Accessibility links

Алматыда жас қарилар байқауы басталды


Жас қарилардың республикалық байқауына жиналғандар. Алматы, 26 қазан, 2013 жыл.

Жас қарилардың республикалық байқауына жиналғандар. Алматы, 26 қазан, 2013 жыл.

26 қазанда Алматының орталық мешітінде құран оқудан 5-республикалық жарыс басталды. Оған Қазақстанның әр түкпірінен 80 жас қари қатысып жатыр.

Жас қарилар республикалық байқауының алғашқы күні үміткерлер құранды мәнерлеп оқу, 5 параны жатқа оқу, 10 параны жатқа оқу бойынша білімдерін ортаға салды. Сайыстың екінші күні олар құранды жатқа оқудан сынға түспек.

Осымен бесінші рет өткізіліп жатқан сайысқа қатысушылардың ең жасы – Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Абдурайым Ариұлы.

11 жасар Абдурайым Ари - байқаудың ең жас қатысушысы. Алматы, 26 қазан 2013 жыл.

11 жасар Абдурайым Ари - байқаудың ең жас қатысушысы. Алматы, 26 қазан 2013 жыл.

– Жасым 11-де. Құран жаттағаныма екі жыл болды. Биыл бірінші рет қатысып тұрмын, - деді ол Азаттыққа.

Абдурайым республикалық байқауға облыста өткен жарыс жеңімпазы ретінде келіп отыр. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының (ҚМДБ) баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, аймақтардағы іріктеу турлары аудандық және облыстық деңгейде – екі кезең бойынша өткен.

– Іріктеу турларына бас-аяғы 600 жас қари қатысқан болатын. Бүгін солардан үздік шыққан 80-ге жуық жүлдегер Алматы қаласының орталық мешітіне жиналды. Байқау шарты бойынша, оған қатысатындардың жасы 25-тен аспауы керек, - деді баспасөз хатшысы.

Алматыдағы жас қарилар байқауынан түсірілген видео:



Жас қарилардың құран оқу жарысы әуелгіде тамыз айының 21-23 күндері аралығында өтеді деп хабарланған еді. Бірақ кейін оның мерзімі шегерілді. Оның себебін сұраған Азаттық тілшісіне ҚМДБ баспасөз хатшысы «белгілі бір себептерге байланысты» деген жауаппен ғана шектелді.

Сонымен бірге Ағабек Қонарбайұлы құран оқу байқауының жеңімпаздарына берілетін қаржы көлемі «өте ірі» екенін, бірақ «шараның соңғы күніне дейін ол құпия болатынын» айтты.

Үш күнге жалғасатын жас қарилар республикалық байқауының қортындысы 28 қазанда шығарылады.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG