Accessibility links

Сатушылар базарды сүргізбей қойды


Трактор "Баянауыл" базарының шеткі жағын қиратып жатыр. Алматы, 9 қаңтар 2015 жыл.
Трактор "Баянауыл" базарының шеткі жағын қиратып жатыр. Алматы, 9 қаңтар 2015 жыл.

Алматыдағы көлік бөлшектерін сататын «Баянауылдың» саудагерлері базарды күреуге келген тракторды қайтарып жіберді. Ал әкімшілік өкілі саудагерлердің базардан бір аптада кететінін айтады.

Қаңтардың 9-ы күні таңғы сағат 11-лер шамасында Алматы қаласының батыс жағындағы автокөлік қосалқы бөлшектерін сататын «Баянауыл» базарының бір шеті қиратыла бастады. Базарды бұзатын тракторды аты-жөндерін айтпаған бірнеше азамат ертіп келіп, тракторшыға бұйрық беріп тұрды. Бірақ базардағы саудагерлер трактордың жолын кес-кестеп, сауда орындарын бұзғызбай қойды. Базарды қирата алмаған трактор біраздан кейін кетіп қалды.

«ДӘЛ БҮГІН СҮРІЛЕТІНІН ЕШКІМ АЙТҚАН ЖОҚ»

Баянауыл» базарында сауда жасап отырған азаматтар «базардың сүрілетінін ешкім ертерек хабарламағанын» айтып наразы болды.

– Қаңтардың 6-сы күні таңғы 10-дар шамасында сот орындаушылар мен әкімшілік қызметкерлері келіп, базардың үш күннен соң, яғни қаңтардың 9-ынан бастап сүрілетінін айтты. Содан бері қарапайым халық тығырыққа тіреліп тұр, – дейді өзін Нұржамал Абдуллина деп таныстырған кәсіпкер.

Оның сөзін әріптесі, «Баянауыл» базарында 14 жылдан бері сауда істеп келе жатқанынын айтқан Бақытгүл де қостады.

– Ел ішінде алып-қашпа сөздер болды ғой. Бірақ базардың дәл бүгіннен бастап сүрілетінін ешкім айтқан жоқ, – дейді ол.

Басқа кәсіпкерлер: «Бүгін таңертең Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаевтың өзі келіп, базарды толық босатуға бір апта уақыт берді емес пе?!» деп наразы болды.

Саудагерлердің бірі өздерін басқа базарлар шақырып жатқанын, бірақ ол жаққа көшуге біраз уақыт кететінін айтты.

– Оған қоса клиент жинау қаншама уақыт керек. Осындағы жүргендердің негізгі бөлігі кредитпен отыр. Ал клиент жинап, бір қалыпқа келгенге дейін кем дегенде үш ай уақыт керек, – дейді аты-жөнін айтуды қаламаған азамат.

Кәсіпкерлер «базардың орнына мектеп пен балабақша салынатынын аудан әкімі айтқанын» сөз етісті.

ВИДЕО: «Баянауыл» базары саудагерлерінің наразылығы

«Баянауыл» базары дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

«БАЗАРДАН КЕТУГЕ БІР АПТА УАҚЫТ БЕРІЛДІ»

«Баянауыл» базарын бұзуға трактор әкеліп, тракторшыға бұйрық беріп тұрған, аты-жөндерін айтудан бас тартқан азаматтардың бірі бұл әрекеттері заңды екенін хабарлады.

– Базарды сүру жайлы сот шешімі 2013 жылы шығып қойған. Шешімге шағым түсіргендер болды, бірақ өз күшінде қалды, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі базардың неге сүрілетінін және бұл маңға қандай құрылыс салынатынын білмекке «Баянауыл» орналасқан аумақтың – Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімшілігіне хабарласты. Бірақ әкімшілікті кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бастығы Айдын Анарбекұлынан жауап алу мүмкін болмады. Әкімшіліктің «бастық беруі тиіс ақпаратты айтқандықтан аты-жөнімді жарияламаңыз» деген қызметкері «Баянауыл» базарының жайынан хабардар екенін мәлімдеді.

– Базардың негізгі аумағы 5 мың гектарға жуық. Ол жерде шамамен 15 мыңдай адам жұмыс істейді. Төрт күннен кейін базарға су берілу тоқтатылып, жарық өшіріледі. Саудагерлерге базардан кетуге бір апта уақыт берілді, – деді базарды сүру себебін айтқысы келмеген Әуезов ауданы әкімшілігі қызметкері.

«Баянауыл» базарын жабу әрекеті бұған дейін 2005 жылы болған еді. Ол кезде «базардағы қоғамдық тамақтану орындарында ереже бұзылғаны» сауда орнын жабуға себеп ретінде айтылған. «Қаскелеңдегі жаңа базарға көшуге мәжбүр етуге мүдделі біреулер «Баянауылды» жабуға тырысып жатыр» деген саудагерлер ол кезде де қарсылық танытып, бірнеше рет наразылық білдірген. Оған дейін автокөлік және көлік бөлшектерін сатып келген базар кейін тек қосалқы бөлшек сататын орын болып қалған.

Алматыдағы соңғы бірнеше жылда базар сүру оқиғасына байланысты жеке кәсіпкерлер наразылықтары жиіледі. Қала билігі 2012 жылы ел аузында «Барахолка» атанып кеткен базарлар аймағының жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары «тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылығы үшін жабылатынын» ескерткен соң бұл дау тіпті үдеген. 2013 жылдың соңынан бастап ол төңіректегі бірнеше базар өртеніп, ақыры базардың шеткі қатарлары күреліп, кәсіпкерлер басқа базарларға кете бастаған.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің сөзінше, қалада тағы 14 базар сүрілмек. «2009 жылы басталған қала базарларын модернизациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 16 заңсыз базар сүрілді, қазір тағы 14 базардың жерін алу процесі жүріп жатыр. Олардың орнына сауда-транспорттық дәліздер салынады» деді әкім 2014 жылы 19 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында.

XS
SM
MD
LG