («Откровение») өнер фестивалі аяқталады. Оның соңғы үш күнінде британиялық «Гекко» театрының «Институт» спектаклін көрсетіп жатыр.

Ұлыбританияның шығысындағы Ипсуич қаласынан келген «Гекко» (Gecko) өнер ұжымы «дене театры» деп аталатын жанрда жұмыс істейді. Бұл термин нақты мағынасын бермейді. Театр қойылымдарында сөз мүлде аз, актерлер ойды көбінесе би қимылдары, ым, ишара арқылы жеткізеді. Өнердің бұл түріне жақын және оның қалыптасуына ықпал еткендер – пантомима және қазіргі заман биі сияқты жанрлар.

Еуропада «дене театры» біршама жақсы дамыған. Онша көп таралмағанымен, бұл өнер Ресейде де бар. Ал Қазақстанға, оның ішінде Алматы үшін әзірше таңсық нәрсе. Сондықтан, алдын ала болжанғандай, ағылшындар әкелген спектакль алматылық театр әуесқойлары мен театр саласында еңбек ететіндердің қызығушылығын оятты.

«Гекко» театры Алматыға «Институт» қойылымын әкелді. Оны алғаш рет 2014 жылдың күзінде Эдинбургте өткен халықаралық театр фестивалінде көрсеткен.

МАЗМҰНДАУҒА КҮРДЕЛІ СЮЖЕТ

«Институт» қойылымында төрт актер жігіт ойнайды, тек шағын эпизодта ғана сахнаға әйел шығады. «Гекконың» бүкіл актерлер құрамы осылардан ғана тұратын сыңайлы. Бірақ бұл қойылымға театрдың көркемдік жетекшісі Амит Лахав та қатысады.

«Институт» спектаклінен көрініс.

«Институт» спектаклінен көрініс.

«Институт» спектаклінің білінер-білінбес сюжетін мазмұндап айтып беру де қиын. Спектакль кейіпкерлері – төрт ер адам, олардың бірі парик пен киімнің көмегімен уақытша әйелге айналады. Алғашында оқиға әлдебір кеңседе өтіп жатқандай сезіледі. Қойылым декорациясы – кеңсе үстелі, телефон, сахнаның екі жағында тұрған суырма жәшіктері бар шағын шкафтар осындай ойға жетелейді. Кейіпкерлер оқтын-оқтын әлгі жәшіктерді ашып, ішіне үңіліп, ондағы әлдебір видеосюжеттерді қарап, жорыта масаттанғандай кейіп танытады. Бұл көрініс әлдебір жағымды естелік, үміттердің аллегориясы болса керек.

Кейде аяқ астынан шам жанып, дабыл дыбысымен бірге жыпылықтап тұрып алады. Бұл кейіпкерлердің мазасын қашырады. Ал көрерменге қойылым кейіпкерлерін әлдекім көз ілмей бақылап тұрғандай әсер қалдырады. Бәлкім бұл оқиға науқастар мен олардың қамқоршылары бар әлдебір емдеу мекемесінде болып жатқан шығар. Шкафтардағы декорациялардың көмегімен көріністер мейрамхана, ауруханаға ауысып отырады. Төрт актер сахнада тынымсыз қозғалып, түрлі би қимылдарын жасайды.

«Гекко» театрының продюсері Розалин Винн. Алматы, 5 ақпан 2016 жыл.

«Гекко» театрының продюсері Розалин Винн. Алматы, 5 ақпан 2016 жыл.

Спектакль авторлары қойылымның нақты идеясы жоқ, оны жұрт өз қалауынша түсінеді деп санайды. Қойылымнан кейінгі әңгімеде «Гекко» театрының продюсері Розалин Винн осылайша түсіндірді. Оның айтуынша, қойылым авторлары қазіргі әлемде қамқорлықтың қандай болатынын көрсетуге тырысқан.

Розалин Виннің сөзінше, «Гекко» театры өзі қоятын спектакль сценарийлерін бастан-аяқ өзі құрастырады екен.

– «Институт» спектаклі идеясын екі жылдай ойластырдық. Осы уақыт ішінде ойымызға талай идея келді. Кей идеяларды алып тастадық, - дейді ол.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ӘСЕРЛЕР

Алматылық көрермендер ағылшындардың спектаклін әртүрлі сезіммен қабылдады. Спектакльден кейін Азаттық тілшісі сөйлескен кей көрермен қойылымға тәнті болғанын, енді бірі мүлде түсінбегенін айтты, тіпті оны мүлде жақтырмаған адамдар да болды.

20 жыл бұрын Алматыда пантомима театрын (кейін қаржы қиындығына байланысты жабылып қалған) құрған актер-мим Сергей Червяков спектакль өзіне ұнағанын айтады.

Актер-мим Сергей Червяков. Алматы. 5 ақпан 2016 жыл.

Актер-мим Сергей Червяков. Алматы. 5 ақпан 2016 жыл.

– Қызық, әрине. Иә, көруге тұрады. Мен мұны импрессионизммен салыстырар едім. Әлдебір жағдайларды көрсету арқылы әсер алу. Бірақ оның қандай жағдай екенін залдағы жұрттың жартысы түсінген жоқ. Мұндай спектакльге келгендерге балеттегі сияқты либретто тарату керек. Мысалы, пантомима жанрында сахнадағы көрініс көрерменнің басын қатыратын ребусқа айналмауы тиіс деген ереже бар. Ал мұнда ребус жеткілікті болды. Бірақ, қызық тұстары да көп екенін атап өткім келеді, - дейді ол.

Қойылым көңілінен шықпағаны жазушы Михаил Земсковтің жүзінен байқалды.

– Меніңше, балдыр-шатпақ бірдеңе (күлді). Не мен ештеңе түсінбедім, не маған сахнадағы көріністердің ешқайсысы әсер етпеді. Жан-дүниеңді қозғап, эмоция шақырмайтын әлдебір қимылдардан басқа түк жоқ екен, - дейді ол.

Спектакльден соң Қазақстандағы Британ кеңесі директоры Джим Баттери қойылымнан шыққан кей адамдар «Спектакль не жайлы?» деп сұрағанын айтады.

– Бұл қойылымды әркім өз қалауынша түсінгені жөн. Бірақ мен жұрт «Гекко» театрының бүгінгі қойылымындағы махаббат, өмір, отбасы және жұмыстағы қиындықтар жайлы ойлардың бір бөлігін болса да түсінді деп ойлаймын, - дейді ол.

«Гекко» театры Алматыда «Институт» спектаклінің жергілікті көрерменге бейімделген нұсқасын көрсетті. Спектакльдің ағылшын тілінде сөздері көп бір бөлігі Ұлыбритания жұртына арналған. Көрерменге түсінікті болу үшін сөздердің көбін қысқартқан. Актерлердің бірі – француз болғандықтан, қойылымда ағылшын ғана емес, француз тілінде айтылатын сөздер де бар. Жалпы, «дене театры» – актерлер сирек сөйлейтін жанрға жатады.

«Институт» спектаклі Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының үлкен сахнасында қойылды.

XS
SM
MD
LG