Accessibility links

Бельгердің қазасын айтқандар «ұлтшылдықты» да сөз етті


Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 28 маусым 2012 жыл.

Жазушы Герольд Бельгер. Алматы, 28 маусым 2012 жыл.

Интернет қолданушылар жуықта қайтыс болған жазушы Герольд Бельгерді Астанада салынбақ ұлттық пантеонға жерлеп, есімін Алматыдағы көшеге беруді ұсынды.

Ақпанның 7-сінде Алматыда қазақстандық жазушы, әдебиеттанушы әрі аудармашы Герольд Бельгер 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Шығармаларын қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазған Бельгердің қазасына қамыққан қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары оның кітаптарынан үзінділер келтіріп, сөздерін еске алысты.

ФУРМАНОВ КӨШЕСІ ЖӘНЕ ПАНТЕОН

Жазушының қайтыс болғанын естіген адамның бірі, Facebook әлеуметтік желісі қолданушысы Damir Almerekov Герольд Бельгердің есімін Алматыдағы Фурманов көшесіне беру жайлы ұсыныс айтты.

«Фурманов көшесін нақты бір адам үшін сақтап отыр деген пікір бар. Мұны жоққа шығармаймын. Бірақ ол адамның көзі тірі ғой. Оны жерлеуге әлі ерте. Ол өлсе, өлмеу мүмкін емес, ұрпақтары оның есімін әлдеқайда лайықты жарату амалын таба жатар» деп жазды «Фурманов көшесінің атауын президент Назарбаевқа сақтап отырғаны» туралы сөзді еске салған оқырман.

Бұл пікірді қолдаған интернет қолданушылардың кейбірі «мұндай ұсынысты жергілікті әкімшілікке айту керек» екенін де еске салды. Бірақ Алматыдағы Фурманов көшесі Бельгердің есімімен аталатынына күмәнданушылар да болды.​

Фурманов көшесі. Алматы, 9 ақпан 2015 жыл.

Фурманов көшесі. Алматы, 9 ақпан 2015 жыл.

«Мен оның есімін беруді қолдаймын-ақ, бірақ... Бұл көше орталықтағы көшелердің бірі және уақыт өте келе оның атын қайтадан өзгерткісі келеді. [Бельгердің] атын саясиланбаған және сәл тыныштау көшеге беруді ұсынамын» дейді Facebook әлеуметтік желісіндегі Yerlan Nurpeissov есімді қолданушы.

Ал Arystan Arystanov есімді қолданушы Герольд Бельгердің мемлекеттік деңгейде құрмет көрсетуге лайық адам болғанын айтады.

«Егер Қазақстанда қоғам қайраткерлеріне арнап пантеон салынса, ол жерде Гераға (Герольд Бельгер – ред.) да болуы тиіс. Ол өзінің есімін алтын әріппен жазып қалдырып кетті» дейді Arystan Arystanov.

«ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ ИКОНАСЫ»

Қазақ қоғамы жайлы, қазақ тілі мен мәдениеті туралы пікірлері жұртқа мәлім жазушы Герольд Бельгердің көз жұмғаны әлеуметтік желіде «қазақ ұлтшылдығы» туралы дауға да себеп болды.

«Қазақ ұлтшылдығының иконасы» өлді. Жерімізде ұлтшылдық та әйтеуір бір өлетін шығар деп үміттенемін. Бергер шал туралы ештеңе де айтпаймын. Топырағы торқа болсын» деп жазды Кайрат Байгереев есімді қолданушы.

Facebook әлеуметтік желісіндегі шамамен мыңнан астам коммент жинаған бұл жазбаға пікір жазушылардың көбі «Бельгердің ұлтшылдығын дұрыс түсінбеген» Кайрат Байгереевке ренжіді.

Қазақты жақсы көру деген өзге ұлттарды жек көру деген сөз емес.

«...Екі сөйлеміңіз бір-біріне қарама-қайшы. Ең бастысы, қазақтың қамын жеген неміс – интернационализмнің және адамзатқа сүйіспеншіліктің иконасы. Ол немістерді де, орыстарды жақсы көрді. Қазақты жақсы көру деген өзге ұлттарды жек көру деген сөз емес...» деп жазды Мерей Ермуханов есімді қолданушы.

Герольд Бельгер 1934 жылы қазанда Ресейдің Саратов облысында, Волга бойындағы неміс АССР-інде этникалық неміс отбасында дүниеге келген. Ол 1941 жылы Сталиннің жарлығымен жер аударылған немістермен бірге Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылына келген. Оқу орындарын қазақ тілінде бітірген Герольд Бельгер шығармаларын қазақ, орыс және неміс тілдерінде жазған. Ол – «Даладағы шағала», «Алтын асу», «Тас өткел», «Казахское слово» сынды ондаған кітаптың авторы.

Жазушы Герольд Бельгермен қоштасу рәсімі ақпанның 10-ы күні Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG