Accessibility links

Алатаудың құлаған ағашын жинауға үш жыл керек


Алатаудағы құлаған ағаштар. Алматы 15 Маусым 2011 жыл.

Алатаудағы құлаған ағаштар. Алматы 15 Маусым 2011 жыл.

Алатау баурайын 17 мамыр күнгі дауылдан құлаған ағаштардан тазартуға кіріскен 350 жұмысшы ұзақты күн ашқұрсақ жүретіндерін айтып шағымданады.


– Құлаған ағаштардың аумағы 480 гектар жерді алып жатыр. Алдын ала есеп бойынша 97 000 текше метр ағаш түп-тамырымен қопарылып түскен, – дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі Түрген бөлімшесі бастығының орынбасары Иманәлі Сәрсенбаев.

ЕТЕККЕ ТҮСКЕНІ – 300 ТЕКШЕ МЕТР АҒАШ

Иманәлі Сәрсенбаев «бір ай ішінде құлаған ағаштарды толық тазалап шығуға тапсырма берілгенін», алайда өткен бір айдың ішінде істелінген жұмыс мардымсыз екенін айтады.

– Қазір тек қарағайларды бұтағынан айыру жұмыстарымен ғана айналысып жатырмыз. Етекке бар-жоғы 300 текше метр бөрене ғана
Ағаш аралап жатқан Кәміл. Алматы 15 Маусым 2011 жыл.

жеткізілді, – деген Иманәлі Сәрсенбаев техниканың жетіспейтіндігі қол байлау болып отырғанын айтады.

Тау баурайында төрт шынжыр табан трактор мен бір «КамАЗ» жүк көлігі және бір манипулятор ғана жүр.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығына қарасты табиғатты қорғау басқармасының бастығы Қайрат Жанғабылұлы:

– Қазірге дейін бар-жоғы 400 текше метр ағаш қана шығардық. Толық тазалау үшін үш жыл қажет. Үкіметтен 356 миллион теңге сұрағанбыз. Қаулы әлі шыққан жоқ, – дейді.

Табиғатты қорғау басқармасының бастығы сөзін «Жұмысшылар өз қаражаттарымен жұмыс істеп жатыр» деп аяқтады.

ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ТЕҢГЕЛІК «ТЕГІН» ОТЫН

Негізгі жұмыс күші Медеу мұз айдынынан Шымбұлаққа дейінгі аралыққа жұмылдырылған.

Қаланың шыға берісіндегі Бутаковка елді мекенінен Медеуге дейінгі жол бойында жекелеген шағын компания жұмысшылары мен қала ішін тазалау бөлімінің қызметкерлері жүр.

– Жұмыс істегенімізге бір ай болды, жартысына да жеткен жоқпыз. Ал тау ішін қай уақытта тазалап шықпақ?! – дейді Алматының маңындағы Шелектен келген Кәміл есімді азамат.

Өзін Шайзад деп таныстырған жігіттің жұмысқа келгеніне үш-төрт күн ғана болса керек.

– Бұл жұмысқа таныс арқылы кірдім. Бір бригада да үш адамбыз. Текше метріне 2 мың теңгеден келіскенбіз. Күніне 15 текше метрге
Ағаш аралап жатқан Шайзад. Алматы 15 Маусым 2011 жыл.

дейіндайындаймыз. Тек ағаштарды таситын трактор жоқ, – дейді Шайзад.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі Түрген бөлімшесі бастығының орынбасары Иманәлі Сәрсенбаев кесілген бұтақтарды орман шаруашылығының базасына түсіріп жатқандығын айтып, «Егер отындыққа аламын деп өз көлігімен келгендер болса тегін береміз» деді болатын. Оның айтуынша, бұтақтар күні ертең бәрібір өртеледі.

Бірақ жол бойындағы жұмысшылар бір «КамАЗ» отынның 20-25 мың теңге, ал көлемі одан кіші көлік болса, 10-15 мың теңге тұратындығын, ақшасын төлесе жеткізіп беретіндерін айтты.

– Бәрі де келісуіңе байланысты, – дейді олар.

СУҒА ПІСКЕН МАКАРОН

Азаттық радиосының тілшілері барған сәтте жұмысшылар түскі асқа келіп, демалып жатыр екен.

Өзін шартты түрде Иса деп атауын өтінген бір жұмысшы тамақтың нәрсіз екендігін айтты.

– Ас адамның арқауы ғой. Ауыр жұмыстан кейін жақсы тамақ ішкің келеді. Ал ішетін тамағымыздың түрі – суға піскен макарон. Міне, түскі асқа келгенімізге бір сағат болып қалды. Әлі ауқаттанған жоқпыз. Дайындалған тамақ жетпей қалды. Күтіп отырмыз, – дейді ол.

Жұмысшылар тамағының жартымсыз екенін Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі Түрген бөлімшесі бастығының орынбасары Иманәлі Сәрсенбаев де жоққа шығармады. Ол мұның себебін ақша бөлінбеуіне сүйеп, оған қатысты тағы біраз уайымын айтты.

– Қираған аумақты қалпына келтіру жұмыстарына 320 миллион теңге бөлінеді деген сөз бар. Оның 72 миллионы ағаштарды химиялық өңдеуге жіберіледі деген. Әзірге ешқандай ақша бөлінген жоқ. Оған қоса, қала әкімдігі бөренелерді сол күйінде қаланың екінші басына жеткізуге рұқсат етпей отыр. Ал шатқалдың іші тар. Ағаш тілу цехын орнату мүмкіншілігі жоқ. Егер әкімшілік ағаштарды бітеу күйінде қаланың ішінен өткізсе, кейбір мәселелерді шешіп алуға болар еді, – дейді Иманәлі Сәрсенбаев.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG