Accessibility links

Алматыда ерекше дүкен ашылды


«Спасибо» дүкенінде жұмыс істейтін ерікті Анастасия Тян. Алматы, 11 желтоқсан 2012 жыл.

«Спасибо» дүкенінде жұмыс істейтін ерікті Анастасия Тян. Алматы, 11 желтоқсан 2012 жыл.

Бұл жерде сатылған заттардан түскен ақша балалар үйіне және науқас балалардың ем-домына жұмсалады. Қайырымдылық дүкеніндегі сатушылар да еріктілер.

«ЖЕТІМ ЖӘНЕ НАУҚАС БАЛАЛАРҒА КӨМЕК»

Алматылық студент Қарлығаш Айымбетова қалада «Спасибо» деген дүкеннің ашылғанын әлеуметтік желіден оқыған. Ол ерекше дүкенге барып, біраз зат сатып алғанын айтады.

- Бұл дүкеннің бар екенін білмедім. Базар аралап жүріп кірсем, кітаптар мен түрлі заттар бар екен, оларды сатып алдым. Кейін дүкен сатушысы менің сауда жасаған ақшам жетімдер үйіне және күрделі операцияны қажет ететін науқас балаларға көмекке берілетінін айтты, - дейді ол.
Алматыда ашылған «Спасибо» қайырымдылық дүкені. 11 желтоқсан 2012 жыл.

Алматыда ашылған «Спасибо» қайырымдылық дүкені. 11 желтоқсан 2012 жыл.


Дүкенді ашқан алматылық Александра Лазарева:

- Біздің дүкенге кез-келген адам заттар, киім-кешек, кітаптар, тұрмыстық техникаларды, тағы басқа заттарды әкеліп өткізе алады. Егер сатамын десе, біз оларды бағалап, сатып та аламыз. Ал тегін беремін десе - өз еркі. Бастысы - ол заттарды біз сатып, түскен пайданы қайырымдылық шараларына жұмсаймыз. Жетімдер үйіне немесе науқас балалардың емделуіне көмектесеміз. Ақшаның белгілі бір мөлшерін дүкеннің шығындарына жұмсаймыз, - деді.

Дүкен қожайыны алматылықтар сауда орнына заттарын тегін әкеп жатқандарын айтады.

ЕРІКТІ САТУШЫЛАР

Ал дүкен сатушысы болып жұмыс істейтін 16 жастағы оқушы Анастасия Тянның айтуынша, «дүкенде күнделікті сатушы болып жұмыс істейтіндер де ерікті жастар».

- Дүкенге ерікті ретінде жұмыс жасаймын. Бұл жақсы бастамаға үлес қосқым келді. Дүкендегі заттардан түскен пайданы көмекке жұмсаймыз. Бұл жердің ашылғанына аз уақыт болса да заттарын әкеліп жатқан алматылықтар көп. Оқылған кітаптарын, сыймай қалған киімдерін, тіпті марка, ескі тиын, жұмсақ ойыншықтарды да әкеліп жатыр. Барлығы - жарамды, қолдануға болатын заттар, - дейді ерікті-сатушы.

Анастасия Тян өзі сияқты сатушы болып жұмыс істеуге 16 волонтер тіркелгенін айтады.
«Спасибо» дүкенінде ойыншықтар да бар. Алматы, 11 желтоқсан 2012 жыл.

«Спасибо» дүкенінде ойыншықтар да бар. Алматы, 11 желтоқсан 2012 жыл.


- Сатушы-еріктілердің барлығы - мектеп оқушылары мен студенттер. Бәріміз әлеуметтік желі арқылы біріктік. Әрқайсымыз дүкенде бір-бір күннен кезекші боламыз. Дүкеннің аты да ерекше - «Спасибо». Яғни, біздің де және дүкен қожайынының да мақсаты - пайда табу емес, халыққа көмектесу, - деді сұхбаттасымыз.

Анастасия Тянның айтуынша, мейірімділік дүкені Қазақстанда Алматыда ғана бар.

- Бізден үлгі алып, басқа аймақтардағы жастар осындай дүкен ашады деп үміттенеміз. Ал біздің дүкен Алматыдағы «Алмагүл» базарының (Гагарин мен Есқараев көшелерінің қиылысында-ред) ішінде орналасқан, - деді сатушы.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG