Accessibility links

Үш баласын интернатқа берген отбасы


Маргарита Фазлиеваның кенжесі Тимофей.
Маргарита Фазлиеваның кенжесі Тимофей.

Алматы қаласында көпбалалы отбасы тұрмысқа жайсыз әрі жартылай қираған үйде тұрып жатыр. Сондықтан билік үйдің кіші үш баласын интернатқа орналастырған. Балалардың анасы «бұдан өзге амалым жоқ сияқты» деп қамығады.

Алматының 45 жастағы тумасы Маргарита Фазлиева мен күйеуі тұратын үй жұмсарта айтқанда, өте жұпыны көрінеді. Фазлиеваның айтуынша, екі бөлмелі жартылай қираған ескі үйдің жоспары тіпті қала құжаттарында да жоқ. Туған қаласындағы баспанасынан айырылған көп балалы ана жылдар бойы пәтер жалдап тұрған. Ақыры қала билігі уақытша баспана тауып беріп, «үй тұрмысқа жайсыз» деген уәжбен мектеп жасындағы үш баласын интернатқа орналастырған.

Көпбалалы ананың тағдыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:07 0:00
Жүктеп алу

КРИТЕРИЙ - ШҰЖЫҚ

Маргарита Фазлиеваның отбасында барлығы сегіз бала бар. Қала сыртында үй жалдап тұратын 25 жастағы үлкен ұлы Андрей үйленген, кафеде жұмыс істейді. 23 жастағы қызы Анжела ауруханада жұмыс істейді. 18 жастағы Моника мен 17 жастағы Виолетта кешкі мектептің 9, 11 сыныбында оқиды әрі жұмыс істейді. Үш қызы Маргарита Фазлиевамен бірге тұрады. Алматының №10 мектеп-интернатында тұратын қалған үшеуі – Изольда 7 сыныпта, Богдан 5 сыныпта, Эвелина 3 сыныпта оқиды. Үйдің кішісі - төрт жастағы Тимофей әке-шешесімен қалған.

- Үш баламды интернатқа 2013 жылы алып кетті. Үйге иықтарында погондары бар 20 жастағы қыздар келіп, "Үйіңізде шұжық неге жоқ?" дейді. Өйткені шұжық жемейміз, көже, печеньемен қоректенеміз. Меніңше, шұжық баланың өз үйінде тұруын не тұрмауын шешетін критерий емес. Мен мүлде өзге критерийлерге сүйенемін. Қала билігі мені балаларыма дұрыс жағдай жасай алмайды деп санайды. Сондықтан балаларымды интернатқа беруге мәжбүр болдым, - дейді Маргарита Фазлиева Азаттыққа.

Көп балалы әйел «баспана проблемасынан әлі қиналып келеміз» дейді. Маргарита кішкентай кезінде ата-әжесінің қолында тұрған, екеуі қайтыс болғаннан кейін туыс апайы үйді сатып, Санкт-Петербург қаласына көшіп кеткен. Маргарита туыстарынан қарызға аздаған ақша алып, барак типтес баспана сатып алады. Бірақ қарызын қайтара алмай қайта сатуға тура келген. Кішкентай балалары бар әйелдің үлкен қаладағы сергелдеңі осылай басталған.

- Подъезд, жертөлелерде, жазда ашық аспан астында, вагондарда талай түнедік. Пәтер жалдай алмай, таңғы төртке дейін далада тұрған күніміз болды, - дейді ол.

​ - Өзім Алматы қаласында туып-өстім, сегіз баламды осы қаланың перзентханаларында босандым. Бала-шағам адам сияқты жағдайда тұрса екен деп жанталасып келемін. Алматы қаласы әкімдігі бізге тіркеу құқығынсыз уақытша баспана берді, - дейді Маргарита Фазлиева Азаттыққа.

Маргарита Фазлиеваның айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталығының дерекқорында жоқ болғандықтан, бұл үйге тіркеуге тұра алмайды.

- Мына пәтер не түбіртекте, не дерекқорда жоқ, коммуналдық төлемнің түбіртегі өзге біреудің атына келеді. Өйткені жекешелендіру жүргізілген кезде мына үй есептен шығып қалған. Терезе жақтаулары шіріп, қаусап тұр, еденнің тақтайы сықырлайды, есіктер жабылмайды. Бірақ мұның бәрі жөнделетін дүниелер ғой. Егер тұруға заңды құқығың болса, көзді жұмып, үйді біртіндеп жөндеп алуға болар еді, - дейді Маргарита Фазлиева.

Осы отбасы туралы фотогалерея:

Тіркеуде жоқ болғандықтан, Маргарита Фазлиева өзі жөні түзу жұмысқа тұра алмай, ал балаларын емханаға тіркетіп, балабақшаға орналастыра алмай жүр әрі мемлекет есебінен төленетін әлеуметтік жәрдемақыдан қағылған.

