Accessibility links

«Баянауыл» базарында жұмыс істейтіндерге қарсы қару мен арнайы техника қолданылған


Адам құқығы бойынша хартия қоғамдық қорының мәліметтеріне қарағанда, шілденің 3-і күні "Баянауыл" автобазарын жабу бойынша Алматы қалалық әкімшілігінің жүргізген арнаулы операциясы кезінде 19 адам жарақат алып, 1 адам үш күннен соң жүрегі ауырып қайтыс болған. Бейбіт адамдарға қарсы күш қолдану - адам құқығының бұзылуы деп мәлімдеді дүйсенбі күні Адам құқығы бойынша хартия қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова.

Жасы 60-қа келіп қалған Гүлшат БАЙЖАНОВА 9 жыл бойы «Баянауыл» базарында автокөлік бөлшектерімен айналысып келген. Енді бүгін маңдай терімізді төккен жерімізден күштеп шығаруы заңсыз деп есептейді саудагер:

- Алғаш осы базарда төбемізде шатыр да жоқ, дала сауда жасап бастағанбыз. Енді базар көтерілгенде оны бізден тартып алып, бізді ит сияқты далаға лақтырып жатыр. Біз адам емеспіз бе? Ал олар болса, қыздарды ұрып соқты. Көрдіңіз бе, міне, қалай соққанын?! Мен соны көріп жылап жібердім. Жүрегім ұстап, жедел жәрдем шақырттық. Мен осындай жағдай Қазақстанда болады деп ойламаппын. Қатты түңіліп кеттім.

Базар қызметкерлерінің айтуынша, шілденің 3-і күні арнаулы резеңке шоқпар, 12 мың вольттік электрошокпен жасанған мың жарым арнаулы топ қызметкері, қаланың 300 полиция қызметкері, Алматы қалалық әкімшілігінің 30 қызметкері, 30 сот орындаушысы күшпен базарды жабуға тырысқан. Сол кезде әйелдерге арнаулы құралдар мен әдістер қолдануға тиым салатын «Ішкі істер органдары туралы» заңның 4-ші бабына қарамастан жүздеген әйелге күш көрсетілді, соның ішінде мен де соққыға жығылдым деп көкала дақтар түскен қолдарын көрсетті «Баянауыл» базарының сатушысы Рашида ШАЯХМЕТҚЫЗЫ:

- Үсті-басымыз көкпеңбек. Көкала қойдай сабап кетті. Олар электрошокты да пайдаланды ғой деймін. Әлі есімізді жинай алмай жүрміз. Біз қалайда осы базардан кетпейміз. Өлсек, осында өлеміз. Өйткені, балаларым, ауру шешем, пәтеріме төлейтін несием бар. Осындағылардың 99 пайызының мойнында қарыз, несие бар. Несие алып, осы базарға сеніп, бизнес ашып едік. Екі несие алған бір кісі ана жолғы оқиғадан кейін жүрегі ұстап, қайтыс болып кетті.

Шарбан Сейдахметқызы да өзіне полиция қызметкерлері күш көрсеткенін айтады. Оның ойынша, базардың жанына салынған жалға алу құны қымбат «Car citi» базараның қожайындары Алматы әкімшілігі арқылы әрекет етіп отыр:

- Бәрін сол «Car citi» ұйымдастырып отыр. Әйтпесе, бұған дейін тып-тыныш базармыз жұмыс жасап тұрған. Біз оған бәріміз ауыса алмаймыз. Өйткені, оның құны қымбат әрі 700 адамға ғана орын бар. Ал біздің базарда 3 мың адам істейді.

Алматы қалалық әкімшілігінің базарды жабу бойынша жүргізген операциясы кезінде бейбіт адамдарға қарсы күш қолданылды. Бұл – адам құқығын аяққа таптау деп есептейді Адам құқығы үшін хартия қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова:

- 19 адам кіші және орта деңгейдегі жарақат алған. Бір адам 3 күн өткен соң қайтыс болып кеткен. Адамдарға қарсы арнаулы құралдар қолдану ешбір заңда жоқ. Әйелдер мен жасөспірімдерге қарсы электрошокер, резеңке шоқпарлар қолдану ешбір заңда жоқ. Сондықтан, бұл мәселе үкіметте, Бас прокуратурада қаралуы тиіс. Ал жергілікті әкімшілік полицейлерді өздерінің мәселелерін шешуге пайдаланбауы тиіс.

Бұл оқиға бойынша Алматы қалалық әкімшілігіне хабарласқанымызда баспасөз қызметі қалалық Жер ресурстары комитетіне хабарласуымызды өтінсе, Жер ресурстары бойынша комитеттің баспасөз хатшысы бұл мәселемен таныс еместігін жеткізді:

- Бұл жерде қандай жер мәселесі бар екенін білмеймін. Менің білуімше, ол жерде санитарлық талаптар сақталмаған. Соған сәйкес сот шешімі шығып, сол бойынша әрекет жасалған.

Ал Қазақстанның кәсіпкерлер мен жекеменшік иелерінің құқығын қорғау одағы, адам құқығы бойынша хартия қоры, Қазақстанның базарлар қауымдастығы, «Баянауыл» базарының кәсіподағы автобазарда бейбіт сатушыларға қару, арнаулы техника қолдану фактісі бойынша мұқият тергеу жұмысын жүргізуді сұрап, Қазақстан президентіне, үкіметке, Бас прокуратураға хат жолдады. Сонымен бірге олар қала әкімшілігінің әрекеттерін заңсыз деп тауып, кінәлілердің жазалуын сұрайды.
XS
SM
MD
LG