Accessibility links

Борышкерлер Ресейден көмек сұрады


Алматыдағы Ресей бас консулдығына барған борышкерлер мәселелерін шешуге сол ел үкіметі кіріскенін өтінді. Олар «өздерін қолдамаған Қазақстан үкіметіне наразы екендерін» де жазған.

Тамыздың 8-і күні Қазақстандық банктерден ипотека бойынша несие алған бір топ азамат баспана мәселелерін шешуге Мәскеуден көмек сұрап, Ресейдің Алматыдағы бас консулдығына барды.

Дағдарысқа ұшырағандарын, екі мәрте девальвацияны бастан кешкендерін айтқан он шақты борышкер журналистерге «консулдыққа келуіміздің басты себебі – қаржылық мәселелерімізді шешіп беруді сұрау» деп түсіндірді.

Борышкерлердің қолында қоғамдық белсенді әрі кәсіпкер Қанағат Тәкееваның «өзіне жасалып жатқан қысым туралы хаты» да болды. Олар «Тәкеева консулдықтан осы мәселесіне араласуын сұрап, көмектесуді өтінді, өзі сол қысымның салдарынан бұл кездесуге келе алмады» деп түсіндірді.

«ӨЗГЕ ЕЛДІҢ ІШКІ ІСІНЕ АРАЛАСА АЛМАЙМЫЗ»

Ресей бас консулдығы алдында таңертең жиналған борышкерлерді бас консул Алексей Демин түстен кейін ғана қабылдады.

Түскі сағат 3-те консулдыққа кірген борышкерлер ғимараттан тез шықты. «Халыққа баспана қалдырыңдар» ұйымының өкілі Юлия Ширяева Ресей өкілдігі өздері тапсырған екі өтініштің біреуін ғана қабылдағанын айтты.

Борышкер Юлия Ширяева Ресей бас консулдығы алдында тұр. Алматы, 8 тамыз 2014 жыл.

Борышкер Юлия Ширяева Ресей бас консулдығы алдында тұр. Алматы, 8 тамыз 2014 жыл.

​– Консул Ресейде туған Қанағат Тәкееваның өтінішін міндетті түрде қарап, жазбаша жауап беретінін айтты. Егер шын мәнінде тәртіп бұзушылық тапса, мән-жайды анықтайды. Ал борышкерлердің өтініші қабылданбады. Ол (бас консул) «Ресей консулдығы кез-келген тәуелсіз елдің ішкі шаруасына араласа алмайтынын» айтып, өтінішті қабылдаудан бас тартты, – деді Юлия Ширяева Азаттық тілшісіне.

Өзін қоғамдық белсенді деп таныстырған Рустам Мингазов та Қазақстан банктері ипотекалық қарыз мәселелерін шешпей отырғандықтан, борышкерлердің Ресей үкіметінен көмек сұрауға мәжбүр болғанын айтады.

«Қазақстанның қарапайым азаматтары екінші деңгейлі банктердің озбырлық әрекеттеріне байланысты сіздерден қаржылық көмек немесе саяси пана сұрап отыр. Үкімет бізді қолдаусыз қалдырып, қаражаттарын өндіріп алу үшін соңғы тиынымызға дейін сорып, жалғыз баспанамызды күштеп тартып алғысы келіп отырған жеке банктердің талан-таражысына тастады» дейді қазақстандық борышкерлер Ресей үкіметіне жазған хаттарында.

Ресейдің бас консулдығы қайтарған жауапқа разы болмаған борышкерлер алдағы уақытта өзге елдер елшіліктерінен де көмек сұрайтындарын мәлімдеді.

«БІЗДІҢ ЕЛШІЛІКТЕР ТЕ СОЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІ»

Азаттық тілшісі қазақстандық борышкерлердің талабына қатысты Ресей бас консулдығына хабарласқанымен жауап ала алмады. Ондағылар арнайы хат жолдауды талап етті.

Борышкерлер «қысым көргенін айтып хат жазды» деп сипаттаған Қанағат Тәкеевамен де сөйлесуді сәті түспеді – оның телефоны сөніп тұрды.

Азаттық тілшісі Қазақстан азаматтарының өзге ел үкіметінен көмек сұрауына байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің көзқарасын білмек болды. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов «өзге елдің ішкі шаруасына араласпай отырған Ресей консулдығының әрекетін құптайтынын» білдірді.

Борышкерлердің Ұлттық банк алдында наразылық шарасын өткізіп тұрған кезі. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Борышкерлердің Ұлттық банк алдында наразылық шарасын өткізіп тұрған кезі. Алматы, 7 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Шетелдегі Қазақстан елшіліктеріне шетел азаматтары келіп, осындай көмек сұраса, ол әрбір мемлекеттің ішкі мәселесі болғандықтан міндетті түрде сондай жауап алады. Біздің елшіліктердің де жауабы сондай болады, – дейді Нұржан Айтмаханов.

Қазақстанда банктерден несие алған борышкерлер бұған дейін де Алматы мен Астанада бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген еді. Соңғы рет олар тамыздың 7-сі күні ұлттық банкке барып, қарыздарын кешіруді талап еткен.

2000 жылдардың ортасында Қазақстандағы «қаржылық дүмпу» кезінде банктерден салыстырмалы түрде оңайлатылған жолдармен несие алып, бірақ кейін оны қайтара алмаған азаматтар берешек несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді билік пен банктерден талап етіп келеді.

Билік банк пен клиенттердің арасындағы дауға араласа алмайтыны туралы уәжінен танбайды. Банк өкілдері несие алған азаматтарға қолданыстағы заң аясында талап қойып отырғандарын айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG