Accessibility links

«Алаяқтар!» деген айғаймен екі сағат өте шықты


Көкжайлауға шығатын жолдың басы. Алматы, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Көкжайлауға шығатын жолдың басы. Алматы, 1 желтоқсан 2014 жыл.

Алматыда болашақ Көкжайлау тау шаңғысы курортына дейін жол салу жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Жоба қарсыластары «тыңдау қалай болса солай, тіпті жоспарланған сценарий бойынша өтті» деп шағымданады.

Көкжайлау тау шаңғысы курортының даулы жобасының қарсыластары «біресе Шымбұлақта өткізіп, енді бірде залды жоба авторларын қолдап дауыс берген студенттермен толтырып, бұрынғы қоғамдық тыңдауларға жобаны сынаушыларды қатыстырмаудың барлық амалын жасап баққан еді»деп шағымданады.

Бұл жолы қоғамдық тыңдау ыңғайлы орында – Алматы қаласы орталығындағы қонақүйде өткенімен, зал 100-120 адам ғана сиятын кішкентай болып шықты. Бұл жолы тыңдауға жұрт көп жиналды. Қанша адам келгені ұйымдастырушылардың өздеріне де белгісіз. Олар нақты адам санын ақпанның 9-ына қарай жарияламақ. Қарапайымесеппен алғанда, ең кемі 200-дей адам жиналды. Залдағыиін тірескен халықтан тыныс тарылады.

Көкжайлау тау шаңғысы курорты құрылысына қарсы жандарды киіміндегі көгілдір лента мен қолдарына ұстаған плакаттан айыруға болады. Олардың көбі қатарлардың арасында және соңғы қатардың артында түрегеп тұрды. Ленталар - «Эко-лента» деп аталатын акцияның белгісі, ал көгілдір түс аспанды білдіреді.

Қоғамдық тыңдауға келгендер әр тұстан қарсыластарына «Арандатушылар!», «Масқара!», «Алаяқтық!», «Аузыңды жап!» деген сияқты сөздерді айқайлап жатты. Жобаны құрастырған «Қазақ Промтранспроект» мекемесі бас инженері Игорь Суховтың баяндамасы тұсында ғана жұрттың айғайы біраз саябырлады.

БОЛАШАҚ КУРОРТҚА АПАРАТЫН ЖОЛ ЖОБАСЫ

Игорь Сухов жол құрылысы туралы баяндамасына қосымша слайдтар көрсетті. Қоғамдық тыңдауда Алмарасан шатқалындағы экобекеттен кейін бірден басталып, Көкжайлау шатқалына апаратын жол жобасы талқыланды. «Құмбел қонақүйі» демалыс аймағына дейін асфальт төселген, ары қарай қара жол басталатын жермен асты биік көлік қана өте алады.

Көкжайлауға құрылыс салуға қарсылар. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Көкжайлауға құрылыс салуға қарсылар. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Негізі, ол жақта 1960 жылдары салынған жол бұрыннан бар. Бірақ жолды ешқашан күрделі жөндеуден өткізбеген, тек әр тұсын жамап-жасқап отырған, әрі әуелі кент арқылы өту керек. Жолдың екі шетіндегі кейбір тұстарында ешқандай құрылыс жоқ. Бұрын ол жерде совхоз жұмысшылары мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің қарапайым үйлері болған. Бірақ 10 жыл бұрын олардың орнына биік дуалмен қоршалған зәулім виллалар пайда болды.

Енді әлгі жолды қайта салып шықпақ. Жолды кеңейтіп, кейбір тұстарының бағытын өзгертеді. Жол түсетін жерде тұрған алты үй мен қазір жеке меншік демалыс орнына айналған бұрынғы пионер лагерін иелерінен сатып алып, күреп тастау жоспарланған.

Жобада жаңа көпірлер, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, апатты жағдай кезінде жолдан түсетін қосымша бұрылыстар, демалуға келгендерге арналған күрке-орындықтар, жол бойына шамдар орнату сияқты толып жатқан дүниелер қарастырылған. Рас, жолдың «Құмбел қонақүйіне» дейін баратын бөлігін жөндеп, ретке келтіру артық етпесі анық. Курорт жобасы қарсыластары көбінесе асфальт жолдың қара жолға қосылатын бөлігі мен тау шатқалын бойлап жүргізілетін жұмыстарға қарсы.

