Accessibility links

Құрбандық арнайы орында шалынбақ


Құрбан малын ұстаған адам.
Құрбан малын ұстаған адам.

Астана мен Алматының құрбан малын соятын орындары белгілі болды. Ал әкімшілік мақұлдамаған жерде құрбан шалған адамдар айыппұл төлейді.

Алматы тұрғыны Жомарт Амантайұлы жылда құрбандық шалатынын айта келіп, бірақ биыл «мешіт құрбандыққа арналған орындарға ғана мал сою керек екенін ескертті» дейді.

– Мен жылда базар маңында немесе үйіміздің ауласында соятынмын. Үйіміз көпқабатты болғандықтан ыңғайсыз – көршілер бар, аулада балалар жүгіріп жүреді дегендей. Арнайы орындар белгілегені жөн болды. Енді сол орындар барлығымызға жетіп, дұрыс өтсе болды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

ЗАҢ ТАЛАБЫ

Алматыдағы «Сұлтанқорған» мешітінің бас имамы Нұржан Таласұлы Азаттыққа құрбан айтқа арнап мал соятын орындарды дайындап жатқанын айтты.

– Толық біте қойған жоқпыз, бөлек орын қоршауға алынып, сол жерде құрбан шалынады. Малдың ластығы канализациямен ағып кетеді, ал ішек-қарын және басқа бөліктеріне арнайы контейнерлер әкеліп қойдық. Ол утилизация етіледі, – деді бас имам.

Оның сөзінше, бұл мешітте жыл сайын құрбан айт кезінде шамамен 30-35 қой сойылады. Бас имамның айтуынша, мешітте сойылған қойдың еті түгелімен жарымжан адамдар қоғамына, жағдайы нашар отбасыларға таратылады.

Бұрынғы "Нұр-Мүбарак", қазіргі "Нұр" университеті ауласындағы мешіт. Алматы.
Бұрынғы "Нұр-Мүбарак", қазіргі "Нұр" университеті ауласындағы мешіт. Алматы.
– Әдетте мешітке ірі қара алып келмейді. Оны бірнеше адам жиналып, жер үйлердің ауласында шалып жатады, – дейді имам Нұржан Таласұлы.

Қазақстанда 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы бойынша, құрбан шалу сияқты діни жоралардың «ғибадат үйлерінде және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда үйлерде, қажетті жағдайда қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жасалатыны» жазылған.

Осы заң негізінде биыл ірі қалалардың әкімдіктері құрбандық шалуға болатын арнайы орындарды (мешіт, не қасапхана) белгіледі. Алматы қаласының құрбандық шалуға рұқсат етілген жерлер тізімін мына сілтеме арқылы, Астана қаласындағы орындар тізімін мына жерден көруге болады.

Рұқсат етілмеген жерде құрбандық шалса, әкімшілік кодекстің 375-бабы негізінде жеке адамдарға 50 айлық есептік көрсеткіш (86 мың теңге), ал лауазым иелері мен басшыларға 100 айлық есептік көрсеткіш (173 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.
XS
SM
MD
LG