Accessibility links

Алматыдағы "қар мәселесі" Facebook-ке жетті


Қалың қардан құлаған ағаш. Алматы, 5 желтоқсан 2012 жыл. Көрнекті сурет

Қалың қардан құлаған ағаш. Алматы, 5 желтоқсан 2012 жыл. Көрнекті сурет

Биылғы желтоқсанның басынан-ақ қалың қарға көмілген алматылықтар бес күн қатарынан қала ішінде жол жүрудің машақатын тартып жатқандарын жаппай айта бастады.

Алматы тұрғыны Игорь өзі тұратын «Орбита» шағын ауданынан орталықтағы жұмыс істейтін кеңсеге жету соңғы күндері қиындап кеткенін айтады. Ол күнделікті көлігімен басып өтетін әл-Фараби даңғылы қардан әлі толық тазаланбағанын сөзге қосты.

– Міне, бүгін де әдеттегіден ұзақ жүріп жеттім, ал кеше тіпті масқара болды. Таңертең, әсіресе, кешке бүкіл қала кептелісте қыбырлай алмай тұрып қалды. Жарайды, мереке күні демалды делік, бірақ содан бері аттай екі күн өтті емес пе, ендігі тазартуға болар еді ғой, түнімен жұмыс істесе де?! Айтпақшы, «қысқа сақадай саймыз, жаңа техникалар алып қойдық» деп күзде теледидардан айтқаны есімде. Бірақ сол техникалар көшеден көп байқалмайды, – деп кәсіпкер қаладағы тазалау жұмысына жауаптылардың атына сын айтты.

«14,300 ТОННА ТҰЗ АРАЛАС ҚҰМ СЕПТІК»

Сәрсенбі күні таңертең қаладағы Фурманов, Абай және Шевченко көшелеріндегі жағдайды Азаттық тілшісі байқап қайтты. Абай мен Фурманов көшелерінде қарды жолдың бір шетіне күреп қойыпты. Ол, әсіресе, аялдамалар мен көше қиылыстарында жаяу жүргіншілерге қолайсыз екені байқалады. Үлкен көшелерде қар салмағынан құлаған ағаштарды кесіп әкеткен. Алайда шағын көшелерде ондай ағаштар әлі жатыр екен.

Көлік жолының қапталындағы жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар қардан тазаланбаған, кейбір жерлер көктайғақ мұзға айналған. Сауда дүкендері, мекемелер мен оқу орындары аулалары мен ғимарат алдындағы қарды өз күштерімен күреп жатыр. Қалалық тазалау қызметінің жұмысшылары тек бір жерден ғана кезікті.
Алматы көшесі. 5 желтоқсан 2012 жыл

Алматы көшесі. 5 желтоқсан 2012 жыл


Күнделікті Алматыдағы Сейфуллин көшесіне шығып, біржолғы жұмысқа жалдануды кәсіп еткен жігіттердің айтуынша, бұл күндері жеке адамдардың қар күрету үшін жұмысшы іздеп келуі жиілеген.

– Қазір күніне кем дегенде 7-8 адам іздеп келеді осы біз тұрған жерге. Ал Сейфулиннің түу сонау шетіне дейін санасаңыз тіпті көп. Кейбіреуі 2 мың, ал енді бірі көлемі үлкен болса 5-6 мың теңге төлейді. Қарын күреп, шығаратын көлігіне тиеп береміз, – деді Самат есімді жігіт.

Алматының қысқа дайындығы туралы Азаттық тілшісінің сауалына Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қысқаша ақпаратпен жауап қайтарды. Онда қазіргі уақытта Алматы бойынша 480 арнайы техника мен 800 адам қар тазалаумен айналысып жатқаны, 18 мың текше метр қар шығарылып, 14,300 тонна тұз аралас құм себілгені туралы айтылған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «БОРАН»

Ауа райын болжау қызметкерлерінің дерегі бойынша, өткен демалыс күндері Алматыға түскен қардың қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жеткен. Жергілікті баспасөз құралдары қалада қалың қардың салмағын көтере алмай шатырлар опырылып, бірнеше жүз түп ағаштың құлап қалғанын, ондаған автокөлікке зақым келгенін хабарлады.

Сенбіден басталған қар үш күндік мерекеден соң алғашқы жұмыс күні-ақ Алматы тұрғындарын әбігерге салып қойды. Таңертеңгі және кешкі мезгілде қала көшелерінде қозғалыс тіпті қиындап кетті. Екі қапталы қардан тазартылып үлгермеген үлкен көшелердің бойы көлікке кептеліп қалды. Бұл күні поезд немесе ұшақпен сапарға шықпақшы болған, бірақ көлік кептелісіне тап болып жолдан қалып қойғандар басынан кешкендері туралы әлеуметтік желілерде жазып жатыр.
Алматы жолындағы көліктер. 5 желтоқсан 2012 жыл

Алматы жолындағы көліктер. 5 желтоқсан 2012 жыл


«Астанаға баратын «Тальгоға» үлгере алмай қалдым. Сайын-Райымбектен 18:50-де шыққанмын. Поезд 20:00-де жүру керек-тін. Қала сұмдық «затор», 3 күн демалыс болды. Қала басшысының осы уақытта қар тазаламай отырғанына таңым бар. Ол көшеге шықпай ма!? Туыстары, орынбасарлары, көлік айдамай ма?! Не деген шексіз жауапсыздық, өз қызметіне деген немқұрайлық!» деп жазды Facebook-те «Болашақ» қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

Поездан қалып қойғандардың тағы бірі Назерке Сұлтанбек: «Алматы-Астана «Тальго» поезынан 60 (!) адам қалып қойыпты. Мен де солардың арасындамын» деп жазыпты. Ал Салтанат Ұзақбайқызы Алматының «толық кептелісте қалғанын, көшенің қардан, құлаған ағаштан тазартылмағанын» айтып, «қала қараусыз қалған сияқты» деп сипаттапты.

«БІР КҮН ҚАР ЖАУСА ТУАТЫН АҚЫРЗАМАН»

Сәрсенбіде Алматының ауа райы жылып, көшелердің күнгей бетінде әлі алынып үлгермеген қар ақырындап ери бастады. Қала көшесін тазарту жұмысы созылған сайын интернеттегі түрлі форумдар мен әлеуметтік желілерде қала басшысын сынаған пікірлер де үдеп бара жатқандай.

«Алматы қаласы мен оның тұрғындары образдап айтсақ «тар жол, тайғақ кешу» күндерін басынан өткеріп жатыр. Бір таң қалатыным, Алматы мен оның тұрғындарының басына туған күн оның әкімінің басына тумайтын сияқты» деп жазды Айдос Сарым Facebook парағында.

«Күн энергиясын пайдаланып, тазалап жатыр ғой көшелерді» деп жазған Omar Anarbayev есімді адамның сөзін «Алматы басшылығы президенттің энергияны үнемдеуге қатысты тапсырмасын осылайша түсініп, орындап жатқан болар» деп қостайды Қайсар Жұмабайұлы атты қолданушы.

Интернеттегі форумдарда да Алматыдағы қалың қар мен көлік кептелісі негізгі тақырыптардың біріне айналған. «Әлгі айтып жүрген ақырзаман келу үшін Алматыда бір күн тоқтамай қар жауса жеткілікті екен ғой» деп жазыпты пікір білдірушілердің бірі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG