Accessibility links

Көкжайлауға қатысты дау бітер емес


Көкжайлау. Алматы, 22 шілде 2012 жыл.
Көкжайлау. Алматы, 22 шілде 2012 жыл.

Қоғамда қарама-қайшы пікір туғызған Көкжайлау тау шаңғысы курортының жобасын жуырда мемлекеттік сараптамаға жібермек. Белсенділер қарсылығына қарамастан биыл жазда құрылыс басталуы мүмкін.

Алматы қаласы әкімдігінің құны 450 миллион доллар деп есептелген жобасы – Көкжайлау тау шаңғысы курортын Кіші және Үлкен Алматы өзендері арасындағы тау алқабына салу жоспарланған. Болжам бойынша, 17 аспалы жол тартылып, 56 шақырымға шаңғы жолы төселеді, "Альпі ауылы" салынады. Курорт жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейді деген уәде берілген.

Егер мемлекеттік сараптама мақұлдаса, құрылыс жұмыстары биыл жазда басталмақ. Жоба әлі сараптамаға жіберілмеген, бірақ жоба қарсыластарының сынына ұшыраған қоғамдық үш тыңдау өтті.

Ішінде қазақстандық қана емес, шетелдік экологтар да бар экологиялық қоғамдастық жобаға қарсы. Курорт салу кезінде Алматы қаласының жоғарғы жағындағы әсем Көкжайлау шатқалындағы ағаштар оталуы тиіс. Курортты бюджет ақшасына салу жоспары да жұрттың наразылығын тудырды. Бірақ жоба құжаттарында курорт кірісі орташадан жоғары жандарға арналған деп жазылған.

ЗИЯНДЫ ӘСЕРІ ТУРАЛЫ

Осы аптада Алматы қаласында өткен соңғы қоғамдық тыңдауда таныстырылған жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатында табиғатқа келтірілген зиянның орны 10-20 жылдан кейін қалпына келеді деп көрсетілген. Екі томдық
«Қазэкология» компаниясы басшысы Амангелді Ысқақов. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
«Қазэкология» компаниясы басшысы Амангелді Ысқақов. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
бағалау сараптамасын әзірлеген «Қазэкология» компаниясы өкілдерінің айтуынша, шатқал табиғатына әсіресе құрылыс жұмыстары кезінде көп зиян келуі мүмкін.

Профессор Амангелді Ысқақов «тау шаңғысы курорты - кен орны, зауыт немесе атом электр станциясы емес, табиғи ресурстарды пайдалану ғана» деген уәж айтады.

Оның әріптесі, география ғылымдары кандидаты Николай Попов: «Жайылған мал тұяғы таптап тастаған Көкжайлау шатқалы өрттен, туристерден онсыз да көп зиян шеккен. Ал шаңғы жолын салу үшін кесілетін 5 мың ағаштың 90 пайызы - жасанды көшеттер, оның орнына 50 мың ағаш егіледі» дейді.

Ал профессор Борис Степанов курорт жобасын сынайды. Оның айтуынша,
Профессор Борис Степанов. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Профессор Борис Степанов. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалаған құжатта сел-тасқын, көшкін түсу қауіптері дұрыс есептелмеген.

Өткен жылдар мен ғасырлар деректеріне қарағанда, тау шаңғысы курортын салу жобаланған аймақтағы өзен алқабында қоршаған ортаға әсерін бағалаған мамандар көрсеткеннен көп тасқын болған. Кіші және Үлкен Алматы өзендері бастау алатын тұстағы жерасты және жерүсті көлдерінен келетін қауіп ескерілмеген. Таудан құлаған су тасқыны курортқа баратын көліктерді басып қалуы мүмкін.

Бұл пікірдің әділ екенін мойындаған профессор Амангелді Ысқақов сын-ескертпелердің ескерілетінін айтты.

«МАЙКА» КИГЕНДЕР

Азаматтық белсенді Мэлс Елеусізов бастаған тау шаңғысы курорты жобасына қарсы топ қоғамдық тыңдауларды «жобаға қатысты сын-ескертпелер еленбей өткізілген заңсыз тыңдаулар» деп атайды. Олардың мәлімдеуінше, техникалық-экономикалық негіздеменің толық нұсқасын көрсетпегендіктен, жобаның экономикалық тиімділігін бағалау қиын.

Тау шаңғысы курортына қарсы белсенділер «қоршаған ортаға қатысты мәселелерді шешуге жұртшылықтың қатысуы, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс деген Орхус конвенциясы талаптары бұзылған» деп, Орхус комитетіне жолдаған шағымына қатысты талқылауды күтіп отыр.
Даулы жобаны жақтайтындар «Мен Көкжайлауды қолдаймын» деген жазуы бар майка киіп тұр. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Даулы жобаны жақтайтындар «Мен Көкжайлауды қолдаймын» деген жазуы бар майка киіп тұр. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Қоғамдық тыңдауға көбінесе тау шаңғысы курорты жақтастары қатысты. Тыңдау өткен залға шыршаның суреті бейнеленген және «Мен Көкжайлауды қолдаймын» деген жазуы бар майка киген қолдаушылардың бір тобы келді. Көбі – жергілікті жоғары оқу орындары, колледж студенттері мен волонтерлік корпус мүшелері.

«Көкжайлауды қорғайық» қозғалысының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында белсенді Әнел Айбасованың хабарлауынша, қолдаушылар тобының «статист» болғысы келмеген кейбір қыз-жігіттері майкаларын шешіп, қоқысқа тастап, өздері қоғамдық тыңдаудан кетіп қалған.

Ал Көкжайлау жобасының жақтастары «бұл - оппоненттеріміздің ойдан шығарғаны» деп бірден өз болжамын жариялады. Тағы бір белсендінің жазуынша, «студенттер қудалауға ұшырамасын» деген оймен кетіп қалған әлгі өжет қыз-жігіттердің фотосуреттерін жарияламауды ұйғарған.

ДАУҒА МҮГЕДЕКТЕР АРАЛАСТЫ

Тау шаңғысы курорты жобасына қатысты көзқарасын өзгерткендер де бар. Мысалы, әуелі құрылысқа қарсы болған Қазақстан туристік қауымдастығы президенті Роза Асанбаева кейін пікірін өзгертіп, жобаның бір бөлігін әзірлеуге қатысқан.

Алматы қаласы мүгедектер қоғамы төрағасы Әли Аманбаев та - жобаға қарсы болғандардың бірі. Оның айтуынша, Австрия, Германия, Жапонияның тау шаңғысы курорттарында болған, бірақ Іле Алатауы ұлттық табиғи бағы мен Көкжайлау шатқалында бір рет те болмаған. Мұның бір себебі – ол жаққа арбамен жүретін мүгедектер жете алмайды. Оның айтуынша, жердің картасын көрген соң жобаға деген көзқарасы өзгерген.

Ал 1-топ мүгедегі, мүгедектік алған сегіз жылда Шымбұлаққа бес рет шыққан Баяхмет Жақсыбаев «Арбамен жүретін мүгедекке тау шаңғысы спортының керегі не?» деген сұрақ қояды.

«Арбамен 20 метрден артық алысқа ұзай алмайсың. Бес минут отырып едім, құлағым үсіп, төменге түстім. Ал мына қоғамдық тыңдауға трамплиннен секіруге арналған мүгедектер арбасының презентациясы болады деп алдап шақырды» дейді ол үшінші қоғамдық тыңдау кезінде.

Баяхмет Жақсыбаев Facebook желісіндегі парақшасында «Алматыдағы мүгедектер қоғамы әкімдік жағында, курорт құрылысын толық қолдайды деген желеумен мүгедектерді неге алдап шақырады? Бұлары – өтірік, жобаны мүгедектер қоғамы төрағасы ғана қолдайды. Егер мұндай презентация
Алматы мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев. 5 мамыр 2014 жыл.
Алматы мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев. 5 мамыр 2014 жыл.
болатынын білсем, Көкжайлауды қорғаушылардың майкасын киіп келіп, қаланы қорғар едім» деп жазады.

Мүгедектер қоғамы төрағасы Әли Аманбаев Facebook-те: «Баяхмет бір мүгедек досының алдағанына сеніп қалып, қалжыңды түсінбеген» деп бұл ыңғайсыздықты жуып-шаюға тырысқан.

Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасын қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатына ескертпелер мен толықтыру енгізуге үш аптаға жуық уақыт қалды. Бұдан кейін жобаны мемлекеттік сараптамаға жібереді. Егер мемлекеттің сараптама мақұлдаса, құрылыс жұмыстары биыл жазда басталады.
XS
SM
MD
LG