Accessibility links

Кәдесыйды өтімді тауарға жатқызады


Алматы базарында саудаға қойылған ұлттық қолөнер бұйымдары. 16 маусым 2016 жыл.
Алматы базарында саудаға қойылған ұлттық қолөнер бұйымдары. 16 маусым 2016 жыл.

Алматының сауда орындарында жүздеген теңгеден бірнеше мың долларға дейін бағадағы кәдесыйларды кезіктіресіз. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарға қырғызстандық өнімдер бәсеке құрап отыр.

САПА МЕН БАҒА АЛШАҚТЫҒЫ

Алматының орталығындағы «Көк базарға» ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын іздеп келген Бақытгүл Қуанышова өзіне ұнаған затты кездестіргенімен, бағасын қымбатсынғанын айтады.

– Маған ұлттық ою-өрнегі бар заттар ұнайды. Киіз үй пішініндегі кәдесыйдың бірнешеуін сыйлыққа деп сатып алғым келген, бірақ бағасы қымбат екен. Басқа жерден дәл осыған ұқсас, бағасы арзанырақ қырғызстандық өнімді көрдім, – дейді Бақытгүл.

Киізден дайындалған киіз үй пішініндегі кәдесыйлар. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.
Киізден дайындалған киіз үй пішініндегі кәдесыйлар. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.

Алматыдағы сауда үйлері, базарлар мен дүкендердің көпшілігінен кәдесыйдың ағаштан, теріден, сүйектен, асыл тастар мен бағалы металдан және басқа материалдардан жасалған сан алуан түрін сататын бөлімдерді кездестіруге болады. Олар ұсынатын тауарлардың бағасы да әртүрлі.

«Әдемі-ай» ұлттық кәдесыйлар дүкенінде сатылатын тауарлардың сапасы мен бағасы базарда сатылып жатқан бұйымдардыкінен өзгеше екені бірден байқалады. Дүкен менеджері Айзат Нұрахметованың түсіндіруінше, жергілікті шеберлер қолынан шыққан бұйымдар тапсырыспен шекті мөлшерде жасалатындықтан бағасы да қымбат болады.

– Біздегі тауарлар санаулы данамен ғана шығады, оның үстіне шикізатты Қытай, Түркия, Италия сияқты шетелдерден алдырамыз. Сондықтан, мәселен, теріден, қоладан жасалған бұйымдарымыздың бағасы 2 мың доллардан басталады. Ал қазақы нақышта тігілген қамзол бағасы орташа есеппен 60 мың теңге тұрады, – дейді ол.

Ұлттық нақыштағы кәдесый бұйымдары сатылатын бөлімде тауар қарап тұрған қыздар. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.
Ұлттық нақыштағы кәдесый бұйымдары сатылатын бөлімде тауар қарап тұрған қыздар. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.

Алматы базарларында саудамен айналысатындар ұлттық нақыштағы кәдесыйларды сұранысқа ие тауар түріне жатқызады. «Көк базарда» саудамен айналысатын Жайнагүл Сыдықбаева сатып отырған ұлттық бұйымдардың жартысы Қырғызстаннан әкелінген.

– Қырғызстаннан көбінесе киізден жасалған аяқ киім, қамзол, жұрт тойбастарға іздейтін кәдесый бұйымдарын аламыз, – дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, көбіне тұтынушы тауардың сапасынан гөрі бағасына мән береді.

– Негізінен той-томалаққа топтап сатып алатындықтан жұртқа арзан болғаны тиімді. Әрине, сапасы бұдан жоғары жергілікті өнімдер де бар, бірақ бірден көп данасын сатып алушылар бағасы арзанын іздейді, – дейді сатушы.

Ою-өрнек салынып тігілген ұлттық киім үлгілері. Алматының "Көк базары", 16 маусым 2016 жыл.
Ою-өрнек салынып тігілген ұлттық киім үлгілері. Алматының "Көк базары", 16 маусым 2016 жыл.

Жайнагүл өз сатып тұрған тауарлардың құнын салыстырмалы түрде айтып берді.

– Қырғызстанда тігілген қамзол бағасы орташа есеппен 8500 теңге болса, жергілікті шебер қолынан шыққан қамзол бағасы 35-45 мың теңге аралығында. Ал Қазақстанда жасалған киіз үй пішініндегі кәдесый 1500 теңге тұрса, қырғыздар жасаған сондай бұйымды 350 теңгеге сатып алуға болады, – дейді сатушы.

ЖЕКЕ ТІГІНШІЛЕР ӨНІМДЕРІ

Қызылордалық тігінші Меруерт Исаева Қырғызстаннан әкелінетін ұлттық нақыштағы бұйымдар – нарықта сұранысқа ие заттарды шығаратын жеке кәсіпкерлердің өнімдері екенін айтады.

– Қазір Қырғызстанда жасалған мұндай заттарды базарда көп кездестіруге болады. Оларды өзіміз тәрізді қарапайым тігіншілер үйлерінде немесе кішігірім тігін цехтарында дайындайды, қолданатын материалдары да біздікімен бірдей. Жұрт әлгіндей ұлттық бұйымдарды той-томалаққа деп жақсы алатындықтан, нарықта ұсыныс та болады ғой, – дейді ол.

Алматы базарындағы ұлттық киім сататын орындардың бірі. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.
Алматы базарындағы ұлттық киім сататын орындардың бірі. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.

Меруерт Исаеваның сөзінше, әркім өз бетінше шығаратын бұйымдардың сапасы да әртүрлі.

– Совет заманында мұндай бұйымдарды арнайы орындарда және белгіленген талапқа сай тігетін, әр сантиметріне дейін тексеріп қарайтын. Ал қазір кім қалай тігемін десе де өз еркі. Бұл бір жағынан ісмер тігіншілерге кәсібін кеңейтуге мүмкіндік ашса, екінші жағынан, сапасыз дүниелер де көп шығып жатыр, – дейді ол.

Алматыдағы «Арлан» базарында кәдесый сатумен айналысатын қырғызстандық кәсіпкер Н. (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) өзіндегідей тауарды Қырғызстанда негізінен жеке адамдар өндіретінін растайды.

– Қырғызстанда мұндай бұйымдарды дайындайтын тігін цехтары өте көп. Арнайы тапсырыс берсеңіз сұрағаныңыздай етіп тігіп береді, - дейді ол.

Ою-өрнек салынған ұлттық бұйымдарды ағаштан, теріден, киізден, былғарыдан, асыл тастар мен бағалы металдардан және өзге материалдардан дайындайды. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.
Ою-өрнек салынған ұлттық бұйымдарды ағаштан, теріден, киізден, былғарыдан, асыл тастар мен бағалы металдардан және өзге материалдардан дайындайды. Алматы, 16 маусым 2016 жыл.

Кәсіпкердің сөзінше, шағын цехтарда өндірілгенімен, тауар сапасы да қадағаланады.

– Тауар сапасын цех технологы тексереді. Әрбір бұйымға арнайы этикетка жапсырылады, тауар шекарадан өткенде солар арқылы тексереді, - дейді ол.

Кәсіпкер тапсырыс берген тауарды Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізумен айналысатын фирмалардың қызметін пайдаланатынын айтады.

XS
SM
MD
LG