Ал дәл сол тұстан басталатын орман алқабындағы ағаштардың көбі оталмақ. Демек ол жақтағы жабайы жануарлардың бір бөлігінің мекендейтін ортасы мен миграциясы бұзылады. Жобалаушылар жолдың орман алқабындағы бөлігін экологиялық тұрғыдан аззиян келтіретіндей етіп салуды қарастырған үш нұсқаны ұсынады. Жол салушылар «оталатын ағаштардың орнына басқа жақтан бір ағаштың орнына үш көшет егеміз» деген міндеттеме алады. Олар тіпті діңінің диаметрі он сантиметрден аспайтын ағаштардың бір бөлігін көшіріп егуді де жоспарлайды.

Көк киімді адам экобелсенді Абай Ерекеновті (ортада) президиумға өткізбей тұр. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Көк киімді адам экобелсенді Абай Ерекеновті (ортада) президиумға өткізбей тұр. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау мәтінінде оталатын көшеттердің көбі қураған, жарамсыз екені айтылады. Бірақ жоба қарсыластары «ол тұстағы орман ағаштарына тәуелсіз экологиялық сараптама жасалмағандықтан, жалаң уәжге сенбейміз» дейді.

Жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау мәтінінде жол салуға жұмсалатын шығын қарастырылмаған. Азаттық тілшісінің сұрағына Игорь Сухов «шамамен бюджеттің 16 миллиард 500 миллиондай теңгесі кетеді» деп жауап берді.

Жобаға қатысты ұсыныс-тілектерді ақпанның 2-сіне дейін «Алматы автомобиль жолдары басқармасы» мекемесіне жолдауға болады. Қоғамдық тыңдау хаттамасы ақпанның 9-ы күні осы басқарманың сайтына шығады. Бұдан кейін автомобиль жолының жобасын әкімдіктің тағы бір басқармасы -табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық сараптамадан өткізеді.

ЕКІ САҒАТТЫҚ РЕГЛАМЕНТ

Қоғамдық тыңдауда «Табиғат» экологиялық қозғалысы жетекшісі Мэлс Елеусізов «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты жобасын мүлде жауып тастауды ұсынды.

Табиғат» экологиялық қозғалысы жетекшісі Мэлс Елеусізов. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Табиғат» экологиялық қозғалысы жетекшісі Мэлс Елеусізов. Алматы, 19 қаңтар 2015 жыл.

Ол «Совет заманында осындай жобаларды қаржыландыру үшін бірнеше ұсақ жобаларға бөлшектеп тастау тәжірибесі болған, мына жағдай да соған ұқсайды» деді. Оның айтуынша, әуелі тұтас талқыланған тау шаңғысы курортының жобасын бөлшектеп, енді оған баратын жолды бір бөлек, қазір салып жатқан қосалқы электр станциясы жобасын бір бөлек талқылауға салып жатыр.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен қоғамдық сарапшы Светлана Спатарьдың айтуынша, жобаны бұлай бөлшектеу - кешенді жобалау және жоба зардаптарын кешенді бағалау принципіне қайшы.

Саясаткер Петр Своик тыңдауға «Көкжайлау» қоғамдық сараптама кеңесінің өкілі ретінде қатысты. Бірақ саясаткердің сөзінен оның жалпы жол құрылысына қарсы емес екенін, тек көп көлік өткізуге қабілетті кең жол салуды құптайтыны аңғарылды.

Бірақ дау тағы бір қызған тұста жоба қарсыластарынан залды босатуды сұрады. Ұйымдастырушылар «зал екі сағатқа ғана жалға алынған әрі тыңдауды аяқтап үлгеру керек» деген уәж айтты. Петр Своик «күн тәртібін өзгертейік, жұрт микрофонға жазылғандардың бәрін тыңдап болған соң ғана тарасын» деп жатқанда ұйымдастырушылар ұсынған регламент көпшілік дауыспен қабылданғаны жарияланды.

Қоғамдық тыңдау осымен аяқталды.

XS
SM
MD
LG