Қазір әйелдің қолында тіркеуге тұру үшін Алматы қаласы тұрғын үй департаменті рұқсат беретін жалғыз құжат қана бар. Бірақ оның айтуынша, әлгі қағазбен балаларға арналған жәрдемақы алу мүмкін емес.

- Мен ғана емес, балаларым да бүкіл көмектен қағылып отырмыз. Баспана кезегіне тұру құқымды дәлелдеп, қаншама жыл жүгірдім, үнемі күткізіп қоятын. Қазір баспана кезегінде бәленбай мыңыншы болып тұрмын, ол келгенше көп жыл күтетін шығармын деп уайымдаймын, - дейді Маргарита Фазлиева.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы қамқоршылық және қорғаншылық органы маманы Зағира Атамқұлова Маргарита Фазлиеваның отбасы жуырда ғана тіркелгенін, ал бұрын басқа ауданда тұрғанын айтады. Атамқұлованың айтуынша, 2012 жылы №10 мектеп-интернатқа үш баласын Маргарита Фазлиеваның өзі берген. Зағира Атамқұлова бұл отбасында тұратын әр жанды жақсы біледі.

- Ол Алмалы ауданынан бізге жуырда ғана келді. Менің білуімше, оның балаларын ешкім күшпен тартып алмаған, мектеп-интернатқа оларды өз еркімен өткізген. Учаскелік полицей, мектеп педагог-психологы және ішінде мен комиссия құрып, үйіне барғанбыз. Ол үйде шынымен тұру мүмкін емес. Ол әйел мемлекет көмектессін деп жүр, бірақ ондайлар көп. Мемлекет үш баласын күніне төрт мезгіл тамақ ішетін интернатқа орналастырып, оған онсыз да көмектесіп жатыр, - дейді Зағира Атамқұлова.

Маргарита Фазлиеваның отбасындағы қиындықтан Алматы қаласындағы №10 мектеп-интернаттың тәрбие жөніндегі меңгерушісі Раиса Досымбаева да хабардар екен. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен ол жұмысбастылығын айтып, комментарий беруден бас тартты. Мектеп-интернаттың тәрбие жөніндегі меңгерушісі «Бұл отбасыдан әбден ығыр болдым, бірақ оларға қарайласқыңыз келсе, сізге көмектесейін» деп қысқа қайырды.

ҮМІТ ПЕН АРМАН

Маргарита балалар үйінен бөтен баланы алып тәрбиелеуді армандайды, бірақ қазіргі қиын жағдайы оған мүмкіндік бермейді. Мектеп жасындағы Изольда, Богдан мен Эвелина мереке күндері мен каникулды үйде өткізеді, әке-шешесі оларды интернатқа дүйсенбіде апарып тастайды да, жұма күні алып кетеді.

Маргаританың бірінші күйеуі жұмыста көзінен жарақат алып, жанарынан айырылған мүгедек болған. Екеуі кейін ажырасып кеткен. Екінші күйеуі – Тимофейдің әкесі көлік жөндеумен айналысады.

- Сегіз бала туғаным үшін (көп балалы аналарға берілетін «Алтын алқа») мемлекеттен 13 мың теңге жәрдемақы ғана аламын. 13 мың теңгеге не кітап, не жөні түзу тамақ сатып алу мүмкін емес, - дейді Маргарита.

Көп балалы әйел кез-келген жұмысқа арланбай кірісіп кетеді: науқас, мүгедек жандар мен қарттарға күтуші болып жалданады, терезе, подъезд жуады, хайуанаттар базарында тұрып ит-мысық сатады, үйінде массаж жасайды. Кезінде Маргарита әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде журналист факультетінде оқыған. Бірақ «балалы бола бастағаннан кейін» оқуын бітіре алмағанын айтады.

- Әбден тығырыққа тірелдім. Тиісті органдар мұң-зарыма құлақ асу үшін не істеу керек - білмеймін. Интернаттағы балаларымды, сосын балалар үйіндегі жетілмей қалған бір баланы алсам деп армандаймын. Оған жетімдер үйінен гөрі менің жанымда жақсы болады. Балаларым шетінен сүйкімді, дендері сау, ал науқас баланы не үшін алғым келетінін түсіндіре алмаймын. Әйтеуір оған жүрегім бұрып тұрады. Жұрт азық-түлік, дәрі-дәрмек әкеліп көмектеседі. «Мұнша бала неге таптың?» деп жазғыратындар көп. Арақ ішпеймін, темекі шекпеймін, маскүнем немесе нашақорлар сияқты әлеуметтік қауіпті адамдар емеспіз, - дейді Маргарита Фазлиева.

Қазір Маргарита отбасыларға бала бөлумен айналысатын ерікті ретінде жұмыс істеп жүр. Балалары сабақты жақсы оқиды, спортпен шұғылданады. Бір қызы шана спортынан Қазақстан құрамасында жарыстарға қатысады, екіншісі бокспен айналысады. Маргарита Фазлиева интернатта тұратын балаларын сағынатынын, оларды қанша жайсыз болса да өз үйіне қайтарғысы келетінін айтады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG